22:12 Құндылық қадамы | |
АДАЛДЫҚ Қысқа мерзімді іс-шара #4 Атауы: «Адалдық сабыны» Уақыты: 15-20 минут Түрі: тәжірибе Қажетті материалдар: ұнтақталған қара бұрыш, мақта дискілері (қос ұшты мақта таяқша), сұйық ыдыс жуғыш зат және қосымша су қажет. Орындалуы: Тәжірибені бастамас бұрын, мақта дискісінің бір ұшын ыдыс жуғыш затқа малып алу қажет, ал екінші ұшы сабынсыз қалады. Сабынды ұшын шатастырмас үшін тәжірибені көрсетіп тұрған адам өзі білетіндей етіп белгілеп алғаны дұрыс. Бұл тәжірибеде бұрыш ұнтағы адамдарды бейнелейді. Дискінің сабынға батырылған ұшы өтірік айтқан адамды, ал сабынсыз ұшы шыншыл адамды бейнелейді. Бір ыдысқа су құйып бетіне бір шай қасық қара бұрыш себіледі. Дискінің алдымен сабынсыз ұшын, кейін сабынды бөлігін суға салып, өзгерістерді мұғалім оқушылармен бірге талқыға салады. Бұл тәжірибені бірнеше мәрте істеу үшін ыдысқа сәл су қосып бұрыштарды қайта су бетіне шығаруға болады. Қорытынды: Осы тәжірибе арқылы балаларға шындықты айтудың қаншалықты маңызды екенін түсіндіріп, өтірік айтқан жағдайда сабынды мақта дискісінен бұрыштардың қашқанындай жақын адамдардың немесе құрбы құрдастардың да өтірікшіден алшақ жүргілері келетіні жайлы түсіндіріледі.
Ұзақ мерзімді іс-шара #1 Атауы: «Адалдықтың белгісі» Уақыты: 1 апта Түрі: қуыршақ театры қойылымы Қажетті материалдар: қуыршақтар, қуыршақтар үшін кішігірім сахна Орындалуы: Оқушылар сынып ішінде топқа бөлінеді. Мұғалім әр топқа адалдық жайлы әңгіме бөліп береді. Бұл шараның орындалуы бір аптаға жуық уақытқа созылады. Ең алдымен балаларда дұрыс түсінік қалыптасу үшін әр топпен бөлініп берілген әңімені талқылау қажет. Сол сюжет бойынша балаларға қуыршақтар арқылы қойылым жасауға тапсырма беріледі. Оқушылар қандай қуыршақтарды пайдаланатынын өздері шешіп, рөлдерді өзара бөлісіп алады. Кейін апта соңында әр топ өз қойылымын сыныпқа ұсынады. Қорытынды: Оқушылар алдымен әңгіме желісінен адалдықты сипаттайтын әрекетті табады, өздері мұғаліммен талқылау жүргізіп, пікір білдіруді үйренеді. Қойылым көрсеткен кезде оқушылардың адалдық ұғымын қалай түсінгенін байқауға болады. (жалғасы бар) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |