12:56 Өнерлі өрге жүзер | |
ЖЫЛЫ ҰШЫРАҒАН ЖЫЛЖЫМАЛЫ КӨРМЕ Әйгілі Әйтей батыр баба асында жиналған қауымды анадайдан тартып, жан-жүрекке жылы ұшыраған шатыр түрінде тігілген жылжымалы көрме болды. Жасыратыны жоқ, осындай деңгейдегі қазақы астарда жылжымалы көрмені көрмек түгілі, мұндай да керемет болады деген ой да болмайды ғой. Ендеше, бұл да өздігінен танымды арттыратын, ішкі жан дүниені гүлдендіретін таптырмас бірегей жайт екен. Жылжымалы көрменің авторы – Анар Дәулетбекқызы Әубәкір. Павлодар қаласының тумасы саналатын, кезінде Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясын тәмамдаған, қазіргі таңда Астандаа тұратын Анардың балалық шағының бір бөлігі Жабағылы ауылында өткен екен. Оның үстіне өзі шыққан жанұя Бәсентиін руына тамырластық жағынан жақын көрінеді. Ол ол ма, генеалогиялық тармағы Әйтей батыр бабамен байланған. Отызға аяқ басқалы жүрген Анар Дәулетбекқызы Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі болып табылады. Кескіндеме магистрі, халықаралық додалардың бірнеше дүркін лауреаты, оның ішінде 2010 жылы Ресейдің Санкт-Петербор қаласында өткен өнер аптасындағы «классикалық кескіндеме» саласында ең үздік жұмыс номинациясына ие болыпты. 2013 жылдан бері Art Sapar Art of Kazakh eli, яғни «Қазақстандағы Алғашқы жылжымалы көрмелер», ғылыми-тәжірибелі ұйымының ұйымдастырушысы екен. Анар Дәулетбекқызының айтуынша, «Арт Сапар» жиыны он үш суретші, өнертанушы мен мүсіншіден құрамдалған ғылыми-шығармашылық топ саналады. Жарық көрген жұмыстар коммерциялық пиғылдан емес, тұрғындардың ұлтжандылық, елжандылық сезімдерін тәрбиелеуге бағытталып, шын жүректен шыққан еңбек болып табылады. Жаңа шығармашылық жобаға «Қазақтың дәстүрлі каллиграфиясы» атты графикалық суреттер топтамасы жатады. Оның үстіне суретші Анар қазақтың эпикалық нышандары һәм шынайылығы стилінде еңбек етуде. Графикалық кескіндеме арқылы дүниеге келген суреттермен қатар майлы бояулы қылмен салынған керемет өнер туындылары да жылжымалы көрмеде менмұндалап орын алды. Олардың ішінде Павлодар қаласындағы Мәшһүр Жүсіп атындағы бас мешіттің, Ақ мешіттің майлы бояулы бейнелері бірден көздің жауын алады. Сол сияқты өз ата-әжесін, қазақтың тұрмыс-тіршілігін, көшпелілердің нышандық белгілері бедерленген түрлі стиль түріндегі туындылары көрген адамның бойында патриоттық қасиеттерді бірден оятады. Әйтей батыр баба асында бой көтерген жылжымалы көрме талабы пырақтаған жас суретшінің тәжірибесінде қарағайы жайқалған сайын далада тұңғыш рет өткізіліп отыр. Көз тартар өнер туындыларына толы осынау шатырға бас сұқпаған адам кемде-кем. «Бәрін айт та, бірін айт» демекші, А.Әубәкірдің қолынан шыққан Әйтей батырдың графикалық кескіндемелі суреті жадыда ұзағынан сақталып қалды. Себебі сол – осынау суреттегі баба бейнесін жергілікті өлкетанушы-шежіреші Т.Шакармановтың мына бір сөзімен айқындауға болады: «Әйтей батыр қасиеті қонған батагөй адам болған екен және берген батасы қате келмепті-мыс. Өзі орта бойлы, нығыз денелі, жалпақ жауырынды сары жирен кісі болыпты. Көзінің өткірлігі соншалық – адам баласы көзіне тура қарай алмапты. Көкшіл көзін қалың қабағы жауып тұрады екен. Саусағымен қабағын көтеріп қарағанда, күншілік жерді көрген деседі». Шынымен-ақ солай. Тұла бойы нәзіктікке толы жас суретші қызығушылық танытқан әрбір адамға өз шығармашылығы жайында тәптіштеп әңгімелеп беруден еш жалыққан жоқ. Есесіне өз білген-түйгенін ортаға салуды жөн көрді. Естелікке фотосуретке түсем деушілердің де көңілін қайтармады. Жүз жерден белгілі де танымал болғанына қарамастан, абыройы асқан қарапайымдылықтың таптырмас үлгісін көрсеткендей әсер қалдырды. Біз де өз кезегімізде аймағымыздың сурет өнерін өрге сүйреп, жетістік асуларын бағындырып жүрген Дәулетбекқызы Анарға толассыз шығармашылық табыс тілейміз. Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ[i] Жабағылы ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы [i] Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі, №3741-мүшелік билет | |
|
Всего комментариев: 1 | ||
| ||