12:35
Өнегелі өнер өресі

КИЕЛІ КҮЙ ҚҰДІРЕТІ

Қазақтың маңдайына біртума һәм дана атанған хакім Абайдың:

Құлақтан кіріп, бойды алар,

Жақсы ән мен тәтті күй.

Көңілге түрлі ой салар,

Әнді сүйсең, менше сүй, -

дегені қанатты сөзге айналғаны қашан. Ал ән мен күй үйлесім тауып, бір жерден шыққан мезетте осынау нақыл шумақтың мазмұндық маңызы салмақтана түсері хақ.

Киелі күйдің құдіретін жай ғана тыңдамай, құлақтың сұңғыласын аша һәм сезім көкірегін, жан тебіренісін, жүрек лүпілін оята қабылдағанда ғана түсініп-түйсінуге болады. Домбырамен, сазсырнаймен, сыбызғымен, қобызбен, аккордеонмен, тіпті, үйлесімді оркестр орындаған күйдің және осынау саздардың сүйемелдеуімен шырқалған әннің сахналық қасиеті шапағаттана әуелейді.

Елордадан шалғай-жырақта жатқан тыңдарман-көрерменін аңсап Қазақстан Республикасы еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері, дарынды күйші, дарабоз сазгер, танымал әнші Секен Тұрысбеков көркемдік жетекшілік жасайтын «Ақ жауын» мемлекеттік камералық оркестрі ат терлетіп Лебяжі ауданы орталығы Аққу елді мекенінің кең де зәулім Мәдениет үйіне келді күні кеше. Ілуде бір рет өткізілетін дәл мұндай өнер қызығын тамашалауға күйдің кие-құдіретін ерекше қабылдайтын көрермендер мәдениет ордасына асыға аттанып, жұлдыздар өнерін тыңдап-көруге ынтықтанды.

Жарық сахна төріне жайғаса орныққан оркестр концерттік репертуарды Жантөренің «Шалқыма» атты көңілді күйімен ашты. Күй аяқталған соң сахнаға әйгілі Секен Тұрысбеков шығып, бағдарламаны бастан-аяқ өзі жүргізді. Әр шыққан сайын Секен ағаға деген көрермендердің қошеметінде шек болмады. Оның үстіне өлең шумақтарымен философиялық шегініс жасағаны концерттің бояуын одан сайын көркем әрлей түсті. Па, шіркін, дерсің ондайда!

С.Тұрысбековтің «Ақ жауын» күйі орындалғанда көз алдына қоңыр күзде жиі болатын жылауық жаңбыр бояулары оркестр орындауындағы саздың әсерімен келеді. Жалпы, жаңбыр-жауын тақырыбы Секен ағамыздың бейне бір сахналық бренді дерсіз. Осынау күй-сазды демалыс кеші барысында бір көрерменнің өтініші бойынша жоғары деңгейде орындалған атағы алты Алашқа аян «Көңіл толқыны» күйінің шығу тарихына айрықша тоқталған Секен аға осынау сазды шығарманың жарық көруіне жазғы жаңбыр һәм оның айналасында болатын ауа райының құбылыстары себеп болғанын жеткізді, оның үстіне бұл күй арқылы автор бойынды кернеген мұң-шерді тарқатқан екен. Жанұялық қасіретті киелі күйдің қасиеті арқылы ауыздықтаған екен. Демек, «Ақ жауын» күйі «Көңіл толқыны» күйінің желілес жалғасындай. Көрермен тұрғысынан қарасаңыз, Секен Тұрысбеков те, «Ақ жауын» мемлекеттік камералық оркестрі де нөсерлі жаңбырға, сіркіреме жауынға ұқсайтындай сезім қалдырады.

Үлкендердің жетегімен келіп, көрермендер залында арлы-берлі һәм ерсілі-қарсылы жүгірген, балмұздақтай тәтті тіл-қылығымен қасиетті балалардың құрметіне сазсырнайдың сүйемелдеуімен шырқалған атақты С.Бәйтерековтің «Кішкентай» күйі үлкендердің өзің келмес те қимас балалық шаққа сапар шеккізді ғой. Ал сыбызғымен орындалған әйгілі күйші Қалектің «Арман» күйі иіместей көрінетін қатты көңілдің өзін жібітіп, жан-сезімнің босануына жетелеген құдіреті неге тұрарлық, шіркін!

«Ат – ер қанаты» дейді дана халқымыз. «Ақ жауын» оркестрі үшін де ат атаулы шығармашылық қазына үшін маңызды екені концерт репертуарындағы бірнеше туындылармен атой салды. Айталық, Мүкейдің «Қос басқан», Ахметбектің «Жылқышы», Құрманғазының «Төремұрат», халық күйі «Бозайғыр» күйлерін ұйып тыңдағанда, арғымақ-тұлпардың шабысын, оларды ауыздықтаған жігіттердің, батырлардың қайрат-жігерін бейне бір кинолентадай көз алдынан еріксіз өткізеді екенсің түбінде.

Көрермен-тыңдармандарды таң-тамаша қылдырған туындылардың ішінде қобыздың сүйемелдеуімен саздалған «Аққу» һәм «Қасқыр» күйлерін екшелесек әңгіменің мерейі көркемдене түсері сөзсіз. Киелі қобыздың қоңыр үні айдынды жағалаған аққулар сұңқылын әспеттей суреттеген сияқты. Әсіресе күйдің соңындағы аққулардың қиқулай ұзап бара жатқан үні сағынышқа жетелейді. Аққу атын алып жүрген аудан орталығы үшін киелі аққу құстың орны мәрт әлбетте. Күйден соң барсакелмеске кеткен аққуларды аңсайсың еріксіз. Ал «Қасқыр» күйі қос қобыздың үйлесім таба сүйемелдеуімен орындалғаны неге тұрарлық! Ауыл торыған екі түз тағысының олжа үшін бе, жемтік үшін бе өзара ырылдай таласы, бәзбіреудің аңдаусызда мылтықтан оқ атуы, артынша бір қасқырдың қыңсылағаны қобыздың құдіретті сазымен шеберлікпен берілді.

Сонымен қатар оркестр орындаған «Бұлғын сусар», Әшімтайдың «Қоңыр қаз», Н.Тілендиевтің «Бауырластарым», «Талас», батысеуропалық ойнақы реңкті «Виктория» күйлері тыңдарман қауымға өз тақырыптық мазмұнының небір қыр-сырларына, сезім-иірімдеріне бойлатты. Тіпті аккордеонның сүйемелдеуімен де орыс халқының күйі шырқалды.

Тау тұлғалы Секен Тұрысбеков қазақтың қара домбырасымен жоғарыда сөз болған әйгілі «Көңіл толқыны» күйінен басқа оркестрдің сүйемелдеуімен өзінің «Жалғыз қасқыр», «Аруана» күйлерін асқан шеберлікпен орындады. Ол ол ма, өз жанынан шығарған «Жанымнан тәтті өмір», «Ерке құсым» әндерін қоңыр дауысқа салып, кәсіби тұрғыда шырқады. Өзі қатыса әуелеткен күйлерде, әндерде Секен аға дирижерлік дарынымен де төбе көрсетті. Иілмелі саусақтарының әр қимылын бірден ұғатын оркетрдің жас өнерпаздары көркемдік жетекшінің талабын абыроймен аспандата білді. Ұйыған айрандай ұжым деп осындайда айтса керек.

Табиғатынан қарапайым Секен Тұрысбековтың тұлғасынан қазақы сыйластық, қазақы мәрттік, қазақы ілтипат самалы есіп тұратындай көрінеді көзі ашық, көкірегі ояу жанға. Өзі жүргізген концерттің кезінде жетекшілік жасайтын оркестрдің жас өнерпаздарын қошеметтеуден аянбады. Секен ағамыздың айтуына қарағанда, оркестрдің әрбір өнерпазы халықаралық, республикалық деңгейде өткізілген түрліше байқаулардың лауреаттары екен. Шара барысында жекелей аспаптар бас болып орындалған күйлер осының бірден-бір айғағы болып табылады. Сонымен бірге әкелік қамқорлық көрсете Секен аға оркестр мүшелерін «өткір көз мен сөзден сақтасын» деумен ерекшеленді. Осынау демалыс кешінің өтуіне барлық жағдай жасаған Лебяжі ауданы әкімі А.А.Құрманованаға деген ризашылығы мәрттігімен қандай пәк еді!

Екі сағат аралықты мейілінше қамтыған концерттің шымылдығы түрілер шақта сахна төріне шыққан Лебяжі аудандық мәслихатының хатшысы Қ.М.Әлтаев С.Тұрысбековке һәм жетекшілік жасайтын «Ақ жауын» мемлекеттік камералық оркестріне деген ризалығын айтты. Қанат Мыңтайұлы Секен ағамыздың біртума дарынын жоғары бағалай келе, аудан әкімі Айзада Амангелдіқызының атынан оркестр ұжымына Алғыс хатты салтанатты түрде табыстады, ал дарынды таутұлға Секен Тұрысбековтің иығына қазақы шапан жапты.

Сарыарқаның өзінше бір бөлігі болатын Аққу еліне табан тіреген «Ақ жауын» мемлекеттік камералық оркестр концерт бағдарламасын әйгілі «Сарыарқа» күйін шырқаумен жапты. Көрермендер бір адамдай орындарынан тік тұрып, ықыласты құрмет-қошемет танытты.

Асылында, осындай деңгейдегі көркемөнер ұжымының келуі шет-шалғайдағы елді мекен тұрғындарын рухани жағынан азықтандырады. Көрермендер залы аузы-мұрнынан шыға толмаса да, осынау киелі күй құдіретінің табиғатын құлағының құрышын қандыра, құлағының сұңғыласын идіре тыңдай білетіндей көрермендер қатарымен көріктенді. Ұлттық тұрғыдан әсерленген аққулықтар мен жақын ауылдардан келген лебяжіліктер осынау концертті жадыларында ұзақ сақтап, әдемі әңгімеге тиек етері сөзсіз әлбетте.   

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай ЖОББМ оқу-тәрбие істері меңгерушісі, «Нұр Отан» партиясының «Бесқарағай» БПҰ төрайымының орынбасары

Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 1167 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: