22:14 Риясыз рух | |
ЖЕК КӨРУ Жек көру – өзіндегі қорқыныш үшін әлсіздің кек алу тәсілі! Бернард Шоу Жек көру – адамдағы жақсы көру эмоциясына қарама-қарсы реакция. Бұл – бір нәрседен жиренуді, оны қабыл етпеуді және ұнатпауды білдіретін эмоциялық құбылыс. Жек көру – адамға әсер етуші сыртқы және ішкі факторлардан туындайтын проблемадан қашудың бір түрі. Адам өзіне пайда келтіріп және рахат сезімге бөлейтін нәрселерді жақсы көреді. Ал керісінше, пайдасыз әрі қиындық тудыратын нәрселерді ұнатпайды. Кейде көзқарасымен келіспейтін немесе қолдамайтын, өзінен қандай да бір ерекшелігімен жоғары тұрған, сондай-ақ, қызғанышы себепті жанына мазасыздық әкелетін басқа бір адамды жек көреді. Бұл жағдай Құранда дінсіздердің мүміндерді жек көруімен баяндалады. Құран дінсіздердің мүміндер қандай да бір қиындыққа душар болса, бөрігін аспанға атып қуанатын, ал қандай да бір жақсылыққа кенелсе, бұл олар үшін өте ауыр соққы екендігін баян еткен. «Егер сендер қандай да бір жақсылыққа кенелсеңдер, бұл олардың көңіліне қаяу түсіреді. Ал бастарыңа қандай да бір жамандық келсе, онда олар мәз болып, қуанады...» («Әли Имран» сүресі, 118-120-аяттар). Сүйіспеншілік пен махаббат – отбасылық өмірдің негізі екендігін білеміз. Бірақ кейде ерлі-зайыптылар арасында түсініспеушілік және келіспеушілік салдарынан бір-бірін жек көру орын алып жатады. Құран ерлі-зайыптылар арасында пайда болатын жек көрушілікке ишарат етеді. Отбасылық өмірдің сақталып, одан әрі жалғасын табуы үшін жек көрушілікті жеңуге шақырады. «Жұбайларыңмен жақсы қарым-қатынаста болыңдар. Егер оларды ұнатпай қалсаңдар, (сабырлық танытыңдар), қайдан білесіңдер, бәлкім, Алла сендер ұнапаған нәрсенің артын қайырлы қылып, көптеген жақсылықа ұластыруды қалайтын шығар» («Ниса» сүресі, 19-аят). Жек көру әсіресе агрессивті адамдардың табиғатына тән ерекшелік. Адамдағы жек көру деңгейі – оған баға берудің жақсы көрсеткіші. Жек көрудің асқынған түрі ашу-ыза арқылы көрініс тапса, жеңіл түрі сынау немесе мазақ ету, сыртынан күлу арқылы ортаға шығуы мүмкін. Мұндай эмоциялық ерекшелік бізге адамның тұлғалығы жайына көп нәрсені ұқтырады. Өйткені жек көру мен ашу-ыза және бұл мінездердің нәтижесі жеке адам мен қоғам арасында өшпес әрі жағымсыз із қалдырады. Жек көру әртүрлі бағытта болады. Ол адамның айналысатын әртүрлі іс-әрекетіне, жеке тұлға мен қандай да бір ұлтқа қарсы, сондай-ақ, әйелдің ерге немесе ердің әйелге деген қарым-қатынасында ортаға шығуы мүмкін. Менмендік тәрізді жек көрушілік те жеке тұлға мен қоғам арасында өзін ашық көрсетпеу тұрғысынан өте шебер. Ол тіпті өзгелерге үнемі сын көзбен қарау секілді мінезді бет перде етіп, соның артында жасырынуы мүмкін. Жек көрушілікті мынадан да байқауға болады; кейбір адамдар басқалармен қарым-қатынасқа түсу мүмкіндігін әдейі қолданбайды. яғни іштей жек көретін адамымен жолығуды қаламайды. Жек көру адам бойында бірте-бірте және белгілі бір жағдаяттарға байланысты пайда болғаны секілді, найзағайдың жарқылы сынды кейде күтпеген жерден туындауы да мүмкін. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |