20:40
Риясыз рух

НӘПСІНІ ЕМДЕУ ЖОЛДАРЫ

5. Күресу, бар күшін салу (мужаһада)

Нәпсіні тәрбиелеудің келесі сатысы – мужаһада. «Күресу, бар күшін салу» мағынасына келетін «мужаһада» сөзі адамның өзіне пайдалы істі орындауда күш-қайрат көрсетуді, ал жалқаулық пен батылсыздық танытып, әлсіздік көрсеткен уақытта мақсат пен жетістікке қарай одан сайын жігерлене түсуді білдіреді. Нәпсіні тәрбиелеудегі бұл үрдіс бізге дейінгі ұлылардың өмірінде орын алғандығын аңғару қиын емес. мәселен, Абдулла ибн Омар (р.а.) бір намазды жамағатпен оқуды өткізіп алса, сол түнді толығымен намазға арнайтын.

 Нәпсіні тәрбиелеуде адамды жігерлендіріп, кемшілік және әлсіздікпен күресуге ынталандыратын фактордың бірі – өмірде үлкен жетістіктерді бағындырған адамдардың өмір жолымен танысу. Бұл адамға мүмкін емес болып көрінген нәрсені мүмкін етіп береді. Өзіне деген сенімін оятады. Шыдамдылықты үйретеді. «Ол жасады ғой, демек, мен де жасай аламын?»» дегізіп, рухани жігерлене түсуіне түрткі болады. Хасан Басри Алла елшісінің (с.а.с.) тәрбиесін көрген ардақты сахабалардың, сондай-ақ, сахабалардың тәрбиесін көрген табиғиндердің өмірінен кейбір сәттерді суреттеген:

«Сахабалар мен табиғиндердің көзін көрдім. Кейбірімен тіпті етене араластым. Олардың дүниелік нәрсеге бола дандайсып, жоғалтқан дүниелік заты үшін қайғырғанын көрген емеспін. Ант етейін! Дүниенің олар үшін мына сендердің аяқтарыңмен ысырып тастаған топырақ құрлы қадірі жоқ. Оларды әрдайым Құран мен Пайғамбар (с.а.с.) сүннетіне амал ету үстінде табасың. Түн ортасы болғанда құлшылыққа жан-тәнімен берілетін. Маңдайлары сәждеде, жүздері Құбылада, тілдері зікірде, көздерін жасқа толы күйде көресің. Ізгі істер атқарса, Аллаға шүкір етіп, одан әрі жігерлене түсетін. Ізгі амалдарының қабыл болуын тілеп, Жаратушыға күндіз-түні жалбарынатын еді. Байқамай бір қателік жасап қойса, Алладан кешірім сұрап, дереу тәубеге келетін. Міне, олардың хәлі осындай еді. Олар күнәнің батпағына қамалып қалмады, келер ұрпаққа үлгі боларлық әрі кешірімге лайық өмір сүре білді», - дейді.

Расымен де, өмірде үлкен жетістіктерді бағындырған ұлы тұлғалардың өмір жолымен танысу адамды жігерлендіріп, ұлы мақсаттарға ұмтылдыра түседі. Өмірдің қандай қиындығына тап болса да жеңілмеуді үйретеді. Көңіліне өзіне деген сенім ұялатып, жаңалық ашудан қорықпауға, жарқын болашаққа батыл қадам жасауға жәрдемдеседі. Кез келген өзгерістің ой мен идеядан және кішкентай әрекеттен басталатындығын ұқтырады. Ал мұны түсінген адам өз нәпсісімен күресте жеңімпаз атанбауы мүмкін емес. кемшіліктермен жұмыс жасау барысында осы тұстарға ой жүгірткен лазым.

Нәпсі тәрбиесі нәзік нәрсе болғандықтан, білікті ұстазды да қажет етеді. Ол ұстаз ең әуелі дінді, яғни шариғат ілімін өте терең білуі шарт. Әйтпеген жағдайда адамның санасын улап, теріс нәрсенің соңына салып қоюы мүмкін.

 
 

жиған-терген                 

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

                                                                                      

 

Просмотров: 78 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: