00:20
Қоғам ұйытқысы

ОТАН – ОТБАСЫНАН БАСТАЛАДЫ

            Әлбетте, адамның жеке басының алғашқы қалыптасуы отбасынан басталады. Оның ер жетіп өсуі, бойындағы алғашқы адамгершілік белгілер отбасында қалыптасады, сондықтан да туған үйдің жылуы – оның көкірегінде көп жылдар бойы сақталып, мәңгі есінде жүреді. Ақын сөзімен айтқанда: «Отбасы – табиғат сыйлаған кереметтердің бірі», - десек артық емес. Жеке адамның бойындағы ар-ұяты, ақыл-ойы, адамгершілігі, басқа адамдармен қарым-қатынаста, мәдениеттілікті тәрбиелеуде отбасы алғашқы қадам. Сондықтан, отбасы өте қажетті, басқадай ешнәрсемен өзгертуге я ауыстыруға болмайтын баспалдақ қой шынында. Отбасы – сыйластық, жарастық орнаған орта. Отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы.

Бесқарағай ауылында да өзгеге үлгі боларлық көпбалалы отбасылар жетіп артылады. Осынау құрметке ие жанұялар қатарына алтын алқалы Әлдекеновтер, Ибрагимовтар, Қалымовтар, Исабаевтар һәм басқа үлгі тұтарлық ошақтарды жатқызуға болады. Осы күндері ұлын ұяға, қызын қияға қондырып отырған алтын-күміс алқалы отбасылар да құрмет-қадірге ие.

Отбасының басты қазығы, алтын тіреу діңгегі – бала.  Баланың тәрбиелі болып өсуіне берекелі отбасының әсері мол. Отбасының әрбір мүшесі, өзара сөйлесіп, не болмаса ата-ананың, баланың міндетін атқару ғана емес, береке-бірлік, сүйіспеншілікпен араласса, босағасы берік, шаңырағы биік отбасына айналары сөзсіз.

Ауылымызда өмір сүріп отырған Әлдекенов Серікпай мен Омарова Гүлсімнің отасқанына көп жыл болды. Зейнеткерлікке әлдеқашан шықса да, отағасы Серікпай ақсақал әлі күнге дейін денсаулықтың арқасында шаруашылықта мал бағумен айналысып, қажырлы еңбегінің жемісін көріп отыр. Ауылдың экономикасын өркендетуге шексіз үлес қосып, даңққа бөленуде. Отанасы Гүлсім апа балаларына үлгілі өнеге дарытты. Әр ұлы өз алдына шаңырақ көтеріп, немерелер қызығымен ата-әжесін әлдилеуде.

            Ата мен ана – бала тәрбиесінің қамқоршысы, өнегесі.

            Ата – асқар тау,

            Ана – бауырдағы бұлақ,

            Бала – жағасындағы құрақ, – деп ата-ана мен баланы табиғаттың тамаша құбылыстарына теңеген халық мақалына қайран қаларсың.

Аталар мен апалар ауыл-аймақ, ағайын арасының берекесі, ақылшысы болып келеді. Олардың әрқашанда мәртебесі биік болып, сый-құрметке бөленген. Өйткені, үлкенді сыйлауды қадір тұтқан қазақ салты бойынша көргені мен  тұрмыста түйгені көп, тәжірибесі мол адамның сыйға бөленуі заңды құбылыс деп танылған. Үлкенді сыйлау, ақылын тыңдау көргенділік деп есептеледі.

Дәстүрлі қоғамда ата-апаның тәрбиесін көрмей өскен бала болмаған. Ата-апалар жыр, дастан, ертегі айтып, немере-шөберелерін рухани байытып, тәрбиелеп отырған.

            Қазақтың ежелгі дәстүрі бойынша тұңғыш немересін атасы мен апасы өз қолына алып, немере ыстық болғандықтан балаларынан да артық көріп, тәрбиелеген. Тұңғыш немерелер ата-апасын өз әке-шешесіндей санап, туған әке-шешесін тек қана өскеннен кейін де танып жатады. Кейде тұңғыш немересі кенже ұлының орнына, атасының қара шаңырағына ие болып та қалатын жәйт кездеседі.

            Әке – әулет басшысы, отбасы мүшелерінің тірегі, асырап сақтаушысы, қамқоршысы. Отбасындағы ұл тәрбиесінде әке мен апалардың орны ерекше. Әке үйі барлық балалары үшін үлкен үй, қара шаңырақ деген киелі ұғымдармен сыйлы да құрметті. Айталық, Бесқарағай ауылында асқар таудай үлгі болып жүрген әкелер қатары жетіп артылады.

 Абзалы сол, отбасы – адам ғұмырының тірегі ғана емес,  қоғамның да басты негізі.

құрастырған Бегімхан  КЕРІМХАНҰЛЫ,  Бесқарағай ауылы , Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 1033 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: