22:00 Риясыз рух | |
ҚОРҚЫНЫШ Қорқыныш – адамды тұтқын етеді. Үміт – еркіндік сыйлайды! Қорқыныш – адамды өміріне қауіп төндіріп, денсаулығына зарар беретін зиянды нәрседен алыстатып, тіршілігін сақтап қалуда қызмет атқаратын маңызды эмоцияның бірі. Адамның ағзасы, психологиясы, руханияты белгілі бір деңгейде қорғанысқа бейім етіп жаратылған. Қорқыныш эмоциясымен бірге міндетті түрде – қобалжу, үрей, зәресі ұшу, құты қашу т.с.с. басқа сезімдер ілесіп жүреді. А.И.Захарвотың айтуынша, қорқыныштың туындауына төніп келе жатқан қауіп және одан қорғана алмау сезімі түрткі болады. Адам ең әуелі басына төнген қауіптің көлемін және одан құтылудың жолдарын қарастырады, одан кейін адамда осы қауіптен арылуға бағыттайтын қорқыныш сезімі ортаға шығады. Егер адам басына төнген қауіпті қайтаратын болса, бұл шошыну арқылы бейсаналы түрде өмірлік тәжірибеге ұласады. Ал егер қауіпті қайтару сәтсіздікке ұшыраса, қорқыныш ұлғая түсіп, адамның одан сайын құтын қашырады. Ислам ғұламасы Рағиб әл-Әсфаһани: «Қорқыныш – адамның ойына немесе қандай да бір мағлұматқа сүйеніп, өзіне ұнамайтын нәрсеге тап болуынан қорқуы», - дейді. Имам Ғазали (505/1111 ж.): «Адамның болашақта қаламаған жағдайға душар болуынан қорқып, жүрегінің ауруы», - деген. Сондай-ақ ғалым: «Шынайы қорыққан адам көз жасын бұлап жылайтын адам емес, есеп беретінін сезініп, күнәні тәрк еткен адам», - дейді. М.Жұмабаев: «қорқу сезімі – адам жанында бір бақытсыздық күткенде болады», - деген. Бүгінгі таңда кванттық физика мен метафизикалық сырларды зерттеуші ғалымдар уақытты, оның ішінде адамның өткені мен болашағын, сондай-ақ қорқыныш секілді эмоция түрлерін шынайы емес, жай ғана иллюзия деп түсіндіреді. Айтуларынша, «Қорқыныш – бізге шынайы секілденген жалған көрініс. Қорқыныш әр уақытта да сондай. Қорқыныш – бұл сіздің шынайы табиғи жағдайыңыз емес. сіздің шынайы табиғи жағдайыңыз – қорқынышсыздық. Өйткені сіздің «меніңізге» қауіп төндіретін еш нәрсе жоқ. Қорқынышқа тап болған жағдайда – қорқынышқа тіке қараңыз және ондағы жалған көріністерді табыңыз. Бірнешеуін міндетті түрде табасыз», - дейді. Олардың айтуынша, өмір – біздің ақылымыздан туындайтын образдар жиынтығы. Сол себепті қорқыныш пен қобалжу біздің ақылымызда негативті образдарды тудырады. Нәтижесінде қорыққан немесе қобалжыған нәрсеңіз иллюзия бола тұра, сіз үшін шындыққа айналады. Ал оған қолдау көрсетіп, күшейте берсеңіз, ақыр аяғы ол нәрсе физикалық тұрғыдан да шындыққа айналып шыға келеді. Асылында, қорқыныш пен қобалжу секілді нәрселердің туындауы – сіз үшін қажет болған фактілердің жеткіліксіз болуы себепті. Сондай-ақ бұл – өзіңізге деген сенімнің жоқтығын немесе аздығын көрсетеді. Осылайша сіздің бұл жағдайыңыз – дұрыс қолданылмаған немесе босқа шашылған энергия болып саналады. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |