14:20
Құрбан айт

ӨЛІ РАЗЫ БОЛМАЙ, ТІРІ БАЙЫМАС

Күндегі жүрісінен жаңылмайтын күнтізбе биыл да өзін мұсылман қатарына қосып жүрген жамиғатқа Құрбан айт мейрамымен табыстырды. Оның үстіне аталмыш елеулі шараның бірінші күні жаппай демалыс күні қатарынан ойып тұрып орын алды ғой әлдеқашан.

Осынау қоғамдық-көпшілік мейрамның алғашқы күні бесқарағайлықтар мен қонақ-меймандар жылдағы игі дәстүр бойынша ауылдың оңтүстік-шығыс жағында жайғасқан қабірстан алдына мейілінше жиналып, аруақтар құрметіне оқылатын дұғаға шоғырланды.

Осындай кезде ғой бірін-бірі көптен көрмеген ауылдастар жылы жүздесіп, төс қағыстыра сыйласып, өмірден әлдеқашан озып кеткен туған-туыстарын, жора-жолдастарын, аға-інілерін, әпке-қарындастарын, ауылдастарын еске алады.

Ауыл имамы Жамбыл ақсақал жиналған қауымға Құрбан айттың қомақты маңызын түсіндірген соң, аруақтарға арнап Құран дұғасын түсірді. Кейіннен ізгі ниетке толы үлкен батасын берді.

Қабірстанды аралаған бесқарағайлықтар мен қонақтар аруақтардың басына барып, жеке Құран оқытып, еске алып, сезімге ерік беріп, босап алды.

Мүмкіндігі бар аулалар үлкен айттың бірінші күні құрмалдық шалып, ауылдастарды шақырды, сойылған мал етінің бір бөлігін әлеуметтік жағынан уақытша мүмкіндігі шектеулі отбасыларға шын жүректен тарту етті.

Үш күнге созылған Құрбан айт кезінде игі дәстүр бойынша үй-үйлерге бас сұққан бесқарағайлықтар жеті шелпектен дәм татып, адамгершілік ілтипатын көрсетті.

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 984 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: