22:32
Риясыз рух

ҚЫЗҒАНЫШ

Дүниеде ең мазасыз адам – жүрегінде қызғаныш пен кекшілдік сақтаған адам!

Имам Шафиғи

Қызғаныш – қызғанушы адамның өзін қаншалықты бақытсыз сезінетіндігін көрсетеді!

Сенека

Қызғаныш – басқаның қолындағы нығмет онда емес, менде ғана болса екен деген пасық пиғыл. Жеке адам үшін де, қоғам үшін де қауіпті болған жүрек дерті. Жер бетінде жасалған ең алғаш қылмыс та осы қызғаныш себепті орын алды. Қызғаныштың зияны өте ауыр болғандықтан, Алла Елшісі (с.а.с.) мұсылмандарды «бір-біріңді қызғанбаңдар...» деп қатты ескерткен болатын.

Асылында, қызғаныш дәнегі барлық адамның болмысында әу бастан бар. Алайда оның пайдалы немесе зиянды болуы адамның оны қалай қолданғандығына байланысты. Егер адам қызғаныш эмоциясын дұрыс қолдана білсе, бұл оның екі дүниесі үшін де пайда әкеледі. Ал дұрыс қолдана білмесе, психологиясы мен рухани жан-дүниесінің астаң-кестеңін шығарады.

Біреуді қызғанған адамның санасы ешқашан тыныштық таппайды. Қызғаныш себепті орын алған бойдағы тынышсыздық пен әбігерлік адамның денсаулығын да құртып тынады.

Рухани қырынан қарайтын болсақ, қызғаныш адамның жиған сауабын да жоқ етеді. Бұған қатысты хадисте мынадай ескерту айтылған:

«От – отынға тоймағаны секілді, қызғаныш та сауаптарды дәл солай өртеп жібереді». Демек, қызғаныш – оттың отынды өртеп жоқ ететініндей, адамның ізгі істерін де түк қалдырмай жалмайды, әрі адамның рухын өлтіреді. Пайғамбарымыздың айтуынша, қызғаныш пен иман бір жүректен орын теппейді.

Қызғаныштың екі түрі бар. Біріншісі – хасад. Қазақшада – «қызғану, көре алмау, іштарлық таныту, қызғаныштың қызыл иті» деген мағынаны білдіреді.

Қызғаныштың бұл түрі адамның өзіне және өзе үшін де өте қатерлі дерт. Мұндай қызғаныш дерті бар адам басқаға берілген нығметтің одан кетуін және тек өзінде ғана болғанын қалайды.

Мұндай қызғаныш дертіне шалдыққан адам өзгедегі нығметке қол жеткізу үшін және оны одан айыру үшін қылмысқа баруы да мүмкін. Ислам діні қызғаныштың мұндай түрін құптамайды және үзілді-кесілді тыйым салады. Әзірет Мұғауия (р.а.) қызғаныштың хасад категориясына қатысты:

Барлық адамның көңілін тауып, оны разы етуге болады. Алайда өзіңе берілген нығметті (хасад деңгейінде) қызғанған адамның көңілін тауып, оны разы қылу мүмкін емес. Оның көңілі сенен әлгі нығметтің кетуімен ғана орнығып, жай табады», - деген.

Құран Кәрім қызғаныштың бұл түріне ишарат етіп, еврейлер мен мүшріктердің Мұхаммед пайғамбарға (с.а.с.) берілген пайғамбарлық қасиетін, сондай-ақ, мүміндерге берілген тура жол мен иман байлығын қызғанғандықтарын баяндайды. Олар аталмыш нығметтердің пайғамбар мен мүміндерден кетуін қалады. Құранда бұл ақиқат: «Кітап иелерінің көбінің көксегені – сендерді иманнан бездіріп, қайтадан кәпір ету. Бұл – («Құран – Алла сөзі, Мұхаммед – ақырғы пайғамбар» деген) ақиқат оларға анық белгілі болғаннан кейін, іштерін оттай өртеген көре алмаушылықтан» («Бақара» сүресі, 109-аят) деп баяндалады. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 20 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: