09:30
Ойлау және сөйлеу

ИМИДЖ СІЗДЕН БҰРЫН СӨЙЛЕЙДІ...

Киіміңе қарап қарсы алады,

Біліміңе қарап шығарып салады...

Сөйлеп жатқан сөзіңді тыңдата білу – үлкен өнер. Бірақ сол тыңдатудан бұрын алдымен сыртқы келбетіңіз бен имиджіңіздің үлкен рөл атқаратынын ескеріңіз. Айтқан сөзіңіз бен сыртқы бейнеңіз сәйкес келмесе, тыңдаушы да сөзіңізге иланбайды. Демек, сенім болмаған жерде – сізден шыққан ақпарат пен сөздің құны жоқ. Дұрыс айтып тұрсаңыз да ол адамның жүрегіне, санасына өтпейді. Адам көркі – шүберек. Көпшіліктің алдына шыққанда сәнді киіну, киіміңіздің дұрыс әрі таза болуы бірінші өзіңізге, сосын тыңдарманға, жалпы ортаға деген құрмет. Одан кейін сіздің беделіңізді айшықтап тұратын – киім сапасы. Сіздегі ерекшелік – сәтті таңдалған аксессуар, стиль үйлесімділігі. «Адамның киіміне қарау дұрыс емес, ең бастысы оның адамгершілігі» деген сияқты философиялық ойлар тек сылтау ғана. Қымбат киіну міндет емес, үйлесімді етіп кие білу де – талғамның мәселесі. Адамға сенімділік сыйлайтын тағы бір элемент ретінде киімді атап өту артық емес. сыртқы сымбатына, киген киіміне қарап адам өзіне жағымды эмоция сыйлай алады. Егер адамды «киімім нашар, үтіктелмеген, жібі шығып тұрған сияқты, мына түс маған жараспай тұр» деген сияқты ой мазалайтын болса, көпшілік алдында, сахнада немесе сөйлесіп отырған серіктесінің жанында ойы шашырап, сөзінен шатасып қалатын кемшілікке тап болады. Ұқыпты, өзіңізге жарасымды әрі ыңғайлы киім – сізді еркін сезініп, ойыңызды ашық айтып, еш қысылмай, дәл сөйлеуге мүмкіндік беретін фактор. Бірақ киімге кім қарайды деп, мың жерден әдемі сөйлеп, мақалдатып, өлеңдетіп жұртты ауызға қаратқанмен, сіздегі сөзге көпшіліктің сенуі қиын. Адам – сыншыл, қоғам да мінді бірден байқайды... «Мықты болып сайрай бергенше, дұрыстап киінбей ме», «ақыл айтпас бұрын киімін жөндеп алсын», «үтіктелмеген киімімен шыққаны ұят» деген сияқты пыш-пыш әңгіме өрбіп, спикерге, сөйлеп тұрған адамға деген құрмет автоматты түрде төмендеп кетеді. Біз ақпарттың 70 пайызын көзбен қабылдаймыз, 30 пайызын тыңдау арқылы ой елегінен өткіземіз. Ал әдемі киінген, сөзі мен әрекеті келіскен адам көз алдыңда ғажап сөйлеп тұрса, ол адамды тыңдау, айтқанына мән беру, құлақ асу – сондай бір жағымды сәтке ұласады. Яғни эмоция сыйлайды, ал эмоция сыйлаған кез келген әрекет біздің жадымызда ұзақ сақталады.

Мәселен, әншілер, өнер адамдары киіміне аса мән беріп, жылтырап, назарға ілініп жүреді. Айтар әнін қарапайым орындап шықса, ол есте қалмауы мүмкін. Ал киімімен, әрекет, биімен, сыртқы сәнімен қоса сахнаны жандырып, әдемілік тарту етсе, көздің жауын алатын сұлулыққа көрермен тәнті болады. Дәл солай іскерлік кездесуге спорт киіммен, үстіңізге ойланбай іле салған алқам-салқам киіммен баруға болмайды. Бұл кездесуді, маңызды жұмысты сәтсіздікке ұшыратуы әбден мүмкін.

Сондықтан сөйлер сөзіңіз жетім болмай тыңдалсын десеңіз, сыртыңыздың сәніне, сосын сөзіңіздің мәніне аса назар аударыңыз.

Спикер ұзақ әрі ғылыми тақырып қозғайтын болса, ол ресми стиль ұстанады, киімі де соған лайық болады. Тура солай қай ортаға қандай киім таңдап кию керектігін де өз саласының мамандарымен келісіп, бір кеңес алып, жарасымды түстер үйлесімділігін таңдап, талғамды да тәрбиелеп алыңыз. Талғамы жоқ адамның өзін танытуы да қиынға соғатынын ескеру керек.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 141 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: