22:55 Риясыз рух | |
НӘПСІНІ ЕМДЕУ ЖОЛДАРЫ 8. Жазалау (муақаба) Нәпсіні тәрбиелеуде ең соңғы қолданылатын саты – жазалау (муақаба). Соңғы деп отырған себебіміз, егер жоғарыда айтып өткен нәпсіні тәрбиелеу жолдары нәтиже бермесе, жазалау әдісіне (муақабаға) жүгініледі. Бұл – басқа шара қалмаған кезде, ең соңғы қолданылатын әдіс. Нәпсі өзінің әуеніне басып ырық бермей жатса, жазалау әдісін қолдануға адам мәжбүр. Себебі нәпсіні бейшаралықтан, қала берді екі дүниенің азабынан құтқару кезек күттірмейтін іс. Бұл – әрбір саналы адамның міндеті. Сондықтан нәпсі тәрбиесінде бір әдіс жүзеге аспай қалса, келесі әдіс қолданысқа енеді. Нәпсіні жазалау (муақаба) әдісін қолданудың өзіндік мәдениеті бар. Ол – адамға физикалық, психологиялық, моральдық және рухани тұрғыдан зиян тигізбеу. Егер нәпсі тәрбиесінде қолданылатын жазалау (муақаба) әдісі адамға зиян беріп жатса, ол нәпсіні тәрбиелеу емес, құрту әдісіне айналды. Сондықтан бұл мәселеде өте мұқияттылық танытқан жөн. Нәпсіні жазалау (муақаба) құлшылық түрлерімен немесе күнделікті өмірдегі әдеттерге қатысты болуы мүмкін. Мәселен, нәпсі қайта-қайта күнәға ұрына берсе және оны таста деген насихат пен ескертуге құлақ аспаса, сондай-ақ, жалқаулыққа салынса, оған кезектен тыс бір күн ораза ұстатумен немесе артық нәпіл намаз оқытумен, сондай-ақ, кезектен тыс садақа немесе бір адамға ақшалай жәрдем бергізу арқылы жазалауға болады. Бұл құлшылық түрлері арқылы жазалау әдісі. Алайда мұның өзі зиянды жаққа бұрып кетпеуі керек. Мәселен, адам бір күнә жасадым немесе жалқаулық пен батылсыздық таныттым екен деп, өзіне бір жыл бойы ораза ұстанатын болса, дұрыс емес. бұл – нәпсіге, яғни адамның өзіне жасаған зұлымдық болып саналады. Мұндай шектен тыс әрекеттерге жол берілмеуі тиіс. Бұған шариғат та қатаң тыйым салады. Бұл жерде ескере кететін жайт: құлшылық түріне қатысты жазалау әдісі адам үшін тек пайдалы әрекеттерден құралуы қажет. Сонымен қатар, күнделікті өмірде қолданатын әдеттерге қатысты жаза түрлерін қолдануға да болады. Мәселен, нәпсіге бос уақыт алатын кейбір әлеуметтік желіге бір күн бойы кіруге тыйым салу немесе жегісі келген белгілі бір тәтті түрінен бас тартқызу т.с.с. Бұл жерде де ескере кететін жайт: күнделікті өмірдегі әдеттерге қатысты жазалау түрі, зиянды әрекеттер мен әдеттерден тыюдан тұрғаны жөн. Тағы бір ескере кететін жайт: адамның өзін жазалауы, шариғат тыйым салған істерден болмауы керек. Мәселен, арақ ішу, құмар ойынға салыну т.с.с. Адам өзін тәрбиелеймін деп мұндай істерге барып жатса, керісінше, өзін құрдымға кетіреді. Жазалау түрі сонымен қатар, адамға физикалық (дене тұрғысынан), психологиялық, моральдық және рухани тұрғыдан да зиян тигізетін іс-әрекеттерден болмауы қажет. Мәселен, өзін-өзі төмпештеп ұру, денесін қанатып тілгілеу, шашын жұлу, саусақтарын кесу, суыққа тондыру, ыстыққа күйдіру немесе ашуға беріліп біреуді сөгу, балағаттау. Құдайға тіл тигізу, қырсықтыққа салынып күнәлі істерге бару секілді әрекеттер. Бұған шариғат қатаң тыйым салады. Адамның тәрбиелік мақсатта өзін жазалауы – құрамына намаз, ораза, садақа т.с.с. тәрбиелік мәні бар жаза түрлерін қамтитын зиянсыз әрекеттерден немесе әлеуметтік желі секілді бос уақытты ұрлайтын өміріне зиянды әрекеттерден құралғаны жөн. Жоғарыда айтып өткеніміздей, адамның өзін жазалауы – нәпсі тым еркінсіп, ырық бермей кеткенде барып қана қолданысқа енеді. Ал оған дейін нәпсіні жазалағаннан гөрі сыйлық беріп, марапаттау арқылы ізгілікке ынталандырып отырған әлдеқайда тиімдірек. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |