09:31
Риясыз рух

РУХ ЖАЙЫНДА ТҮСІНІК

Психикалық аурулар әманда рухты емес, психофизикалық организмді күйретеді. Себебі рух қай кезде болса да, ауру мен денсаулықтың арғы жағында бүлінбеген күйі тұа береді.

Ислам ғалымдарының көзқарасында рух бір жауһар (субстанция) және мақтауға лайықты сипаттармен көрініс табады. Рухтың болмысын білу мүмкін емес. оны тек асыл қасиеттері һәм сипаттары арқылы тануға болады. Алланың шеберлігін жаратылыстары арқылы танып білгеніміз секілді, адамның ойына, қалауына, мінезіне, іс-әрекеті мен сөзіне, ниетіне қарап, ондағы рухтың кемелдігі мен төмендіксипатын тани аламыз. Ибн Араби. «Рух – Алланың сыры» десе, Имам Ғазали: «Рух, нәпсі және жүрек – ақылдың мәні мен мазмұны» дейді. Ислам ғалымдары рухты «жаратылыс ішіндегі – мәңгі жоғалмайтын жаратылыс» деген. Олар қиямет күні жоғалмайтын сегіз нәрсенің бірі – осы рух деп көрсетеді. Ғалымдар: «Дене шіріп жоқ болса немесе бөлшектеніп кетсе де, рухтың онымен байланысы сақталады. Мұның сыры – рухтың денемен бес түрлі байланысы бар. Олар: Бірінші – рухтың денемен (эмбрион кезінде) ана құрсағында байланыс құруы. Екінші – дүниеге келгеннен кейінгі жер бетіндегі байланысы. Үшінші – ұйқы кезіндегі байланыс. Ұйқы кезінде рух денемен; денеде болуы және денеден бөлінуі секілді екі тарапты байланыс құрады. Төртінші – барзах (қабір) әлеміндегі байланыс. Адам қайтқанда рух денеден бөлінеді, бірақ денеден толығымен ажырап кетпейді. Хадис пен хабарларда келгендей, рух денеге қайтарылады. Бірақ бұл қайтарылу, денеге жан бітіретін қайтарылу түрінен бөлек. Яғни барзах әлемінде рух денеге қайтарылған уақытта, денеге жан бітірмейтіндей етіп қайтарылады. Бесінші – қайта тірілу кезіндегі байланыс. Бұл кезде дене мен рухтың байланысы ең кемел бейнеде көрініс табады».

Ислам философтары да рухты бірнеше түрге бөлген. Бұған дейін Аристотель айтқан үш түрге Ислам философтары тағы екі түрді қосады. Мәселен, Ибн Сина бұған: табиғат пен періштелік рухты қосқан. Барлығын біріктіретін болсақ: табиғат, өсімдік рухы, хайуани рух, инсани рух және періштелік рух болып жіктеледі. Өсімдік, хайуани және инсани рухты түсіндірулері Аристотельдің айтқандарымен үндеседі. Табиғатты олар – мәжбүрлік пен бір бағыттылық сипатына ие дейді. Ал періштелік рух – ақыл мен қалауға сүйенеді, бірақ харекеті бір ғана бағытта және өзгермейтін сипатта деген.

Болмыс атаулы ішіндегі қуаты ең күшті рух – инсани (адами) рух. Адам басқа жаратылыстардан осы инсани рух мәртебесі арқылы ерекшеленеді. Өйткені инсани (адами) рух Алла тарапынан үрленгендіктен кеңістікке мұқтаж емес. Сол себепті трансцендентті болмысқа жатады. Алайда рухтың асыл қасиеттерінің көрініс табуына мүмкіндік беретін адамның көркем бейнеде жаратылған тәні.

Сондықтан да адам бір жағынан материя (тән), екінші жағынан – рух. Рухани кемелдікке адам өз еңбегі мен қабілетінің, білімі мен танымының арқасында жетеді. Яғни кемелдік мақамдары адамның амалы мен танымының жемісі. Алайда адам рухы қанша кемелденсе де, Алла алдында нұқсандық сипатында қалады. Өйткені абсолютті кемелдік Аллаға ғана тән.

Философия мен психология саласының сөз еткен рух мәселесін Құранмен байланыстырсақ, Құранның көзқарасы бойынша рухты Алла жаратты және оның қандай кейіпте екенін де тек Алла біледі. Адамның жаратылысына ишарат ететін аяттардағы рух сөзі мынадай мағынаға саяды. Рух – адамға Алла тарапынан беріледі. Ол – адамдағы тіршілік көзі. Адамдағы әртүрлі қабілеттердің қайнар бастауы, сондай-ақ адамды Раббысын тануға, Оған дос болуға ұмтылдыратын сипатқа ие жаратылыс. Рух – адамды хайуаннан, тіпті барлық жаратылыстардан үстем етіп, оның өмірлік мақсатын айқындайтын және сол мақсатқа жетуге жәрдемдесетін, бойындағы барлық ізгі қасиеттердің бүр жаруына себепші болатын күш.

Құран аяттары мен хадистерде рухтың табиғаты, болмысы, заты егжей-тегжейлі баян етілмеген. Өйткені рух – трансцендентті болмыс, ақылдың түсіну қабілетінен биік нәрсе. Адамның ақылы рухтың табиғаты мен болмысын толық түсініп, қамти алмайды. Сол себепті Алла тағала адамға рух жайында жетерліктей аз мөлшерде ғана білім үйреткен. Құран адамда рух жайында мүлдем білім жоқ демейді, керісінше, ол жайында білімнің аз екендігін баяндайды: «Сондай-ақ олар сенен Рух жайлы сұрайды. Оларға. «Рух – Раббымның ғана білетін ісі. Бұл мәселеде сендерге тым аз ілім берілген», - деп айт».  («Исра» сүресі, 85-аят)

Тасаууф ілімі рухтың болмысына қарағанда оның кемелдік сипаттарын жетілдіруге және тәрбиесі мен тәрбиелеу әдістеріне көбірек көңіл бөледі. Қазақ даласындағы рухани көшбасшылардың бірі Йассауи бабамыз: «Егер адам тәндік һәм нәпсәни қалаулардан арылып, көңід айнасын тазартса, рух қайтадан жауһар халіне келеді», - дейді.

 
 
 

жиған-терген                 

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

                                                                                      

 

Просмотров: 149 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: