23:32
Нән Наурыз нақыштары

АҚ АРУ – 2013

Нәз да наз наурыз туысымен табиғат та, ауа райы да көптен күткен көктеммен сағыныса табысты. Қасарысып жатқан қалың қардың көбесі сөгіліп, қауқары кеміп, айналаны қызыл су қылуда. Ал адам үшін наурызлың келуі ерекше өміршеңдік, құлпыру һәм серпілу сыйлайды. Оның үстіне наурыздың басында қылықты қыз-бойжеткен, өнегелі келін-бәйбіше – барша сұлу-арулар қызғалдақтай, қыр гүліндей хоштана құлпыра түсетіні жалғанды жайнататынын қайтерсің.

Күні кеше Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінде «Жас ұлан» балалар ұйымының мұрындық болуымен 2-3 сыныптарда білім-тәрбие алып жүрген балғын қыздар арасында «Ақ ару – 2013» атты қызықты сайыс-байқау өткізілді. Осынау көркем де тамаша тартысқа 2 қазақ сынып оқушылары Уапова Анар, Зейнолла Гүлзира, Серікпай Айдана, 3 қазақ сынып оқушысы Зейнуллинова Ділназ, 4 орыс сынып оқушысы Некрасова Алина қатысты. Байқаудың пердеашар сәтінде кішкентай арулар өз-өздерін таныстырғаннан кейін қадірменді көрермендер назарына мақал-мәтілдерді толықтыру, қазақы құрақ құрау әрекеттері, салт-дәстүр, тарих бойынша сұрақтарға жауап беру, әзірден дайындаған мерекелік бүктеме сыйлықты жар ету, ұршықпен жүн иіру, сондайма өнерлерін паш ету бойынша әдемі кестеленген сынақтардан сүрінбей, бір адамдай атойлады. Осынау тамашаны қызықтаған әділқазы алқасында да, көрермендер қауымында да қошемет-ықылас шексіз болды. Әр балғын өзіне жүктелген сынамаларды орындауда қазақ қызына тән салмақтылық пен сабырлылықты таныта алды. Әрі сын, әрі байқау болған соң, оның үстіне әділ қазылық жасалғаннан да, жеңімпазды екшеп алуға тура келді.

Нәтижесінде, әділқазы алқасының адал шешімімен әр қатысушы балдырған сұлуға мынадай номинациялар үлестірілді: Алина «Мың бұралған биші», Анар «Білгір және өнерлі», Гүлзира «Тапқыр және өнерлі», Айдана «Күміс көмей әнші», Ділназ «Он саусағынан өнер тамған» атанды. Әр номинантқа мадақтама грамота және естелік сыйлық табысталды. Ал «Ак ару – 2013» атағы ұпай саны һәм сахнада орындаған қабілеттері бойынша өзгелерден сәл озып шыққан 3 қазақ сынып оқушысы Зейнуллинова Ділназ жеңіп алды. Жеңімпаз балғын аруға арнайы алқа тағылды.

Сонымен бірге байқау арасында 7 қазақ сынып оқушысы Увакова Алуа, 9 қазақ сынып оқушысы Батырханова Әнел көрермендер үшін тамаша қазақ әндерін шырқап, өз алдына қошеметке бөленді.

Десек те сахнаның талабы өз алдына болады ғой. Кім-кімді сахна төріне шығарарда өз-өзін ұстауға, көрермендер назарын өнерімен тәнті етуге, дауыс ырғағы мен әңгімелеу мәнеріне жатпай-тұрмай үйрету де бар. Ол енді үзбей орындалатын үйреншікті жұмыс болып қала береді.

Асылында, осынау сын-байқау бастауыш сыныптарда оқитын балғындар үшін ұлттық тәлім-тәрбие, өнегелі тағылым беруде қомақты үлес қосқан бірегей шара ретінде тұғырланды.

ШАҺМАНТЕГІ-ИБРАҺИМ Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

 

Просмотров: 947 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: