07:31 Риясыз рух | ||
РУХАНИ КЕМЕЛДЕНУДЕ НӘПСІ ТӘРБИЕСІНІҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ Әбу-л Қасым әл-Фараби//Фарйаби нәпсіге қарсы шығуды – шайтанға және дүниенің қызықшылығына қарсы шығумен түсіндіреді. Уаситидің: «Сенің ең қас дұшпаның үшеу: нәпсі, шайтан, дүние. Нәпсіні жеңу үшін оған қарсылық көрсету керек. Шайтанды жеңу үшін үнемі Алланы еске алу керек. Дүниені жеңу үшін қанағат ету керек» деген сөздерін нәпсіні жеңудің жолдары ретінде көрсеткен. Әл-Фарйаби бұл арқылы нәпсінің адамды азғырушы дұшпан екендігін емес, керісінше, онымен күресу керектігін, оны бағындыру жолдарын баяндайды. Эрих Фромм «Душа человека: ее способность к добру и злу» атты еңбегінде: «Адам – қой ма әлде қасқыр ма?» деген сұрақ қоя отырып, сол сұрақтың жауабын іздейді. Оның айтуынша, адам табиғатында қойдың да, қасқырдың да сипаты бар. Қойдың сипаты адамның өзінен күштіге мойынсұнумен көрініс табады. Ол: «Адамның табиғаты сол, мойынсұнғанды қалайды, тек оны қырсықтырып алмау керек» деген қызық дүние айтады. Ал адамдағы қасқырлық сипат оның қаттылығымен, қан төгіп, біреуге жәбір көрсетуімен ортаға шығады дейді. Оның айтуынша, адамды қой сипатына ғана телиін десек, тарих бұған мүмкіндік бермейді. Өйткені тарих, қанмен жазылған. Небір зұлымдықтарға толы. Бұл адам табиғатында қасқырлық сипаттың бар екендігіне айғақ. Сонымен қатар Э.Фромм адамды қой терісін жамылған қасқыр деп те сипаттайды. Оның айтуынша, кейбір адам табиғатындағы қасқырлық сипатты білдірмей, қой терісін жамылып жүреді. Мұны Ислам діні тұрғысынан талдайтын болсақ, бұл адамдағы тәрбиелеген нәпсі – рух және тәрбиеленбеген нәпсі – нәпсі әммара категориясын білдіреді. Тәрбиеленген нәпсі – рух, адамды үнемі жақсылыққа шақырса, тәрбиеленбеген нәпсі, яғни нәпсі әммара адамды әрдайым жамандыққа итермелейді. Бір сөзбен айтқанда, адамдағы қойдың сипаты – тәрбиеленген нәпсі – рух болса, қасқырлық сипат – тәрбиеленбеген нәпсі – нәпсі әммара болып есептеледі. Мұның негізін қазақы философиядан да көре аламыз. Мәселен, Шал ақын (Тілеуке Құлекеұлы, 1748-1819 ж.ж.) бір өлеңінде адам табиғатындағы қой мен қасқыр сипатын суреттеп былай дейді: Иман – қой, ақыл – қойшы, нәпсі – бөрі, Бөріге қой алдырмас ердің ері. Таяқты қатты ұстап қойшы тұрса, Жоламас ешбір пәле, шайтан-пері. Нәпсісін тәрбиелеп, рухани кемелденбесе, адам баласы хайуандық дәрежесіне дейін қоғамда өшпенділік, қатыгездік, нәпсіқұмарлық, қанағатсыздық, жалған, екіжүзділік, қызғаныш, алдап-арбау, шантаж белең алып, адамдар бір-біріне жыртқыштар тәрізді қарым-қатынас жасайтын деңгейге жетеді. Мінез-құлық пен адамгершілік аяққа тапталған мұндай тобырды қоғам немесе ел деп айтудың өзі қиын. Бәлкім, «санасыздар тобыры» деп атаған дұрысырақ болар. Сол себепті адам өмірге келудег негізгі уәзипасын ұғынып, соған сай өзінің ішкі дүниесі мн сырт көрінісін үйлестіруге ұмтылмаса, рухани азғындыққа бет алады. Кейбір ғалымдар тарапынан нәпсі – «рухтың көлігі» ретінде қарастырылады. Олардың пайымдауынша: «егер адам нәпсінің тізгінін жіберіп, оны өз бетінше қоя берсе, соңы – өкінішке әкеліп соғады». Үнді діндері мен мистикалық философиядағы секілді оны өлтіруге тырысу, адамды ақиқат жолында көліксіз қалдыру деген сөз. Ислам көзқарасы бойынша, нәпсінің тізгінін қолда ұстау арқылы көлікті, яғни нәпсіні белгілі және пайдалы мақсатта қолдану қажет. Асылында, адамның ниеті және кәміл адам болуға бағытталған адамдық қасиеті тек тәлім-тәрбие арқылы ғана ұшталып, шындала түспек. Мына дүние мен ақыреттегі мәңгілік бақытқа жетудің ең негізгі шарттарының бірі де – нәпсіні салиқалы амалдар істей алатындай бір икемге келтіру. Мұндай тәрбие мен мақсаттан жұрдай нәпсі асау ат секілді, иесін баратын жеріне жеткізудің орнына жардан құлатып, оның өліміне себеп болады. Бірақ бұл ат жақсы үйретіліп, жақсы ауыздықталса, иесін ең қауіпті жерлердің өзінен аман алып өтеді. Мойнына арқан салынып, үйретілмеген атпен діттеген межеге жету мүмкін болмағаны секілді, тәрбие көрмеген және бақылауға алынбаған нәпсімен өмірдің ұлы мақсатына жету де мүмкін емес. жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | ||
|
Всего комментариев: 0 | |