22:19 Құндылық қадамы | |
АДАЛДЫҚ Сабаққа дайындалған едің, өзіңе аса сенімді болған соң, тапсырманы те орындап, мұқият болмадың, сөйтіп жиынтық бағалауда төмен балл алып, көңіл-күйің түсіп кетті. Үйге барғанда ата-анаң оны байқап, жағдайыңды сұрады. Сен не деп жауап берер едің? Кінәлі кім деп ойлайсың? Мұғалім бе, өзің бе№ себебін түсіндіре аласың ба? Кез келген адам өз әрекетіне жауап беруі тиіс, оқушы сабақта алған ескертуі немесе бағасының шынайы қойылғанына себепті өзінің жеке басынан іздегенде және ескертулерге құлақ асқан жағдайда ғана оң нәтижеге жетеді. Адалдық ұғымын түсіну үшін күнделікті өмірде қолданылатын шыншыл болу, өтірік айтпау, алдамау, кінә тақпау сынды ескертулерге мән беру қажет. Егер адам адал өмір сүрсе – кез келген ортада сыйлы болады, «өтірігім шығып қалмасын» деген мазасыз ойлардан аулақ болады. Адамның әрбір ісі мен сөзі үйлесімді болғанда ғана жағымды мінез-құлқымен ерекшеленеді, беделді болады. Сынып ішінде оқушылардың пікірімен санаса отырып, адалдыққа үйрететін ережелер құрастыруға болады. Тіпті мерзімін белгілеп, нәтиже соңында алғыс хаттармен ынталандыруға болады.
Адамға адалдық пен махаббаттың үлгісін көрсететін 7 жануар бар екен: Аққу: Аққулар өмір бойында адалдықты сақтайды. Аққудың отбасылық өмірі керемет қасиеттермен сипатталады: достық, бір-біріне деген қамқорлығы, жанашырлық білдіруі. Пингвин: бұл құстар Антарктиданың қытымыр аязында жылуды жүрегінде сақтайды. Олар көп жыл бойы жұп болып бірге жүреді. Еркегі мен ұрғашысы кезек-кезек жұмыртқа басып, балаларына ерекше қамқорлық жасайды. Субүркіт: Субүркіттер АҚШ-тың ұлттық эмблемасы болып бір ғана сыңарын өмір бойы сүйіп өтетіндігіне байланысты таңдалғандай. Қасқыр: Қасқырлардың жұбын өлім ғана айыра алады. Орман кептері: Көптеген шығармада орман кептерінің тек жұп болып ұшатыны сипатталады, уақыт өте келе бұл құстар махаббат пен адалдықтың символына айналды. Олар тіпті Шекспирдің өзіне «The Phoenix and the Turtle» (Самұрық және көгершін) шығармасын жазуға шабыттандырды. Сипуха: Сипуханың еркегі бір жыл бойы таңдаулысының көңілін табады. Кейін үй салып, үйіне шақырады. Сипуха келісім беріп, олар дүниеге ұрпақ әкелсе, еркегі өмір бойы өз отбасына қамқор болып өтеді. Түлкі: Егер түлкінің ұрғашысы өліп қалса, еркегі ешқашан өзіне жұп іздемейді және өмірінің соңына дейін «бойдақ» күйінде өтеді.
Қысқа мерзімді іс-шара #1 Атауы: «Қиял-ғажайып ертегілер» Уақыты: 20 минут Түрі: әңгіме Орындалуы: Шындыққа жанаспайтын әңгіме құрастырып, оған басқаларды сендіру. Қиял-ғажайып ертегілерде шындықты табу қиын көрінеді. Мысалы, адамдардың ұшуы, бұлттарда өмір сүруі немесе сөйлесетін жануарларды кездестіру – фантастика. Бұлар қызықты болғанымен шындық емес (нақты өмірде болмауы мүмкін). Бірақ сол кейіпкерлердің әрекеті мен бойындағы қасиеттері шынайы өмірмен байланысып жатады. Сондықтан біздер ол әңгімеге сенгіміз келеді. Айтар болсақ, мультфильм-ертегілердегі қаһармандардың жақсыларға көмектесуі, достық қарым-қатынасы, ал құбыжықтардың жауыздығы. Өздері шынайы өмірде жоқ, қиялдан құрастырылған болса да әрекеттері өмірден алынған. Ертегідегідей адамдардың ойын оқитын, болашақты көретін болмаса да, шын өмірде өте сезімтал әрі ерекше ақыл-оймен сараптау арқылы болашаққа болжау жасай алатын адамдар болады. Сол сияқты шынымен қан ішетін вампирлер болмаса да, адамдарға ешқандай жанашырлық танытпайтын қатыгез қасқыр немесе түлкі сияқты адамдар болады. Қиялдаған кезде де шындықты көру де, айту да өте маңызды екенін түсіндіріп, мысалдармен талқылаған дұрыс. Әсіресе сенім тудыру үшін әрекеттің маңыздылығын ұғындырған жөн. Қорытынды: Қиял-ғажайып ертегілер балаларды алдау үшін емес, керісінше, оларды қызықтырып, тәрбиелік мәнімен қорытындыланады. Сондай-ақ, көптеген арман-қиялдардың ғылымның дамуына үлкен үлес қосқанын көрсетеді. (жалғасы бар) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |