09:00
Мемлекеттік аралық бақылау - 2010
ТОЛАҒАЙ ТАБЫС һәм АЙҚЫН НӘТИЖЕ
Білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалауды жүзеге асыруды, оқу үдерісін ұйымдастырудың тиімділігін бағалауды, білім беру ұйымдары көрсететін білім беру қызметінің сапасына салыстырмалы талдауды басты міндеттер деп айқындаған мемлекеттік аралық бақылау (МАБ) жуырда аймағымыздың көптеген мектептерінде өткізілді. Ақиқатында, орта білім беру ұйымдарында МАБ білім беру қызметтерінің сапасын бағалау және бастауыш (4 сынып) пен негізгі орта (9 сынып) білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын білім алушылардың меңгеру деңгейін анықтау мақсатында жүзеге асырылды. Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебі де Лебяжі ауданына қарасты өзге де он алты мектеп қатарында осынау сынды биылғы жылдың 15 наурызында абыроймен тапсырды. Дайындық жұмыстары оқу жылының басынан-ақ жүргізіле бастады. Өткен оқу жылында өткізілген МАБ нәтижесі өзінің төмен көрсеткіштерімен оқу ордасының мәртебесін әжептәуір шайқалтып тастағанын да қинала айта ктепеске болмас. Осының ащы сабағы бесқарағайлықтарлы әуелден бастап атқа қонып, сапалы әрекеттер жасауға жатпай-тұрмай итермеледі. Апта сайын мектеп бойынша әзірлік тестілеулер ұдайы алынып, алынған нәтижелер сараптама-талдау елегінен өткізіліп, тиісті қорытындылар шығарылып жүрді. Кемшіліктер анықталған сәтте дереу түзету жұмыстары іске асырылды. Оның үстіне мектептің оқу бөлімі тарапынан болсын, аудандық білім бөлімі тарапынан болсын пәндер бойынша тест жұмыстарын, әдістемелік нұсқаулықтарды дер кезінде ұсынылып, кәдеге жарауы да өз қомақты септігін тигізді. Осындай үдеріспен МАБ болатын межелі күнге де жеттік. Біздің мектепте МАБ-ты өткізуге ҚРБҒМ өкілі ретінде Павлодар ауданына қарасты Ольгинка орта мектебінің тәрбие ісі меңгерушісі Луб Лидия Трофимовна тағайындалды. Өкіл мектеп табалдырығын аттаған беттен оқу мекемесінің МАб өткізуге дайындығын жіті бақылап, қажетті құжаттаманы тексеріс елегінен өткізіп, комиссия мүшелерімен һәм дәрісханалар кезекшілерімен нұсқаулық әңгіме жүргізді. МАБ өткен күні осынау жауапты сынның барлық талапқа сай өтуін қырағы қырандай жіті бақылады. Нәтижесінде, Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінің 9 сыныптар үш пән бойынша (ағылшын тілі, орыс және қазақ тілі, дүниежүзі тарихы) 67,3 (74,7%) көрсеткішпен аудан мектептері арасында топ жарды. Осынау жоғары көрсеткіш бұған дейін болмаған-ды. Жекелей пәндер бойынша да нәтижелер көңіл көншітерлік. Айталық, ағылшын тілінен 21,6 (72,1%) болса, қазақ және орыс тілдерінен 26 (86,7%) көрсеткішімен жарқыраса, дүниежүзі тарихынан бесқарағайлық сегіз оқушы орта есеппен 19,6 (65,4%) белесті бағындырды. Табанды да тегеурінді дайындық арқасында МАБ-тың ресми нәтижелері мектеп бойынша анықталған орта есептік көрсеткіштерден әлдеқайда асып түсті. Жоғары балл жинаған мынадай оқушыларды атап өтуге болады: үш пән бойынша Жүнісова Әлия (72), Жанпейісов Әділ (70), Қасым Әлия (68); ағылшын тілінен Жүнісова Әлия (26); қазақ тілінен Корнееев Владислав (максималды 30 балл!); орыс тілінен Жанпейісов Әділ (29); дүниежүзі тарихынан Қасым Әлия (22). Жалпы көрсеткіштер бойынша 64-тен төмен нәтижелер төбе көрсеткен жоқ. Ал 4-сынып бойынша айқындалған көрсеткіштер аудан көлемінде он бірінші орынды бағындырып, дүниетану пәнінен орта есеппен 15,7 (78,6%) құрады. Жақсы нәтиже көрсеткен Аубакирова Әйгерімді (19), Исмаилова Әселді (18) атап өткеніміз абзал. Дегенмен де 4 және 9 сыныптардың нақты нәтижелерін қосып есептегеннің өзінде Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебі биылғы МАБ-ты аудан бойынша көшбасшы болып, көмбе сызығын жеңімпаз атанып кесті. Толағай табыс һәм айқын нәтижеге қол жеткізуде аянбай еңбек жасап, оқушыларын күтіп-баптаған пән мұғалімдері Қапанова Гүлнәр Жұмаханқызына (ағылшын тілі), Қабдуова Көкен Қабдуқызына (орыс сыныбындағы қазақ тілі), Түсіпова Сәния Нұрқайдарқызына (қазақ сыныбындағы орыс тілі), Байханова Лаура Алтынбекқызына, Оспанова Маржан Жолкенқызына (дүниежүзі тарихы), Омарова Нұргүл Сансызбайқызына (дүниетану) айтылар алғысымыз шексіз. Абырой-даңқтары асқақтап, шәкірттер жетістіктерімен асқарлана берсін дегіміз келеді. Асылы, өткеннен алған ащы сабақтан кешенді сараптама түзілді, артынша нақты қадамдар жасайтын стратегия жасалды, ақырында қажымас қайраткерлік нәтижесі осынау табысты өнімге қол жеткізді.
ШАҺМАНТЕГІ-ИБРАҺИМ Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
Оқу ісі бойынша мектеп директорының орынбасары
Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы
http://www.shakhibbeker.ucoz.kz
Просмотров: 1385 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: