18:00 Құндылық қадамы | |
ЖАУАПКЕРШІЛІК Өсиет әңгіме Ертеде бір елде қарапайым да еңбекқор халық өмір сүріпті. Таңсәріден егін салып, бидай орып, бір тынбайтын бұл адамдар кедейшілік дегенді көрмесе керек. Бір күні сол елге сіңірі шыққан кедейлігімен атышулы бір жас жігіт келеді. ел арасына кіріп, танысып, хал сұрасқаннан кейін ауыл ақсақалдары жігіттен: - Кедейшілікке неге мұнша бой алдырдың? – деп сұрайды. Сонда жігіт: - Кедейлікті ешкімнен сұрамап ем, ал жауапсыздық соңымнан қалмады, - депті басын көтермей. – Мен мұнда бекерге келмедім, өздеріңіз сияқты еңбекқор жандар жауапсыздығымды тастауыма себін тигізер деп келдім, - деп үміт арта сөйлейді. Үлкен қариялар жігітті қай жұмысқа болмасын бірге ертіп жүрді. Қай істі бастаса да: «Соңына жеткізгенше, істің рахатын көрмегенше, тыңбай еңбек ет», - деп қайрап отырады. Арада күндер өткен соң жігіттен қариялар: «жауапсыздығың қалды ма?» - деп сұрайды. Сонда жігіт: «Жауапкершілік – істің соңғы рахатында екен ғой», - деп жауап беріпті.
Оқушымызды жауапкершілікке қалай тәрбиелейміз? Ең бірінші – өзіне жауапты болудың мағынасын кеңінен түсіндіру. Достарының арасында берген уәдесінде тұра білуі, өз ісін мойындауға дайын болуы, саналы шешіммен әрекетке баруы секілді тақырыптарды мысал бере отырып әңгімелеу. Сондай-ақ, жауапкершіліктің артықшылықтары мен пайдасын тереңірек түсіндіру де маңызды. Бастаған кез келген ісін соңына дейін жеткізуге жетелеңіз. Соңындағы нәтижесіне бірге қорытынды жасаңыз. Үйірме жұмыстарында нәтиже көру үшін аяқсыз қалдырмауы маңызды екенін немесе үй жұмысына дайындығын толық аяқтағанда жақсы көрсеткішке қол жеткізе алатындығын ұғындырған жөн. Содан соң шамаларына қарай жауапкершілігін біртіндеп арттырып отыру керек. Олардың жауапкершілік таныта жасаған істерін мадақтаған жөн. Оқушыңызға сенім артқаныңызды жиі сездіріңіз, сонда жауапкершілікке ие тұлға ретінде жетіліп келе жатқанын байқайсыз. баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Всего комментариев: 0 | |
