11:09
Құндылық қадамы

СҮЙІСПЕНШІЛІК

Әңгіме

#4 Мейірімді етікші

Бір ауылда жүрегі таза, адамгершілігі мол етікші тұрушы еді. Елдің бәрі мерекеге дайындалып жатқанда етікші сыртқаттанып, төсек тартып жатып қалады. Сөйтіп, ол мерекені жалғыз, көңілсіз қарсы алатынына қапаланды. Мерекені тойлайтын уақыт таянып қалғанда, ол түсінде Данышпан қартты көрді. Ол ақырын дауысымен: «Сен маған келе алмасаң, мен саған өзім барамын», - деді. Ұйқысынан оянған ол қуанып кетті. Таңертең ерте оянып, үй ішін жинастырып, мерекелік тағамдарды әзірлеп, құрметті қонағын күтуге дайындалды. Осы сәтте ол терезенің алдында жылап тұрған баланы көрді. Ол баланы үйге кіргізіп оған былай деді:

- Сен неге жылап тұрсың?

- Бүгін менің жалғыз бәтеңкем жыртылып қалды, одан басқа аяқ киімім жоқ. Жаңасын алуға жағдайымыз келмейді. Сонда етікші баланы жұбатып:

- Келе ғой мен бәтеңкеңді тігіп берейін! – деді.

Аз ғана уақыттан соң жөнделген бәтеңкесін көрген бала қуаныштан жүзі бал-бұл жайнап кетіп, аяғына киіп алды. Оны шығарып салған етікші өз жұмысын жалғастыра берді. Кеш болды. Жұпыны киінген бір әйел келіп былай деді:

- Кешіріңізші мені, өтінемін! Мен сізге аяқ киімімді жөндеуге берген едім, бірақ төлейтін ақшам болмай тұр. Келмейін десем, күн суытып барады. Етікші оған күлімсірей жымиып:

- Сіздің етігіңіз дайын тұр. Киіп ал да, өзің тоздыр! Одан ештеңе сұрамастан етігін бере салды.

Түн болды. Өз ісін аяқтаған етікші уәде берген қонағын күтуде. Ұйықтайтын уақыт та таянып қалды. Осы кезде есік қағылды. Есікті ашқанда бейтаныс жолаушыны көрді. Ол былай деді:

- Мені үйіңізге кіргізіңізші. Мен күн ұзағына жол жүріп келемін. Қонатын жерім болмай тұр, түн жарымында ешкім есік ашар емес... Етікші оны үйіне кіргізіп, тамақтандырды, өзінің төсегіне жатқызды. Ал өзі еденге жатты. Ұйықтар алдында ол іштей өзіне:

- Мүмкін, мен бүгінгі күткен қонағыма лайық емес шығармын, өйткені ол келмеді ғой, - деп ойлады да ұйықтап кетті.

Түсінде сол баяғы данышпан ата ақырын дауысымен былай деді: «Мен бүгін саған үш рет қонаққа келдім, әр келгенімде сен мені құшақ жая қарсы алдың. Сенің ақ пейілің жанындағыларға деген риясыз сүйіспеншілікке толы жүрегің – баға жетпес сый. Сүйіспеншілік бастан немесе ауыздан шықпайды, ол жүректен шығады. Өз жүрегіңнің отын жағып, өзгелерге жарығың мен жылуыңды сыйласаң «Адам!» деген ұлы атқа лайық боласың», - деді.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 21 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: