10:48 Риясыз рух | |
АЛЛАДАН ҚОРҚУ Әбул Қасым әс-Самарқанди: «Бір нәрседен қорыққан адам – ол нәрседен қашады. Алладан қорыққан адам – Алллаға қашады», - дейді. Мұның себебі – адам саналы және бейсаналы түрде Алланың шексіз Мейірім және Қаһар Иесі екендігін біледі. Қорқыныштан құтқаратын бір ғана Құдірет барын сезеді. Адамның бұл ішкі хәлін ғалымдар былай түсіндіреді: «Сәби анасының ащы шапалағынан қашып, мейірім құшағына жүгіргені секілді, адам да Алланың азабынан қашып, шексіз мейіріміне жүгінеді». Алладан қорқу иман келтірген адам үшін маңызды хәлдің бірі. Мұндай хәл – мүмінді шариғат бұйрықтарын орындауға, тыйымдарынан тыйылуға, ізгі істер атқарып Алланың разылығын табуға итермелейді. Алладан қорқу – иман мәселесіндегі тіректің бірі. Ол мүміннің кемел адам болып қалыптасуында маңызды рөл ойнайды. Имам Ғазали Алладан қорқудың екі мақамын атап көрсетеді. Біріншісі – Алладан қорқу. Екіншісі – Алланың азабынан қорқу. Алладан қорқу – күнә себепті пенденің Раббысынан ұзақ қалудан қорқуы. Бұл жоғарыда айтқан Алладан именіп қорқу (хушуғ) категориясын білдіреді. Зуннун Мысри: «Тозақ отынан қорқу, сүйікті Алла тағаладан ұзақ қалудан қорқудың қасында, теңіздің бір тамшысындай ғана», - дейді. Алладан именіп (хушуғпен) қорқудың ең негізгі кілті – Алланы тану (мағрифатулла). Адам Жаратушыны қаншалықты таныған сайын, соншалықты Оған деген махаббаты оянып, құрметі артады. Алланың азабынан қорқу дегеніміз – барлық мұсылманға тән хәлді білдіреді. «Ақырет азабынан қорқу» деп аталатын бұл сезім – мұсылманның «жәннатпен бірге тозақ та бар» деген сенімінен, сондай-ақ, күнә себепті азаптың келуінен сақтанудан туындайтын қорқыныш түрі. Мұның аздығы – иманның әлсіздігі мен ғапылдықтың басымдығына байланысты. Мұндай қорқыныштың аздығы – нәпсі қалаулары мен бойдағы шаһуатты күшейтеді. Бұл хәлді сақтап жүруге көмектесетін нәрсе – өлімді жиі еске алу. Ғибадат-құлшылықтарға көңіл бөлу. Нәпсіні тәрбиелеп, жан-жақты кемелдендіру – нәпсі қалаулары мен шаһуат күшті себепті туындайтын адамдағы рухани әлсіздікті бірте-бірте жояды. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |