22:20 Құндылық қадамы | |
АДАЛДЫҚ Адалдық деген не? Адалдық – адам мінезіндегі бағалаы қасиет. Жеке тұлғаның сана-сезіміне, ар-ұжданына қайшы келмейтін, халықтың мақсат-мүддесін, тарихи шындықпен, прогреспен ұштасып жататын іс-әрекеттер. Адалдық – ізгілік, тазалық, имандылық қасиет. Әрбір қоғамның адалдық жайында өзіндік пайым-түсінігі бар. Қарапайым халық әрқашан адалдық қасиетін кіршіксіз таза ұстауға ұмтылады. «Алдау қоспай, адал еңбегін сатқан, қолы өнерлі – қазақтың әулиесі сол», - дейді Абай. Адалдық адамның жеке басы мен моральдық тұлғасын сипаттайды. Ол туа пайда болмайды. Қоғамның дамуына сәйкес әрбір адамның өнегелі тәрбиесіне, оқып білім алуы мен адал еңбектену процесінде қалыптасады. Адалдық жеке тұлға мен адамдардың абырой-атағын арттыратын ізгі қасиет. Адалдық туралы ұлы ғұламалар жазбаларында да көптеп кездестіреміз, мысалы: Жамбыл Жабаев: «Шешен кісі сөз бастар, адал кісі ел бастар» десе, Мұхтар Әуезов: «Күшіңе сенбе, адал ісіңе сен» деген екен. Ал шетелдік философтар еңбектерінен Габриэль Оноре Марсельдің «Сүйіспеншілік пен құрмет адалдыққа әкеледі», Фридрих Шиллердің «Адалдық – өмірден қымбат», Томас Фуллердің «Ғұмыр бойы бақытты болғың келсе – адал адам бол» деген нақыл сөздерінен адамзат үшін адалдықтың қаншалықты маңыздылығын байқауға болады. Тарихи жазбалар да, ертегі мен аңыздар да адалдықтың адам мұратына жетуге ықпалы орасан зор екенін насихаттайды. Әрбір отбасында атадан балаға өсиет ретінде адалдық туралы, адамға қиянат жасамау, өтірік айтпау, жала жаппау туралы көптеп айтылатыны белгілі. Әрбір бала өз Отанына адал, елін, жерін сатпайтын, отбасы мүддесі үшін адал болуды, адал еңбекпен табыс табуды, басқаның жеке басына, еңбегіне, сүлкіне зиян келтірмеуді балалар отбасындағы тәрбие негізінде жастайынан бойына сіңіріп өседі. Адалдық деген сөзді естігенде ең алдымен ойыңа не келеді? Адал досың бар ма? Неге ол досыңды «адал дос» деп санайсың? Байқаусызда өтірік айтып қойсаң, артынан шындықты айтуға бола ма? Адалдық – баға жетпес байлық. Достарыңның алдында беделге ие болу үшін ешқашан өтірік айтпау, уәдеде тұру, достарыңды келемеждеу, оларды сатып кетпеу керектігін естен шығармаған жөн. Абайсызда досыңның бір затын сындырып алдың, бірақ досың оны көрмеді. Досың келген кездегі сенің әрекетің қандай болмақ? (сынып сағаттарында шағын көрініс ретінде рольдерді орындату тақырыпты жақсы меңгеруіне септігін тигізеді) Аңыздар мен тарихи шығармаларда адалдық туралы не жазылғанын білгің келе ме? Фольклорлық деректерге көз жүгіртсек, аспанға оқ ату арқылы адамның күнәсін анықтау және жазалау салты туралы жиі айтылады. Осы салт бойынша адамның адалдығын тексеру мақсатымен аспанға садақпен оқ атқызған, егер ол өтірік айтса, оқ оның төбесіне түседі деп сенген, ал оқ оның жанына түссе, онда оның адалдығының дәлелі деп сенген екен. Сондай-ақ қазақ қоғамында тағамға пайдаланылатын етті адал немесе арам деп бөледі. Бұл жануарлардың шөп және ет жейтіндеріне қатысты ажыратылған екен. Шөп жейтін жануарлар еті – адал, ал ет жейтіндер жыртқыш аңдар болғандықтан еті арам деп танылған. Қазақта адал сөзімен «адал жар», «адал іс», «адал кәсіп», «адал ит», «адал құс», «адал мал» деген тіркестердің өзіндік мағынасы бар. Олар рухани таза, «шынайы берілген» деген мағыналарды білдіреді. (жалғасы бар)
баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |