23:51 Риясыз рух | |
ДЕПРЕССИЯ Депрессия – басқа психологиялық дерттерге қарағанда аса мұқияттылық танытуды қажет етеді. Өйткені бұл жүрекке әсер еткен кезде адамның өзін басаруы қиын. Депрессияға ұшыраған адам соңы зиянға ұшырататын тым ауыр реакциялар көрсетіп жатады. Бұл факт адамның терең уайым мен депрессияға ұшыраған кездегі күрт өзгеруі нәтижесінде байқалады. Депрессия – уайым мен қайғының және стрестің асқынған формасы. Депрессия ұзаққа созылған жағдайда, адамда невро (жүйкенің тозуы), психоз (психологиялық ауытқу), пессимизм секілді психологиялық жағымсыз күй ортаға шығуы мүмкін. Депрессиялық күйдегі адам – жаман, негативті ойларға бейім келеді. Оның дүниеге деген көзқарасы өзіне деген сенімсіздікпен астасып жатады. Депрессияның ащы табиғаты салыстырмалы түрде жлындаған өртке ұқсаса, стресс пен уайым өрттен кейінгі жалыны жоқ, қызып тұрған шоқ секілді. Сондай-ақ адамды күнге теңесек, депрессия күн сәулесін көлегейлеп тұратын қою қара бұлт секілді. Қою қара бұлт күннің жарығы мен сәулесін көлегейлеп тастаған уақытта айналаны қараңғылық басқаны секілді, депрессияға ұрынған адамның да жан-дүниесін қара түнек басады. Уайым мен депрессия – қуаныш пен бақыттың антонимі. Қуанған адамның жүзі бал-бұл жанып, айналасына шаттық нұрын шашса, депрессияның құрбаны болған адамның жүзі қуарып, айналасына тек мұң мен пессимистік көңіл сыйлайды. Қорқыныш пен мазасыздық һәм алаңдаушылық болашақта орын алатын нәрсені уайымдау себепті, ал репрессия адамның жақсы көретін және бауыр басқан адамынан немесе затынан айырылу себепті орын алады. Демек, қорқыныштың бағыты – болашақ, депрессияның бағыты – басқа түскен қиындық пен өткен шақ. Бұлар психологиялық белгілердің ішіндегі ең ауырларына жатады. Егер адам бұларға жеңілетін болса, өмірі тамұққа айналады. Ал бұларды басқарып үйренсе, көңілі тыныш, рахат әрі бақытты өмірге қол жеткізеді. Алайда мына мәселені де ескерген жөн. Адам уайым мен депрессиядан және қорқыныштан толық арыламын деп өзін бос әуреге салмауы тиіс. Себебі өмірде адам бұлардан толық еркін бола алмайды. Бұл психологиялық белгілер адам табиғатымен қоса жаратылған. Алайда адам бұларды өз орнымен дұрыс және ұтымды қолдануды үйрене алады. Асылында, адамға керегі де осы. Мұсылмандық сенім бойынша, адам қорқыныш пен уайым және депрессиядан жәннат мекенінде ғана еркін болады. Ал бұл өмірде Аллаға иман келтіріп, пайғамбарлар салып кеткен сара жолмен жүргендер мұндай психологиялық қиындықтарды оңай жеңе біледі. Өйткені ақыретте бақытты өмірдің бар екендігіне сену – қандай жағдай болмасын, адамдағы үміт отының сөнуіне жол бермейді. Яғни адамдағы үміт иман себепті – шексізге жол тартып, мәңгілікпен ұштасып жатады. Мұндай бақытты жандардың жағдайы Құранның бірнеше аятында айтылады. «...Кімде-кім Менің тура жолымды басшылыққа алса, оларға ешқандай қорқыныш жоқ һәм олар әсте жабықпайды», - дедік» («Бақара сүресі, 38-аят). «Кімде-кім Алланы көріп тұрғандай, ең болмағанда Алланың өзін көріп, бақылап тұрғанын жадында ұстап ізгі істер атқаратын ізгі жан ретінде жан-тәнімен бір Аллаға бойсұнса, оның Раббысының дәргейінде алар сыйы бар. Ондай жандар үшін (Алланың Өзі жар болатындықтан әсіресе ақиретте) ешқандай қорқыныш жоқ һәм олар әсте жабықпайды» («Бақара» сүресі, 112-аят). «...кімде-кім иман келтіріп, өз-өзін (ғни сөзі мен ісін) түзесе, ондай жандар үшін (әсіресе ақиретте) ешқандай қорқыныш жоқ һәм олар әсте жабықпайды» («Әнғам» сүресі, 48-аят). баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |