23:07 Оқшау ой | |
ОТБАСЫНЫҢ ОШАҒЫ ЕШҚАШАН СӨНБЕСІН Отанның бастауы болып табылатын отбасының қадірі қашанда қымбат қой. «Махаббаттың құдірет күші әлдилеген» қос жүрек, қос сезім жарасымдылық тауып, екі жарты бір бүтінге айналып, шаңырақ көтеріп, өз алдына үй болып, қазан-ошағын түтіндетіп, отбасылық-жанұялық өмірге жол тартады. Жанға жан, малға мал қосып, бақ-берекеге кеңеледі. Шаңырақтың биіктігі, босағаның беріктігі отау тіккен ерлі-зайыптылардың кәусар сезімдеріне, адал ниеттеріне, адами сыйластықтарына һәм басқа да асыл қасиетке тікелей байланысты екені жаңалық емес. Дейтұрғанмен ықылым заманнан қалыптасып қалған осынау қағидат сақтала бермейді. Сан түрлі себеп шаңырақтың шайқалуына, босағаның әлсіреуіне, ошақтың сөнуіне зиян-залалын тигізеді. Бәз біреулердің жеке өміріне араласудан аулақпын. Тек іште жүрген пікірмен, оқшау оймен бөлісудің амалы ғана. Ортамызда өзгелерге үлгі-өнеге болатын керемет отбасылар жетіп артылады. Балаларын өсіріп, бірінің қателігін бірі кешіріп, немере-шөберенің таусылмас қызығын бірге көріп, жұптары мәңгі жазылмаған ерлі-зайыпты жандар да аз емес арамызда. Заманның, бастан өтіп жатқан күндердің аумалы-төкпелілігіне қарамастан отбасының ошағын сақтап жүргендерге мың тағзым. Кеңестік дәуірден жатталып қалған «Отбасы – қоғам атты ұяның бір ұяшығы» делінетін қанатты сөз өз заманынан озып, қазіргі таңда мән-маңызымен әуелеуде. Ата-баба қалыптастырып кеткен асыл жол жалғасуда. Өкінішке орай, маздатып отырған отбасы ошағын сөндіріп алғандар да көбеймесе де азайған жоқ. Оның да себептері алуан-алуан болып келеді. Айталық, дүние қуып, пендешілікке салынып, отбасылық құндылықтарды аяқасты қылады. Күйбең де бір сарынды тірлік-тіршіліктен мезі болып, қажу көріп, сырттан бір мезеттік қызық іздеп, жанұяның берекесін кетіреді. Жарасым тауып, өз алдына отау құрып жүрген ерлі-зайыптылардың өміріне үшінші біреулер (өз жұрты, қайың жұрты) араласып, келсін-келмесін ақыл-кеңестерін жаңбырша жаудырып, араларына іріткі салып тынады. «Сондай» ақыл-кеңестердің жетегінде кетіп, артынша орны толмас опық жеп, ана бір ертегідегідей жарық астаудың жанында қу бас боп, аһ ұрып қалады. Сол сияқты жанжарының көзіне шөп салып, отағалық немесе отаналық тұғырынан омақаса құлап, опық жеп қалады. Бір тұрақты жағалау таба алмай, сең соққан балықтай шалт басып, тату-тәтті шаңырақтың берекесін кетіріп жүрген жалғызбасты жандардың сұрқия әрекеттерінен шаңырақ шайқалады, береке қашады, құт кетеді. Әрине, отбасылық өмірдің керемет үлгілері де жетіп артылады. Өзі кетсе де, көзін сары майдай бағалап жүрген, нақсүйер жандарға деген тағзым шексіз. Көбелекше қызық қумай, отбасының тыныштығын, адал сезімнің беріктігін сақтап жүрген абзал жандар нағыз үлгі-өнеге, тәлім-тағылым емес пе! Қамшының сабындай-ақ қысқа жалғанда отау тігіп, шаңырақ көтерген екенсің, онда: отбасы ошағының маздап жануына жаныңды сал; өзгелерге асылдайын үлгі болуға тырыс; Құдай қосқан жанжарыңды алақанына салып өт; мейірімді, жылы көзіне шөп салма; бала-шағаңның «адамның баласы болуына» бар ынта-жігеріңді, ақыл-қабілетіңді, қолдан келер мүмкіндігіңді сарп ет; жанұяңның өміріне үшінші біреулердің араласуына ешқашан жол берме; өзің де ондай-ондайлардан іргеңді аулақ ұста; пендешілік пен дүниеқоңыздыққа салынбауға тырыс; үй болғаннан соң, ыдыс-аяқ шылдырламай болмайды, соның бәріне асқан шыдамдылық таныта төзе біл; жанжарыңның болар-болмас мініне кешіріммен қарауға жағдай жаса; ауыр-ауыр сөздерден, есер-ерсі әрекеттерден қандай жағдай болмасын ада бол. Түйіндегенде, қандай да бір қиын-қыстау жағдаятқа қарамастан отбасының ошағы ешқашан сөнбесін. Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Лебяжі ауданы, Павлодар облысы | |
|
Всего комментариев: 0 | |