00:05
Құндылық қадамы

ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ

Әңгіме

#1 Алтын домбыра жайлы аңыз-әңгіме

Ерте заманда елім деп егіліп, тоғыз тарау елдің тарихын жадында сақтаған қарт жыршы болыпты. Кәрілік жеңіп, дәмі таусылар сәт таянғанын сезген ол, бүкіл ел-жұртын, үрім-бұтағын жинап:

- Уа, жараңдар, қазір менің көкірегімде тоғыз тараудың шежіресі қаттаулы. Ел есінде қалар шаруаны өзіммен бірге жасасып, бірге қартайған осы бір ескі домбыраның көмегімен үлкен-кішіңе паш етіп келдім. Көз жұмар шақта білгенімді кімге қалдырам деп жүз ойланып, мың толғанып, шешімін таппадым. Ендігісін өздерің біліңдер, - деген екен.

Жас-кәрісі, ерлі-зайыптысы түгелдей жиналған жұрт өзара кеңесіп, тоғыз тарауды қарт жыраудың домбырасының шанағына құю керек деп шешкен екен. Сонда осынша байлық оның қуыс мойнынан шығып кетпесін және тоғыз тараудың белгісі болсын деп бүкіл ел болып домбыраға тоғыз тосқауыл перне, ал қарт жыраудың құрметіне аспаптың бетіне екінші ішек таққан екен. Осыдан барып оның шанағы кеңейіп, мойны ұзарып, шежірелі сыр шертетін халық мұрасы – алтын домбыра боп сол заманнан қалған екен...

 

#2 Қазақтың «көмекей әулиесі»

Бұқар жырау Қалқаманұлы ұзақ жасаған ғұмырында қазақты билеген тоғыз ханға кеңесші боп қызмет еткен. Кемеңгер би билік айтарда өлеңмен сөйлеген. Даңқты бабасының өлмес жырларын жас күнінен жаттап, жадында сақтап өскен, бір емес, екі мәрте көшіріп, «Қарамесіне» салып қойған атақты шежіреші М.Көпейұлы: «Өз заманындағы жандар бұл кісіні «Көмекей әулие» деседі екен. Қара сөз білмейді, сөйлесе тек көмекейі бүлкілдеп жырлай бастайды екен», - деп сипаттаған. Бұқар жырау Тәуке хан тұсында-ақ хан төңірегіндегі ықпалды билердің бірі болған.

Ел аузындағы әңгімелерге қарағанда, Тәуке ханның сүйікті ұлы өліпті. Хан аза тұтып, бас көтермей, ас ішпей жатып алыпты.

Ұлы жүзден Үйсін Төле би, Орта жүзден Қаз дауысты Қазыбек би, Кіші жүзден Қаражігіт би барып көңіл айтқан екен. Әз Тәуке жұбанбапты, қайғысы басылмапты. Сонда қаралы ханның көңілін демеп, басын сүйеп ас ішкізуші Бұқар жырау болады. Бұқардың осы ретте айтылған жыры сақталған:

Ханымыз отыр аһ ұрып,

Халқымыз отыр бас ұрып.

Сабаны әкел ордаға,

Құранды оқыт молдаға.

Ханның сөзі түзік деп,

Орынсыз әмір жолдама.

Бұрынғы өткен бәрі өлді,

Қарсы болма Аллаға.

Төле, Қазыбек кісіміз,

Жақсы-жаман кішіміз,

Бұл сөзіме түсіңіз,

Дәміңізді ішіңіз,

Риза болсаң Құдайға

Түзелер сонда ісіңіз.

(жалғасы бар)

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 15 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: