21:45
Риясыз рух

РУХАНИ ЕРКІНДІК

Адам – еркін жаратылыс. Адамның еркіндігін түсіндіруге оның өмір сүру салты жеткілікті. Қалай өмір сүргісі келеді, өзі таңдайды. Егер адам еркін және ерікті болмыс болмаған жағдайда, оның бойынан көрініс табатын таңдау, қалау, ойлану, өкіну, мұңаю, қайғыру, ашуға берілу т.с.с психологиялық құбылыстардың мәнін түсіндіре алмас едік.

Рух – Құдай тарапынан үрленген трансцендентальды болмыс болғаны себепті, рухани еркіндік адамды кемелдікке бастайтын қасиеттің бірі.

Ислам көзқарасында еркіндік – Құдайға құл болумен ғана жүзеге асады. Құдайға құл болу шариғатта – руханиятты барлық нәрседен азат етіп, еркіндікке қауышудың басты қағидасы. Ал керісінше, Алладан бет бұрған жағдайда, адам рухани еркіндігінен айырылып, нәпсі, атақ, мансап, дүние, мұқтаждық т.с.с. өткінші нәрселерге құл болады. Өмірде адамның мұқтаждығы мен қалаулары өте көп. Ал тіршілікке тәуелді немесе өткінші нәрселерге құл болған адам өз еркіндігін сезіне алмайды. Бір сөзбен айтқанда, өмірдегі мұқтаждық пен еркіндікті шатастырып алады. Көп адамның өмірде өзін таба аламай жүретіндігінің бір себебі осы.

Мәселен, бір адам ақша тапсам деп жұмыс іздейді. Бұл оның мұқтаждығы. Сөйтіп жүргенде арақ өндіретін зауыттан жұмыс табылады. Төленетін айлық ақшасы да жаман емес. алайда әлгі адам арақ атаулыға жақындауға шариғат тыйым салғандықтан, бұл жұмыстан бас тартады. Яғни мұқтаждығын жеңеді. «Не себепті олай істедің?» деп сұрағандарға: «Ертең Құдай алдында не деймін? Құдайға не бетіммен қараймын?» деп эауап береді. Қарап отырсаңыз, еркіндік – мұқтаждықтан үстем келді. Нәтижесінде, мұқтаждығын еркіндігіне жеңдірген әлгі адам өзінің адами болмысына нұқсан келтірген жоқ. Мұқтаждығын еркіндігіне жеңдіру арқылы өмірлік мұқтаждығын ақырет пайдасына шеше алды. Ол үшін енді мүмкіндіктер мен береке есіктері айқара ашылу мүмкін. Адалынан мал табатын бір емес, бірнеше жұмыстың ыңғайы келуі ғажап емес. оның ішкі еркіндігі, оған сыртқы әлемде де еркіндік сыйлайды. Енді ол жұмыс таңдауда мұқтаждығына жеңдіргенде күнәнің есігін айқара ашып, арамның құрсауына түсер еді. Демек, рухани еркіндік дегеніміз – ішкі әлемнен, яғни жүректен бастау алатын сәуле. Ол санаға сәуле шашу арқылы психологиялық құбылысқа айналады.

Маркс, Сартр және басқа да материалистер адамның Құдайға деген сенімі, оны еркіндігінен айырып, өз-өзінен жатсынуға апаратындығы жайында теорияларды ортаға салды. «Адам Құдайдан бет бұрғанда ғана шынайы еркіндікке қауыша алады», - деді. Олар адамға тәндік тұрғыдан ғана баға бергендіктен, осындай қателікке ұрынды. Егер біз материалистердің айтқанын негізге алып, адамның рухани трансцендентті болмысын Алла мен ақырет мекенінен ажыратып, фәни дүниенің шеңберімен шектеп қана өлшейтін болсақ, адам затқа айналып шыға келеді. Яғни адамның рухани болмысы мансұқталып, ешбір қадір-қасиеті қалмайды.

Асылында, дүние – адам үшін жаратылған. Адам – дүние үшін жаратылмаған. Дүниені әділ басқару мен игеру де адамға берілген уәзипа. Алайда адам Жаратушымен байланысын үзген уақытта өзінің халифалық міндетін жоғалтып алады.

Мына мәселені де ұмытпағанымыз жөн. Рухани еркіндік – адамдағы басты таңдауды жолға қоятын қасиет. Ол – әр сөз бен іс-әрекетте Алланың дидарын көздеу. Ал таңдау – өзімен бірге жауапкершілікті де ала келеді. Сондықтан таңдау еркіндігін – рухани жауапкершілік десек те болады.

Мұсылман үмбеті ретінде осы жауапкершілікті ескерер болсақ, біздің әрекетіміз де мұсылман үмбетіне жүктелген жауапкершілікке сай әрекет болуы тиіс.

Мақсатымыз – мына өмірге бейімделіп, бұ дүние үшін және соған сай әрекет ету ғана емес, бірінші кезекте Хақтың әмірлеріне сай әрекет ету. Бұл (яғни Хақтың разылығы) – білім мен ахлақ (көркем мінез) және әділет жолындағы күрестің негізгі іргетасы. Дүниені Хақ үшін игеру, Хақ үшін зерттеу, Хақ үшін жинау, Хақ үшін сарп ету. Осы негізде келешек һәм өскелең ұрпақтың бойына рухани және ұлттық тәрбие негізін дарытып, барлығын Хақ үшін бір тудың астына жинау. Міне, бұл – біздің басты қағидамыз һәм рухани жауапкершілігіміз.   

 
 
 

жиған-терген                 

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының Абай атындағы №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 131 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: