21:52
Риясыз рух

ШЕКТЕН ТЫС ҚОРҚЫНЫШ ЫҚЫЛАСТЫ АЗАЙТАДЫ

Алладан именіп қорқу (хушуғ) – адамның рухани кемелдігі мен нәпсі тәрбиесінің шыңдалған деңгейі. Алланың ұлықтығы мен махаббатын және мейірімін терең сезіну, берілген нығметтердің қадірін жете түсініп, олардың шексіздігіне қайран қалу арқылы Аллаға шынайы әрі риза көңілмен шүкір ету, сонымен қатар, берілген осынау нығметтер мен Алланың махаббатынан мақұрым қалудан қорқып, Оған шынайы әрі риза көңілмен құлшылық жасау – имену (хушуғ) деңгейінде толық жүзеге асады. Бір сөзбен айтқанда, имену (хушуғ) фазасы – күнә жасау себепті, қабірдің азабына немесе тозаққа душар болудан қорқу емес, бұдан әлдеқайда жоғары деңгей – яғни, күнәға бола Алладан алыс болудан қорқу. Ал күнә жасау себепті, қабірдің азабына немесе тозаққа душар болудан қорқу – алғашқы деңгей – қорқыныш (хауф) фазасы болып табылады. Сол себепті Имам Ғазали. «Қорқыныш – нәпсі қалауларына тосқауыл болады», - дейді.

Тағы бір айта кететін жайт, Алладан именіп қорқудың (хушуғ) ар жағында – махаббат пен мейірімнен айырылып қаламын ба деген үреймен қоса, үлкен құрмет жатыр. Ал қорқынышта (хауф) – құрмет жоқ, бірақ «құтылсам» деген үміт һәм арман бар. Мәселен, алдыңыздан қабаған ит шыға келсе, бойыңызды бірден қорқыныш билейді. Иттен құтылу үшін бірден қаша жөнелесіз. Осы кезде әлгі қабаған итке деген сізде құрмет бола ма? Әрине, жоқ. Сіздің бар ойыңыз «аман-есен құтылсам» дейсіз. Сол секілді бастығыңыздан қорқып істеген жұмыста, сіз оның айтқанын орындап тез құтылуды армандайсыз, сол арқылы әйтеуір тынышталса екен дейсіз. Бастыққа деген құрметіңіз болмайды. Ал имене қорқудың ар жағында оны риза қылу, көңілін табу, жұмысты шын көңілмен әрі ықыласпен жасау, оны ыңғайсыз жағдайға қалдырмау т.с.с. көптеген құндылықтар жатыр.

Аллаға құл болу мәселесінде адамның кемелдігі осындай фазалардан өтеді. Қорқыныш (хауф) деңгейі – бұ дүние мен ақырет азабынан қорқып адамның өз нәпсісін тәрбиелеу кезеңі болса, имену (хушуғ) – адамның өз нәпсісін тәрбиелеу арқылы кемелденіп, Алланың бұйрықтары мен тыйымдарын риза көңілмен, тек Алланың дидары үшін ғана орындайтын деңгейі. Құран бізге мұны төмендені аят арқылы баяндап береді.

«...Алла оларға разы, олар да Аллаға дән риза. Міне, осынау «разылық» мәртебесі Раббысына тиісінше тағзым етіп, Одан шын именетін ізгі жандарға нәсіп болады» («Бәйинә» сүресі, 7-8 аяттар).

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 42 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: