21:03 Риясыз рух | |||
РУХ пен НӘПСІ АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ Қүран аяттары мен хадистерді саралай келе, рух пен нәпсі айырмашылығына қатысты мынаны түсінеміз. Рух пен нәпсі асылында бір нәрсе. Рух – Нәпсі. Нәпсі – Рух. Айырмашылық рухтың денеге үрленіп, тәнге орнығып және тәнмен байланысқа түсуі себепті – негіз тұрғысынан емес, атау және сипат тұрғысынан орын алады. Яғни рух, денеге үрленгеннен кейін өзінің әуелгі болмысын жоғалтпайды, тек атау мен сипаты «Нәпсі» болып өзгереді. Рух – денеге орнықпай тұрып және денеден шығып кеткен соң «Рух» деп аталады. Денеге орныққаннан кейін және денеден шығар кезде оған «Нәпсі» делінеді. Мәселен, Алла тағала әу баста Адам (а.с.) ұрпағына: «Мен сендердің Раббыларың емеспін бе?» - дегенде, барлығы бірауыздан: «Әлбетте, біз бұған куәлік етеміз»» - деп жауап берді. бұл – «Рухтар әлемінде» орын алған оқиға. Бұған «Нәпсілер әлемінде» деп қолданылмайды. Себебі мұнда рухтар әлі денеге орныққан жоқ. Сол секілді қайтыс болған адамға Құран бағыштап, дұға еткен кезде «Құран сауабын қайтыс болған бәленшенің рухына бағыштаймыз, сондай-ақ, рухы шат-шадымен болсын!» деп айтылады. «Нәпсісіне бағыштаймыз немесе нәпсісі шат-шадымен болсын!» деп қолданылмайды. Өйткені бұл жерде нәпсі денеден шығып кеткен. Сол себепті қайтадан рух деп аталады. Сондай-ақ қайтыс болған адамдардың әлеміне қатысты «Әәләмул әруаах – аруақтар әлемі» деп айтылады. «Әәләмул әнфус – нәпсілер әлемі» деп қолданылмайды. Демек, нәпсілік атау мен сипат – рухтың денемен байланысқа түсіп, денеге орнығуы себепті орын алатын құбылыс. Түсініктірек болу үшін мысал келтіре кетейік. Мәселен, суды алатын болсақ судың негізгі болмысы – мөлдір, таза және сұйықтық сипатында. Алайда ауа райының салқындығына, бұлттардың көшуіне және жыл мезгілінің өзгеруіне байланысты су – қар, мұз, бу, жаңбыр немесе бұршақ секілді басқа да сипаттарға еніп, өзгеше атаулармен атала береді. Бірақ барлығының асылы бір. Ол – Су. Су – қар, мұз, бу, жаңбыр немесе бұршақ сипатын алумен өзінің негізгі болмысын жоғалтпайды, бар болғаны атауы өзгереді және басқаша сипат алады. Күн жылынған кезде немесе оттың қыздыруымен, қар, мұз, бұршақ, бу сипатындағы су – қайтадан өзінің негізгі қалпы – мөлдір, таза әрі сұйық күйіне оралады. Осы жерде Абайдың «нұрлы ақыл, ыстық қайрат, жылы жүрек» деген сөздерінің тереңдігі де ашыла түседі. Яғни денеге орнығып, тәнмен байланысқа түсуі себепті нәпсілік сипат алған рухтың негізгі рухани тазалығын сақтап тұруы үшін, күннің жылуы және оттың ыстығы секілді «жылы жүрек, нұрлы ақыл, ыстық қайрат» сияқты құндылықтар қажет. Ақыл, жүрек, қайрат, ар-ұждан һәм ар-ұят, мұның барлығы рухтың сипаттарынан һәм асыл қасиеттерінен. Руһтың тәнге қараған қыры, яғни нәпсі әммараға (жамандыққа бұйырушы нәпсіге) ырық бермей, осы жөнге салатын да рухтың осы сипаттары. Рухтың денеге орнықпас бұрын «Рух», денеге орныққаннан кейін «Нәпсі» деп аталатындығына қатысты төмендегі аяттар мен хадистер дәлел: «Оған толыққанды (ең көркем) кескін-келбет беріп, ішіне Өз Рухымнан үрлегенімде (яғни рухты жаратып, оған жан бітіргенімде)...» («Хижр» сүресі, 29-аят) Аятта рух, денеге орнықпай тұрғанда «Рух» деп аталып тұр. Сондай-ақ адамға жан бітіруші сипатқа ие екендігі көрсетілген. Денеге орныққаннан кейін рухтың – «Нәпсі» деген атауды иеленетіндігіне Құранның мына аяттары дәлел. «Әрбір тірі жан (яғни нәпсі, бір күні) өлімнің дәмін міндетті түрде татады». («Әли Имран» сүресі, 185-аят) Аятта рух – денеге орныққаннан кейін «Нәпсі» деп аталып тұр. Сондай-ақ денеден шығар кезде де, «Нәпсі» атауы мен сипатында баяндалған. Яғни рух – денеге орныққан соң және денеден шығар кезде нәпсі сипатында болады. Келесі аяттарда: «Алла тірі жандардың жанын (нәпсілерін) дәм-тұзы таусылып, ажалы жеткенде алады». («Зумәр» сүресі, 42-аят) «Алла Өз қорғауына алған һәм өлтіруді харам еткен тірі жанды (нәпсіні) нақақтан-нақақ өлтірмеңдер» («Әнғам» сүресі, 151-аят) делінген. Бұл аяттарда да рух денеге орнығып және денеден шығар кезде нәпсілік сипат алып, нәпсі атауымен айтыылп тұр. Біз мұны хадистерден де көре аламыз. Мәселен, Алла елшісі сәбидің эмбрион кезінде ана құрсағында даму сатыларын баяндап былай дейді: «Сендердің әрбірің анасының құрсағында 40 күн бойы ұрық тамшысы күйінде қалыптасады. Одан кейін сонша уақыт ұйыған қан және сонша уақыт бір кесек ет күйінде дамиды. Содан соң періште жіберіліп, оған рух үрлеп жан бітіреді...». Хадисте де рухтың денеге орнықпас бұрын – «Рух» деп аталатындығы көрсетілген. Сәби ана құрсағында жатқан кезде оған періште келіп, Алланың бұйрығымен рух үрлеп жан бітіреді. «...Содан соң бір періште жіберіліп, оған рух үрлеп жан бітіреді...». Хадисте жан берілер кезде сәбиге періште тарапынан рух үрленетіндегі анық айтылған. Бұдан біз рухтың – денеге орнықпас бұрын «Рух» деп аталатындығын нақты көре аламыз. Денеге орныққаннан кейін Құран аяттарында рух көбіне «Нәпсі» атауымен және нәпсі сипатында баяндалған. Құран аяттарында рух пен нәпсі біртұтас жауһар (субстанция( ретінде қаралады. Рух денемен байланысқа түскен соң нәпсі сипатын алып – денедегі қабілеттер мен тән құмарлықтарын оятатын күш. Оның ішінде нәпсінің тән құмарлықтарына жақын түрі (нәпсі әммара( адамды жамандыққа бұйырып, шаһуат пен тәндік қалаулардың соңына салып қояды. Бұл да өз кезегінде адамның түр (вид) ретінде және өз тіршілігін сақтап қалу үшін қызмет атқарады. Егер адам шаһуат пен тәндік қалауларын еркіне жіберіп, күнәлі іске қолданатын болса, азғындап кетеді. Керісінше, бақылауда ұстап, пайдалы іске жұмылдырылса, рухани дами береді. Сол себепті адамдағы нәпсіден туындаған осынау бөгеттер алынғанда рух өзінің тазалығына қауышып, шексізге жол тартады. Имам Қушайри. «Адам бойындағы нәпсі (әммара) мен рух – періштелер мен шайтандар секілді (көрінбейтін( нәзік денелер. Қалайша көру үшін көз, есту үшін құлақ, сезу үшін мұрын берілген болса, ішкі жан дүнеміздегі жақсы мінездің мекені рух, жаман мінездің мекені нәпсі (әммара) болмақ. Жүректе осы бүтіннің бір бөлшегі. (Яғни жүректің рухани әлемі – рухтың сипаттарынан(. Бұлардың барлығы бір бүтіннің (адамның) бөлшегі», - деген. Әьу Бәкір Калабази: «Рух – тәрбиеленген нәпсі, ал нәпсі – тәрбиеленбеген рух». – дейді. Сондықтан рухты тәрбиеленген нәпсі, ал нәпсіні тәрбиеленбеген рух деуімізге болады. жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |||
|
Всего комментариев: 0 | |