ТЫҢДАЙ БІЛ, ТЫҢДАТА БІЛ!
Сіз сөйлеп, бір ұзақ әңгімені қозғап, ойыңызды ортаға тастағанда, айналадағы тыңдармандар басын басқа жаққа бұрып, көзін сізден алшақтатып, арасында бас изеп, ұялы телефонға қарап, тыңдаған сыңай көрсетіп жатса, оларға сіздің әңгіме қызық емес екенін өзіңіз де байқап қаласыз... Таныс жағдай ғой, иә?
Негізі алдыңызда сөйлеп отырған адамның сөзін тыңдап, оған қолдау білдіріп, әңгімесіне қосылып, пікір бөлісіп отыру – ол адамға деген сіздің құрметіңіздің белгісі. «Тыңдалмаған сөз жетім» деген қазақ мақалы дәл айтылған. Айтып жатқан әңгімеңіз ауаға тарап жатқандай күй кешсеңіз, оның себебін анықтау қажет. Әр кез сөзіңіз тыңдалмай қала ма? Ойыңызды түсіндіргіңіз келсе де, айналаны тыңдата алмайсыз ба? Егер осы сұрақтарға сіздің жауабыңыз «иә» болса, мына төмендегі кеңестерді қолдануға болады:
- Ол адаммен кезедсу, сөйлесу себебін анықтау. Мүмкін сіз тақырыптан ауытқып, адамның тыңдағысы келген ақпаратын бере алмай отырған шығарсыз;
- Ортақ тақырыпты табу, адамның қызығушылығын тудыратын дұрыс сауал қою және оның қойған сұрағына мұқият жауап беру;
- Бір сарынды әңгімені ешкім тыңдағысы келмейді. Көпшіліктің алдына шығып сөз ьастайтын болсаңыз да, назар аударту жаттығуларын естен шығармау қажет. Амандасудан бастап сәтті болса, ары қарай да аудитория сізді үлкен ықыласпен тыңдайтын болады;
- Айтар ойыңызды қайталап, айналып келіп бір тақырыпты талқылай беру ешкімге ұнамайды. Әңгімені айту барысында оның жүйесіне мән беріп отырыңыз,
- Адамға сұрақ қойып, оның да пікірін біліп отырсаңыз, сізді тыңдаудан ешкім жалықпайды. Көпшілік алдына шықсаңыз да көзіңізді адамдарға қаратып, алдында оытрған тыңдаушыға екі-үш рет сауал қойып, кері байланыс орнатып отырсаңыз, аудитория да белсенділік танытатын болады.
Әрине, әр кез сіз ғана сөйлеп, көпшілік тыңдап отыра бермес, сіздің де тыңдаушыға айналатын сәттеріңіз болады. Ол кезде өзге адам сізді қандай ыждағатпен тыңдаса, сіз де оған сол деңгейде құрмет көрсетіп, мұқият тыңдаған абзал.
- Сөйлеушінің орнына өзіңізді қойыңыз. Сізді тыңдамаса қандай күйде боласыз? Елестетіңіз.
- Ол адамға кері сұрақ қойып, пікіріңізді білдіріп, оны түсініп әрі тақырыпқа қызығып отырғаныңыздан хабардар ете отыру да артық етпейді.
- Тыңдағыңыз келмей, тақырып тіпті қызықсыз болып уақытыңызды босқа жоғалтып жатсаңыз, мәдениетті түрде кешірім сұрап, өзіңізге қызық әрі нақты жауап беруін, тақырыптан ауытқымай керек ақпаратты таныстыруын өтіне аласыз.
- Алдыңызда сөйлеп жатқан адам тұрса, ұялы телефонды қарап, назарыңызды басқа жаққа аударып отыру – адамға деген құрметсіздікті көрсетеді. Сондықтан маңызды қоңырау немесе хабарлама келіп тұрса, жауап беруге рұқсат сұрау сіздегі тәрбие мен мәдениеттің көрінісі.
баспаға әзірлеген
Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)
Ақсу қаласының Абай атындағы №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар облысы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
|