2012 жылғы 30 маусымда аудан орталығы Аққуда шағын футболдан ауданға еңбегі сіңген қоғам қайраткері, марқұм Талап Ғаниұлы Тағлымовқа арналған аудандық І жарыстар ұйымдастырылды. Ашылу салтанатында аудан әкімі Құрманова А.А., аудандық мәслихан хатшысы Әлтаев Қ.М., Дубовицкий т.б. зиялы қауым өкілдері сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға адал тартыс пен жеңіс тіледі. Осынау дүбірлі додаға Бесқарағай ауылының да құрама командасы қатысты. Жарысқа аудан бойынша 12 құрама қатысқанын айта кеткеніміз абзал. Ереже бойынша 12 команда алдымен 3 құрамадан 4 топ құрады. Біздің қарсыластарымыз Шарбақты, Қазы ауылдарынан болды. Алғашқы кездесуде қазылықтарды 2-1 есебімен ұттық (гол авторлары: Сағатбеков Айбар, Әлдекенов Мұрат), ал екінші топтық кездесуде шарбақтылық футболшылармен 0-0 есебімен тең түсіп, топ бойынша жеңімпаз атанып, жартылай финалға жолдама алдық. Плей-офф ойынында Восточный ауылдық округінің құрамасы қарсылас болды. Ойынның негізгі уақыты 0--0 есебімен аяқталды. Артынша үш-үштен жеті метрлік айып соққылар соғылды. Онда да 2-2 болды, ендігісі алғашқы мүлт кеткенге дейін қосымша айып соққылар белгіленді. Бұл жолы қарсыластардың жолы болып кетті. Үшінші орын үшін болған ойында тегеурінді қарсылық көрсеткен Малыбай құрамасы бесқарағайлық футболшыларды 0-1 есебімен жеңіп кетті. Дегенмен Бесқарағай құрамасы бұған дейін көрсетпеген ойын өрнегі арқылы көпшілік жанкүйерлердің көңілінен шықты. Марапаттау рәсімінде біздің құрамаға футбол добы "Жанкүйерлер көзайымы" ретінде сыйлық берілді. Осынау жетістікке абыроймен ат салысқандар: Әлдекенов Мұрат, Ибраһим Бегімхан, Сағатбеков Айбар, Аубакиров, Жоламанов Арслан мен Рамазан, Шаймұрат Айбарыс, Ғабит, Байтілеуов Темірлан, Қазбеков Мағжан, Қыстаубаев Александр, Сейітов Азамат және басқалары. Сонымен бірге Бегімхан Керімханұлы Аққу және Ямышево құрамалары арасында өткен қисыны қиын тартысты ойынға төрелік ете білді. Бәрекелді!
|