19:16 Нән Наурыз нақыштары | |
НАУРЫЗ-ДУМАНДАҒЫ ҚЫЗЫҚТЫ СЫН-БАЙҚАУ Әз-Наурыз думаны сәт санап, жақын түсе бастаған сайын
қоғамдық-көпшілік жиналатын орындарда нешеме тамаша мерекелік шаралар
жер-жерде, ел-елде молынан өркен жаюда. Қашаннан тойшыл, қашаннан думаншыл халқымыз
осынау қызықтарда бір жасап, жылы жүз таныта, бір серпіліп қалады да. Өзіндік дәстүрі бар Бесқарағай жалпы орта білім беретін
мектебінде «Наурыз-думан» атты мейрамдық шара іштей қызықты сын-байқаумен
сабақтастырылды.. 5-9 сыныптар оқушылары өзара салт-дәстүрлік, әдет-ғұрыптық,
өнер тартысына түсті. Бойына алты сынды жинаған сын-байқау барысында
қатысушылар өлең сөзбен өздерін таныстырды, ұлттық салт-дәстүрді сахналандыру
мен білуді, мақал-мәтелдерді толықтыра айтуды, ырымдарды айқындауды һәм өз өнерлерін
көрсетуді басты мақсат етіп, сахнада бір шалқыды. Қандай да бір сыннан ұлттық
тәлім-тәрбиеге қатысты реңк өрнектелді. Қатысушылар да аянып қалмауға барын
салды. Әділқазы алқасына жеңімпаздарды саралауға оңай тимеді.
Дегенмен суырылып, көшбастағандар көмбеден көріне білді. 7 қазақ сынып
оқушылары ұпай қоры жағынан өзгелерден оқ бойы алға озып, Гран-при атағын
қанжығаларына байлады. Бұған әсіресе көп үлесті Аубакирова Әйгерім мен Увакова
Алуа қосты. Олар өз алдына «Көркем дауыс» және «Күміс көмей» номинанттары
атанды. 5 орыс сынып оқушылары Тиссен Галина мен Смакотин Игорьге «Бал білім»
және «Үкілі үміт» номинациялары бұйырса, 9 орыс сынып оқушысы Рыбалевская
Галинаға «Әдемі биші» номинациясы берілді, ал 9 қазақ сынып оқушысы Нұрмахин
Ермек бүкіл сынып намысын жалғыз өзі қорғағаны үшін «Ерен ерлік» номинациясы
табысталды. Сын-байқаудың кезеңдері арасында бастауыш сыныптар
бүлдіршіндері көрермендерді келісті би туындыларымен тәнті етті. Сахна төрін
билерімен ажарлаған сәтте патша көңіл көрермендер ықыласында шек болмады. Думан
дегенің осы болса керек! Шығыс күнтізбесі бойынша күн мен түннің теңеліп, Жаңа
жылдың һәм көтемнің келуін паш ететін осынау Наурыз-думанда ата-аналар комитеті
де қарап қалмай, ұжымшылдығымен мейілінше жарап қалды. Себебі ішінара келісіп,
іс арқылы келісімді тоң пішіп, өз балаларына, яғни сыныптарға, азын-аулақ
сый-сияпат табыстап, балалардың көңіл-күйін бір серпілтіп тастады. Мектептің
ата-аналар комитетінің төрайымы Жанпейісова Жұлдыз Зейноллақызы мұрындық болған
осынау шара тәрбиелік жағынан өте орынды әрі ұтымды шықты. Көңілді тамашадан соң барлығына думанның бас мәзірі һәм
мейрам асы Наурыз көже ұсынылды. Күн нұрындай шашу да бір емес бірнеше мәрте
шашылды. Жалпы Наурыз мерекесі қарсаңында мектеп қабырғасында
ұлттық тәлім-өнегені насихаттау мақсатымен қолға алған шаралар молынан
өткізілді. Сайып келгенде, «Наурыз-думан» мерекелік шарасы өз
кезегінде өскелең ұрпаққа ұлттық тәлім-тағылым үйретуде рухани құндылығының қаншалықты
маңызды пәрменге ие екенін асыра айқындады. Жаһанданудың кең құлашты өркендеу
жолында ұлттық рухани құндылықтарды ұлықтау жолында осынау шаралардың кезек
күттірмей жүзеге асырылуы еліміздің ертеңінде де маңыздылығы қаулай түсері
сөзсіз. ШАҺМАНТЕГІ-ИБРАҺИМ Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы | |
|
Всего комментариев: 0 | |