22:28 Риясыз рух | ||
НӘПСІНІ ЕМДЕУ ЖОЛДАРЫ 5. Өзінен есеп алу (мухасаба) Жалпы өзінен есеп алудың (мухасабаның) үш бағыты бар: - Артықшылық пен жетістіктерді Аллаға шүкір ету арқылы одан әрі дамыту Адам өзінен есеп алған кезде қандай да бір жетістік байқайтын болса, Аллаға шүкір етіп, іс-әрекет себебін тоқтатпай, одан әрі жетіле түсуі қажет. Жетістік әртүрлі формада, әртүрлі салада болуы мүмкін. Мәселен, рухани жетілу (дін, өнер т.б.), физикалық жетілу (спорт, медицина т.б.), материалдық тұрғыдан жетілу (кәсіп, жұмыс, сауда т.б.), интеллектуалды жетілу (тіл үйрену, белгілі бір білім саласын меңгеру т.б.), эмоционалды жетілу (мінезді, эмоцияларды басқара білу, белгілі бір дағды қалыптастыру т.б.). Кейбір адам өзіндегі жетістікті көрген уақытта шүкір етуді ұмыт қалдырып, дандайсып кетеді. Сөйтіп әлгі жетістігін – жеңіліске айырбастап алады. Бұлай дейтініміз, өмірде еш нәрсе бір орында тұрмайды. Әлем және ондағы құбылыстар әрдайым қозғалыста. Әлемдегі әр нәрсенің өлшеулі уақыты бар. Ал уақыт заңдылығына кіріптар зат, ескіруге немесе жаңаруға бейім. Ал жетістікке шүкір ету – ескіні жаңартса, шүкірді ұмыт қалдыру – жаңаны жоқ етеді. Асылында, өзінен есеп алудың хикметі де сол: адамға өз артықшылығы мен кемшілігін, жетістігі мен жеңілісін көрсетіп, кемшілігін түзетуге, артықшылығы мен жеңісіне шүкір етіп, одан әрі дамуға жігерлендіру.
- Кемшіліктерді толықтырып отыру Адам өзіне есеп берген уақытта бойынан немесе өмірінде қандай да бір кемшілік байқаса, оның орнын қосымша әрекеттермен толықтырып отырғаны жөн. Ол үшін ең әуелі, кемшіліктердің қайдан және неден бастау алып жатқандығын білуі тиіс. Диагнозы жоқ ауруды емдеу қиын болғаны секілді, қайдан және неден бастау алып жатқаны беймәлім кемшіліктермен күресу де қиынға соғады. Сондықтан адам босқа уақыт жоғалтпай, ең әуелі кемшіліктің қайнар бастауын тапқаны жөн. Мәселен, бір адам өзгелердің сөзіне, ісіне бола ренжи береді. Көп адамда осы кемшілік байқалады. Қанша жерден ренжімейін десе де, ренжіп қалады. Бұл өз кезегінде оның санасына мазасыздық әкеледі. Санамен тікелей байланысты болғандықтан, біраз уақыт өткен соң адамды мезі қылады. Мұның алдын алу үшін не істеу қажет? Бұған дейін айтылғандай, ең әуелі мұның түп негізін, неден бастау алып жатқандығын анықтау қажет. Сол кезде оның емі де тез табылады. Мысалға, әркімге ренжи беру дерті – өзгенің сөзін санасына қабылдатудан және көңіліне алудан барып туындайды. Біреудің байқамай немесе әдейі айтқан сөзін санасына қабылдатып, көңіліне ала беретін адам, ренжіп қала беру дертінен ешқашан арыла алмайды. Адам осыны ұғынған кезде ешкімге ренжімей өмір сүруді үйренеді. Осы тұста біреуге ренжи берудің түп атасы – әр нәрсені санаға қабылдап, көңілге ала беру екенін білмегенде, оның салдарымен, яғни ренжу процесімен күресіп жүре беретін еді. Жалаладдин Руми (Мәуләна) секілді ұлы тұлғалар ренжудің адамды мезі қылып, көптеген игі істерден тосатындығын, сонымен қатар өзгелермен болған қарым-қатынасына да нұқсан келтіретіндігін ескеріп: «Ешкімге ренжімей және ешкімді ренжітпей өмір сүр» деген қағиданы айтып кеткен. Сол себепті адам бұған мұқият көңіл бөлуі тиіс және бұл деңгейге жетудің негізі – сана мен көңілді таза ұстау екендігін ұмытпағаны жөн.
- Күнәларды истиғфар және тәубе арқылы жою Өзіне есеп берген уақытта адам күнәға батып жүргенін байқаса, дереу истғфар мен тәубе жасап, күнәні жойғаны дұрыс. Күнә – адамның ішкі әлемін лайлап, рухани нәзік сезімдерді істен шығаратын қауіпті дерт. Одан тез арада құтылмаса, адам жүректің кейбір нәзік сезімдерін өлтіріп алуы мүмкін. Ал адамның ақиқаты оның руханияты екенін ескерсек, оны кірлету өте қауіпті. Сондықтан күнәдан тез арада арылып, енді қайтып ол күнәға бармаған жөн. (жалғасы бар) жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | ||
|
Всего комментариев: 0 | |