09:28
Құндылық қадамы

ЖАУАПКЕРШІЛІК

Жауапкершілік дегеніміз не?

Белгілі бір істі, өзіне тапсырылған міндетті орындап, жүзеге асыруынан байқалатын адамгершілік қасиет. Жауапкершілік – әр адам бойында қалыптасатын маңызды құндылықтардың бірі.

 

Көпшілігіміз бала тәрбиесінде жауапкершілік сезінуді маңызды деп есептейміз. Сонда жауапты болу деген нені білдіреді? Неге ол соншалықты маңызды?

Жауапты болу – өз ісінің ақырын ойлай алу, саналы түрде әрекет жасау деген сөз. Бала тәрбиесінде мамандар мінездің қалыптасуы ана жатырында бастау алады дейді. Демек, ана болуға бел буған әйел саналы түрде баланың жан-жақты жетілуін қамтамасыз етуге жауапкершілік алады. Жүктілік кезеңі мен мектепке дейінгі уақытта баланы тәрбиелеу емес, өзін тәрбиелеумен айналысқанын құптайды. Себебі бала санасына көргені мен естігені өзгеріссіз жазылады. Талдау жасауға, көрген-естігенінің себеп-салдарын ұғынуға қауқарсыз болғандықтан тек қабылдау процесі орындалады. Ал мектеп жасына келген бала өз ой-санасы жетілген, ойлап, шешім қабылдай алатын қабілетте. Оған дұрыс пен бұрысты адыратып, зиян мен пайданы түсіндіріп, қабілетін дағдыға жетелеу осы тұста ұстазы мен ата-анасының басты міндеті. Баланы өз отбасындағы, сыныбындағы міндеттерімен таныстырып, жауапкершіліктің әрекетін өз істерінің үлгісімен көрсету – жауапты болуға тәрбиелеудің маңызды қадамдары. Отбасылық тәртіпте үй мүшелерінің ортақ принциптеріне бағынуы, ата-ана талаптарының уақытылы орындалуы, өз меншігіндегі әлемінің басқаларға кедергісін келтірмеуі жауапкершілікке жетелейтін әрекеттер. Со лсекілді мектептің, оның ішінде, сыныптың ішкі ережелерімен танысуы, міндеттерін білуі, ортасымен байланыс құруы, отбасылық тәртіп пен сынып ішіндегі тәртіпті ұштастыра білуі – жауапкершіліктің алғы шарттары. Бұл шарттармен таныстырмай, үлгісін көрсетпей тұрып баладан жауапкершілік танытуын сұрау ақылды санаға іліге қоймас.

 

Отбасында жауапкершілікке тәрбиелейтін міндеттер:

  • Дастарқан басына уақытылы келу;
  • Үлкендерге көмектесу;
  • Бауырларына қамқор болу;
  • Үй шаруасында жәрдемші болу;
  • Өз заттарына, бөлмесіне жинақылықпен мұқият болу.

 

Мектеп қабырғасында жауапкершілікті сезіндіретін міндеттер:

  • Сабақ барысындағы тәртіп пен үзіліс кезіндегі тәртіпті сақтау;
  • Берілген тапсырманы уақытылы орындау;
  • Мектеп пен қоғамдық орындарда тазалық сақтау;
  • Мектеп мүлкіне зиян тигізбеу;
  • Мектеп қызметкерлерінің еңбегін бағалау.

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 6 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: