19:37 Мектептегі мұғалім көшбасшылығы | |
Креативті көшбасшылық «Алтын да емес, күміс те емес адам даңқын шығарар, Талант пенен іскерлікке даңқ пен атақ сұранар» (Әбдірахман Жәми) Әлбетте, қазіргі таңда креативтіліктің біздің күнделікті күйбең тірлік-тіршілігімізге кіргені бүгін емес. Өзгелерге ұқсамайтын һәм өзгелерден өзгешеленетін қайраткерлік жасаған қандай да бір адам өзіндік қайталанбас та бірегей із қалдырады. Педагог қызметкерлердің біліктілік арттыру курстары креативті көшбасшылықты кәсіби тұрғыдан іс жүзінде шындай оң ықпалын тигізетіні тайға таңба басқандай. Бүгінгі күн тұрғысынан мұғалім жұмысынан өзгеріс кіргізу қаншалықты орынды? Жаңаруға бет алып отырған жалпы орта білім беруде өскелең ұрпақты қалай оқыту керек? Мектептегі мұғалімге көшбасшылық не үшін қажет? Бір қалыпты оқыту үдерісінен төселіп алған мұғалім қандай да бір өзгерістерді кіргізуге сондайма белсенділік таныта қоюы екіталай. Оның үстіне бұны аса қажетсінбейді де. Десе де, көз ілеспес жылдамдықпен білім беру ісіне ендіріп жатқан жаңартулар ұстаздан осынау жаңартуларды қабылдауды, тиімді қолдануды жатпай-тұрмай талап етеді. Біліктілік арттыру курстарындағы сабақтарда жаттықтырушыдан дәрістер алған мұғалім әдістемелік тұрғыдан мол-молынан қаруланып шығады. Жұмыс дәптеріне түртіп алғандарын мектептегі тәжірибе кезінде іске жаратуға дайындалады. Өзінің сабақтарында оқып меңгерген жеті модульді ықпалдастыруға барын салады. Сонымен бірге коуч ретінде әріптестерімен анықталған қажеттілік бойынша көкейкесті мәселелені талдау-талқылауға бағытталған пайдалы коучинг-сессия өткізуге бекем бел буады. Ол аз десеңіз, тәлімгер ретінде әдістемелік шындалуды қажет ететін бір әріптесіне, оңтайлы өзгеріске ыңғай танытатын бір сыныпқа оқу-әдістемелік нұсқаулық жасайды, қолғабыс танытады. Басқару тетіктері арқылы креативті көшбасшылығын айқындауға білек сыбана кіріседі. Метатану және метасана осындай кездерде мерейленеді, мәртебеленеді. Әдістемелік бірлестік жұмысына креативті көшбасшылығымен оңтайлы өзгерістер кіргізуге негізгі діңгек бола алады. Мұғалімнің көшбасшы ретінде креативтелуі өз кезегінде оқушыларға да, мұғалімдерге де үлгі болғаны абзал. Белсенді әдіс-тәсілдер арқылы сабақтардың, коучинг-сессиялардың, тәлімгерлік іс-шаралардың үдерісінде айқындалған мақсаттар негізінде күтілетін нәтижеге қол жеткізе алады. Табыс критерийері де назардан тыс қалмайды. Креативті көшбасшылық мұғалімнің тәлімгер ретіндегі қайраткерлігіне жаңаша серпін қосады. Жаттанды стереотиптен біржолата арылуға түрткі болады. Тәліп-әріптесін жаңа деңгейге көтерілуіне қолжетімді жағдай жасауда аянып қалмайды. Сынып оқушыларының таланттылығын һәм дарындылығын дамытуға қомақты үлес қосуына себепкер ретінде айқындалады. Асылында, сынаптай сырғымалы, өзгермелі-құбылмалы қазіргі таңда қатардағы мұғалімнің креативті көшбасшыға айналуынан ұтпасақ, ұтылмасымыз бесенеден белгілі. Олай болса, бжалпы орта білім беру көкжиегінде жаңаруға мейілінше бет алған замана өзгеріс кіргізуде мұғалімнің креативті көшбасшылығы ауадай қажет-ақ. | |
|
Всего комментариев: 0 | |