23:48
Құндылық қадамы

КІШІПЕЙІЛДІЛІК

Кішіпейілділік ұғымы нені білдіреді?

Кішіпейілділік – адамгершілік қасиеттердің адамның сөйлеуіндегі, қимылындағы, киімі мен ұстанымдарындағы, мінез-құлқындағы анық көрінісі. Кішіпейіл адамды әдептілігі мен қоғамда қалыптасқан тәртіпке бағынуынан, кез келген ортада өзін ұстауынан аңғаруға болады. Кішіпейілділік – кісілік белгісі. Кішіпейіл адамға сыйластық пен абырой өздігінен жол береді.

Кішіпейіл адам – барлық адамға құрметпен қарайды. Үлкенді сыйлайды, кішілерге үлгі болады. Ондай адам өзінің парызына адал, жауапкершілігі жоғары, аса сыпайы келеді. Кішіпейілділік – ізеттілік пен әдептіліктің, құрмет пен сыйластықтың белгілі. Орынсыз сөйлеу мен бөсіп мақтанудан аулақ болу, қырсықтық пен өркөкіректікке жол бермеу боп саналады.

Атын әлем жұрты мақтанышпен айтатын Димаш Құдайберген философиялық ойға беріліп, ұлт тәрбиесінің ерекшелігіне тоқталып, қазаққа тәрбиемен берілетін игі қасиет – кішіпейілділік жайында сөз етеді. Оның пікірінше: «Кішіпейілділік – ізеттілік пен әдептіліктің, құрмет пен сыйластықтың белгісі, пейіл мен ниеттің бір түрі. Ниеті бұзық, пейілі жат, тәкаппар, өзімшіл адамда шынайы кішіпейілділік болмайды, көлгірлік, есепті жағымпаздық болады». Кішіпейілділік жасынан тәрбие көріп, өнегелі отбасында өскен жасқа да, өзінен кішіні «ақылы асса аға қоятын», «алды кең, арты кеніш» ұлағатты қарияға да тән. Үлкен мен кішінің достығы мен сыйластығының тіні – кішілік пен кісілік, арқауы – құрмет пен ізет. Қонақтың қолына су құю – кішіпейілділік, сырлы сұхбатта сөзді бөлмеу – көргенділік. «Жақыныңды жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» дейтін халық мақалы әуелі өзіңді сыйлауды, ағайын-туыстың арасындағы сыйластықтың негізі – әдептілік пен кішіпейілділікті жоймауды, досқа күлкі, дұшпанға таба болмауды көздейді. Жақсы қасиетті қадірлеп қастерлей білетін қазақ халқы «Еңкейгенге – еңкей, ол атаңның құлы емес, шалқайғанға – шалқай, ол құдайдың ұлы емес», - деп кішіпейілділіктің үлгісі мен орнын да көрсеткен. «Ұлық болсаң – кішік бол», - деп, ел билеген әкімнен халық алдында кішіреюді талап еткен. Жөн білмейтін жосықсызға: «Атаңа не істесең, алдыңа сол келер», - деп ескерту жасаған. Қазақ халқының атын әлемге әйгілі еткен дарын иесінің кішіпейілділігін кішіліктен емес, кісіліктен болса керек.

 

Кішіпейіл адам қандай болады?

- Кіішпейіл жандардың бір қасиеті бойына біткен қарапайымдылығынан көзге түссем деуден аулақ, елеусізденіп, кішіпейіл жүруді жөн көреді.

- Басқаларды құрметтейді, оларды тыңдай біледі.

- Жақсылықты үйренуге талпынады.

- Мақтанудан аулақ болады.

- Қарапайым болады. Қарапайымдылық – адамның кез келген жағдайда бір қалыпты, ұстамды болу қабілеті. Ол тек қана мінезінен байқалмайды, сөйлеген сөзінен, киген киімінен, жүріс-тұрысынан, өзгелерге қарым-қатынасынан байқалады.

- Кешірімділік қасиеті басым. Кешірімділік – адамның оқыс істер, қоғамға зиянды іс-әрекет жасағаны анықталғанда, оған адами тұрғыдан кеңшілік жасауы.

- Кешірім сұрай біледі. Кешірім сұрау – әрбір адамның өзі жіберген қатесін ой санасымен сезіп мойындауы.

- Кешіре біледі. Кешіре білу – өткенді өшіріп тастау, болған нәрсенің бәрін ұмыту деген сөз емес. Кешіру – өкпеден, иықтағы ауыртпалықтан арылу. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 20 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: