11:45 Риясыз рух | |
УАЙЫМ-ҚАЙҒЫ ҰЛЫ МАҚСАТТАРҒА БАҒЫТТАЛУЫ ТИІС Ақылды адам әрбір сәтін ақыреті мен бұ дүниесінің пайдасына шешеді. Демек, уайым-қайғының өзін ақыреттік және дүниелік пайдаға қолдануға болады. Оның алғашқы қадамы: - Орынсыз қайғыны тастап, одан құтылуға көмектесетін әрекетке көшу. Себебі әрекетсіздік, яғни, уақытын босқа өткізу және бос нәрселермен шұғылдану адамды күнәға, азғындыққа итермелейді. Ал күнәһар адам егер дер кезінде тәубе етпесе, түбі қайғы-қасіретке душар болуы мүмкін. - Орынсыз қайғының орнын ұлы мақсаттарға негізделген орынды уайым-қайғымен алмастыру. Оның әуелгісі – Аллаға деген құлшылықты, яғни, жүректегі иманды уайымдау. Сондай-ақ, «Алла тағаланың құзырында құлшылығым қабыл болды ма, жоқ па?» деп қам жеу. Бұл нәрсе адамға ғибадатқа мұқият қарауға әрі құлшылықта тереңдеуге көмектеседі. Ал екіншісі – басқалардың бақытын ойлап уайым жеу. Оған ата-ана, отбасы, бала-шаға, ағайын-туыс, дос-жаран, құрбы-құрдастан бастап, отан, туған жер, ел-жұрт, қала берді, адамзат жатады. Мәселен, адам өз ұрпағын еліне, жеріне, тілі мен дініне адам қызмет ететін салиқалы ұрпақ етіп тәрбиелеуді көздеп, осынау ұлы мақсат жолында уайым жеп, қайғы ойласа, демек, ол адам бұл жолда барын салады, қандай қиындық болса да төтеп береді. Малын да, күш-қайратын да аянып қалмайды. Себебі ұлы мақсат жолында уайым жеп, қайғы ойлаған адамның Абай атамыз айтқандай, қолға алған ісі мен шаруасы өзгенікінен жинақырақ келеді. Егер әрбір адамның уайым-қайғысы дәл осындай болса, қоғамда қаншалаған салиқалы ұрпақ пен өзгелер үшін өмір сүретін небір алып тұлғалар жетіліп шығар еді?! Олай болса, әрбір адам осы қағиданы жаңғыртуы тиіс. Орынсыз қайғы емес, ұлы мақсат жолындағы уайым мен қайғы адам бойынан көрініс табуы қажет! баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |