23:14
Риясыз рух

ӨЛІМНЕН ҚОРҚУ

Өлімнің өзінен қорқу – мағынасыз. Қалай өлемін деп қорқу осы мағынасыздықты жояды.

Адамдар арасында ең үлкен қорқыныш түрі – өлімнен қорқу. Бұл өлімнің ақиқатын түсінбеген барлық адамға тән. Құранда адамның өлгісі келмей, әрдайым өлімнен ойша һәм іштей қашып жүретіндігі баяндалған. Мұның себебі: өлімнен кейінгі өмір – адам үшін ғафп нәрсе. Яғни белгісіздік. Белгісіздік қашан да адамның үрейін қашыратыны анық. Психолог ғалымдар адамның белгісіздік алдындағы қауқарсыздығы оның бойында үрей тудырады деген. Мәселен, аятта бұған былайша ишарат етіледі: «Ендеше, оларға: «Сендер қашып жүрген өлім түптің түбінде алдарыңнан шығады (да, құтқармайтын құрығын салады)» («Жұма» сүресі, 8-аят).

Асылында, өлімнен қорқатын – адамның эгосы. Оның қорқу себебі: өлім – белгісіздік. Өлімнің ақиқатын түсініп, керісінше, қалай өлемін деген қорқыныш деңгейіне көтерілген адам өлімнен қорықпайды.

Құранда Мұсаның (а.с.) өзін перғауынның өлтіріп, сол себепті пайғамбарлық міндетін орындай алмай қалудан қорыққандығы айтылады: «Сонда мұса: «Уа, Раббым! Мен олардың бір адамын байқамай өлтіріп қойған едім. Сол себепті олар мені өлтіріп тастай ма (сөйтіп, міндетімді толық атқара алмай қаламын ба) деп қорқамын» («Қасас» сүресі, 33-аят).

Ислам көзқарасында адамдағы өлімге деген қорқынышты сейілтетін басты фактор – Аллаға деген шынайы иман. Себебі иман келтірген адам, ақиқатында, өлімнің жоқ болу емес, бар болғаны бұл өмірден ақырет әлеміне көшетін көпір ғана екендігін біледі және соған сенеді. Сондықтан шынайы иман келтірген адамда «өлемін» леген қорқынышқа қарағанда, «қай жағдайда, қалай өлемін?!» деген қорқыныш басымырақ келеді. Бір сөзбен айтқанда, иманды адам «өмірден имансыз өтіп кетемін бе?» деп уайымдайды. Мұса пайғамбардың (а.с.( өлемін деп емес, пайғамбарлық міндетті орындай алмай қаламын ба деп қорыққандығы секілді.

Күнәһар адамның өлімнен қорқуы, күнәдан өзін сақтап жүрген адамға қарағанда басымырақ келеді. Оның үстіне, өзінің күнә жасап жүргендігінің парқында болса, бұл оған тым ауыр тиеді. Бір сөзбен айтқанда, күнәһар адамда іштей «тәубесіз өліп кетемін бе?» деген қорқыныш сезімі басым болады.

Аллаға, ақырет күніне және қайта тірілуге иман келтірмейтін адам үшін өлім – ең үлкен қорқыныш. Оның түсінігінде өлім – шіріп жоқ болу. Алайда олар өз түсінігіндегі «жоқ болу» мәселесін толық түсіндіріп немесе сипаттап бере алмайды. Сондықтан «жоқ болу деп аталатын сапардың ар жағында не бар?» деген сұрақ мазасын қашырып, жүректеріне қорқыныш, үрей ұялатады. Олардың өлімнен қатты қорқуы осыдан барып туындайды.

Асылында, қайта тірілуге деген иманның жоқтығы, адам санасында болашаққа деген бұлыңғыр пікір қалыптастырады. Ол үшін болашақ барар жер беймәлім. Осы белгісіздік себепті ол өлімнен қатты қорқады. Сонымен қатар, толық парқына бармаса да, өз түсінігіндегі «өліп, жоқ болу» деген нәрсені қаламайды. Бойындағы өлім ақиқатын мойындамау мен өлуді қаламау секілді бір-біріне қарама-қайшы осы хәл оның қорқынышын тұрақты етеді. Сол себепті қорқынышы да сейілмейді.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 47 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: