09:09
Құндылық қадамы

ӘДІЛДІК

#2 Қазыбек бидің төрелігі

Қазыбек би беріде елге белгілі болған кезде екі әйел балаға таласып дауласып, алдына келіп жүгінеді. Әйелдердің біреуі:

- Мынау баламды есін білмейтін жас күнінде жоғалттым. Соны мына әйел тауып алды ма, әлде ұрлап алды ма, оны білмеймін, әйтеуір асырап алыпты. Бүгін танып, сұрасам «өз балам» деп бермейді.

Екінші әйел тұрып:

- Бала өзімдікі, өзім таптым, мынау босқа жармасып тұр.

Қазыбек би екі әйелдің сөздерін тыңдап болып, біраз ойланып отырып қалады. Содан кейін:

- Бірің балаңды жоғалтқаныңды, енді бірің тапқаныңды растап шығарлық мұнда басқа куә жоқ. Сондықтан мұнда мынадай билік еткім келеді, - дейді де, баланың екі қолынан екі әйелге ұстатып қойып, қара балтаны жоғары көтеріп, - екеуіңе қақ бөліп беремін, осыған ризасыңдар ма? – дейді. Сонда балаға ие болып жүрген әйел:

- Біреуге тірі кеткенше, жартысы болса да өзімде қалсын, бөлсең бөл! – деп безеріп тұрып алады. Ал баланы таныған әйел:

- Ойбай, биеке-ай! Қайда жүрсе де, тірі болсын, шаба көрмеңіз! – деп безек қағады. Содан барып Қазыбек би:

- Бала мына жоғалтқан әйелдікі, өйткені ол баланың тірілігін тілеп тұр, баласын өзіне бер, - деп билік айтады.

 

#3 Егін алқабы

Екі ағайынды бауыр болыпты. Олар үлкен егін алқабына иелік етіпті. Бір күні ағайынды бауырлар оны бөліп алуға шешім қабылдайды. Бірақ бөлісе алмай дал болады. Ары ойланып, бері ойланып шешемін таппаған соң, кеңесшіге барып, мәселені шешіп беруді сұрайды.

- Ақыңызды айтыңыз, мына тығырықтан ұрыс-керіссіз қалай шықсақ болады? Жерді теңдей бөліп беріңіз, - дейді.

- Қазір сендерге бір амалын айтамын. Бұдан былай үнемі осы тәсілді қолданыңдар. Біріншің жерді теңдей бөлсін, ал екінші бауырың қай жақты алатынын шешсін, - деді.

Осыдан кейін бауырлар үнемі осы әдісті қолданатын болды.

 

#4 Олар бәрін байқайды...

Сенбінің көңілді күні еді. Алмат екі ұлын алып, балалармен гольф ойнауға шығады. Ол кассада тұрған жігітке келіп:

- Билет құны қанша? – деп сұрайды.

- Сізден мың теңге және алты жастан асқан балалар үшін де мың теңге. Алтыға толмаған балаларды тегін кіргіземіз, - дейді.

- Кіші ұлым төрт жаста, үлкен ұлым жетіде. Міне, екі мың теңге, алыңыз, - деді Алмат.

- Қараңызшы, сіз үлкенім алтыда деп-ақ мың теңгеңізді үнемдеуші едіңіз. Ал мен байқамай қалатын едім, - деп күлді кассадағы ақшаны есептеуші.

- Иә, мүмкін сіз байқамай қаларсыз. Бірақ балалар байқайды, - деді.

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 4 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: