22:08 Риясыз рух | ||
НӘПСІНІ ЕМДЕУ ЖОЛДАРЫ 5. Өзінен есеп алу (мухасаба) Нәпсіні тәрбиелеудің келесі сатысы – мухасаба. Мухасаба – адамның белгілі бір уақыт өздігінен не істегендігі, не істеп жүргендігі және не істейтіндігі жөнінде есеп алуы. Әзірет Омар (р.а.) есепберудің маңыздылығына тоқталып: «Есепке тартылмай тұрып әуелі өздеріңді есепке алыңдар», - деген. Адамның өзінен есеп алуына қатысты Хәкім Абай да қарасөзінде: «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күніне бір мәрте, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?» - дейді. Абай өзінен есеп алатын адамды есті кісілердің санатына жатқызған. Себебі өзінен есеп ала білетін адам көп нәрсенің парқына да бара біледі. Өмірінде орын алып жатқан кейбір келеңсіз жағдаяттарды қалпына келтіріп, дұрыс жолға қойылғандүниелерді одан әрі жақсартуға мүмкіндік алады. Абай есеп алуды тек дүниелік қажеттілікпен шектемей, ақыреттік іс-әрекетпен жалғайды. Сөйтеді де «Не ахиретке, не дүниеге жарамды қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?» деп сауал тастайды. Бұл өзіне есеп беруде екі дүниені қатар алып жүрудің маңызын білдіреді. Асылында, дүниелік істердің өзінде есеп қажет болғаны секілді, адамның ақыреттік өміріне қатысты да өзінен есеп алып тұруы өте маңызды. Бұл принцип Құранда: «Әркім ертеңгі ақиреті үшін (не істеп, о дүниеге) не жолдағанына көңіл аударсын» («Хашыр» сүресі, 18-аят) деген аятта көрсетілген. Ақыретке қатысты есеп – жүректі есепке алу арқылы, яғни рухани әлемді және оған әсер ететін сыртқы және ішкі факторларды қадағалаумен жүзеге асады. Ол үшін адам ең әуелі өзіне парыз қылынған амалдарға көңіл бөлуі тиіс. Егер кемшілік байқалмаған жағдайда шүкір етіп, дәл солай жалғастыра беруге нәпсіні көндіруі қажет. Ал кемшілік байқалған жағдайда орнын толтырып, истиғфар айтып, тәубе етеді. (жалғасы бар) жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | ||
|
Всего комментариев: 0 | |