19:36 Мектептегі мұғалім көшбасшылығы | |
С Рефлексия және даму Курс бағдарламасын зерделеу және меңгеру барысында өзімнің жұмысымның тәжірибесіне Бағдарламаның жеті модулін ықпалдастыру бойынша өзгеріс енгізу қажеттігіне көз жеткіздім. Жеті модульді негізге алған оқыту бағдарламасымен «Бетпе-бет» деген бірінші кезеңде танысқан едім. «Мектептегі тәжірибе» кезеңін бастамас бұрын «Бағдарламаның идеяларын өзімнің тәжірибеме ендіре аламын ба?» деген ойды төңіректедім. Жауабын іздеген сұрақ көп болды. Өзімнің іс-әрекетімді сараптағанда ғана қажетті жауаптарды тапқандай болдым. Бірінші кезеңде тізбектелген сабақтардың орта мерзімді жоспарын құрастырған кезде Бағдарламаның барлық жеті модулін ықпалдастыруға тырыстым. Оқушыларды топтарда біріктіру үшін кездейсоқтық нұсқасын таңдадым. Айталық, 1-ден бастап 4-ке дейін санау арқылы. Нәтижесінде, топ ішіндегі өзара әрекеттестік арқасында оқушылар бірлескен ортада ортақтаса жұмыс атқаруға бейімделді, рөлдерді бөліп алды. Шешу жолдарын бірігіп іздеуге бағытталған тапсырмаларды іріктеу жолымен диалогтік оқу үшін жағдай жасай алдым. Ол өз кезегінде оқушыларды ой алмасу үдерісіне ынталандырды. Негізінен кумулятивтік әңгімені, сол сияқты зерттеушілік әңгімені, қолдану оқушылар үшін үйреншікті болмағанын мойындаймын. Сол себепті оларды тиісінше бағыттап отыру лазым. Аталмыш мәселе менің тарапымнан өнімдірек әңгіме түріне көшуде кумулятивтік әңгіме түрінен зерттеушілік әңгіме түріне ауысу жолдарын жеткілікті түрде түсінбегенімді көрсетті. Оқушылармен диалог жүргізу ережелерін анықтау қажет деп санаймын. Оқушылар бір-бірімен әрекеттесу аясында сыныпта диалогтік модель құрастырады. Оқушыларды талқылаудың, шешімдерді қалыптастырудың және мәселелерді шешудің белсенді үрдісіне, сын тұрғысынан ойлау үдерісіне тарту үшін, тапсырмаларда мен келесідей етістіктерді қолдандым: танысыңдар, анықтаңдар, сараптаңдар, салыстырыңдар және зерттеңдер, бағалаңдар, қолданыңдар. Дегенмен аталмыш тапсырмаларды оқушыларға дайындағанда мен қиындықтарға тап болдым. Демек, келешекте топтардың құрамдық ерекшеліктерін, оқушылардың білім алу мүмкіндіктері деңгейін ескеру қажет. Егер де топтар құрамы «әлсіз» болса, онда оқу үдерісінің төменгі жағынан жоғары жағына шығуда тиімділікке қол жеткіземін деу құр сөз болып қалады. Біліктілік арттыру курстарына дейін менің тәжірибемде негізінде оқушылардың сұрақтар қоюының дәстүрлі моделі қолданылды: «бастама – жауап – кейінгі әрекет». Онда диалогтік оқуға мүмкіндік берілмеді, берілген күннің өзінде тым аз еді. Сұрақтарды дұрыс қою оқытудың тиімді құралы екенін енді ғана түсінгендеймін. Сондықтан да болар тізбектелген сабақтарда жоғары деңгейдегі сұрақтармен қатар, мақсаттар мен оқушылардың түрліше мүмкіндіктерін есептегенде төменгі деңгейдегі сұрақтарды да қолдануға тырыстым. Ол өз кезегінде оқушыларды тапсырмаларды орындауға ынталандырды, қызығушылықтарын арттырды. Десе де, оқушылардың ішінде логикалық ойлау дағдысы дамымағанын, толық жауап беру қалыптаспағанын мойындауым керек. Сондықтан осынау қабілеттерді дамыту үшін оқушыларды осындай жағдайларға қою қажет. «Оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес оқыту және оқу», Талантты және дарынды балаларды оқыту» және «Оқытуды басқару және көшбасшылық» модульдерін байқау А, В, С деңгейіндегі оқушыларды қадағалау арқылы жүзеге асырылды. Ол өз кезегінде оқушылардың дамуына оң әсер еткенін көрсетті. Жоғары танымдық қабілеттері бар, жасырын ұйымдастырушылық қабілеттерден құралақан емес С деңгейіндегі оқушы дәстүрлі сабақтарда өзінің көшбасшылық сапасын не көрсете алмайтын, не жүзеге асыра алмайтын. Қалыптасқан жағдайда оның оқуға деген қызығушылығы кенжелеп қалатын. Топтағы жұмыс жағдайында ол өз ойларын еркін жеткізетініне, дәлелдерін келтіретініне, жоғары деңгейдегі сұрақтарды құрастыратынына және сондай сұрақтарға жауап беретініне, өзге оқушыларға көмек көрсететініне көз жеткіздім. Ойлау дамуы орташа деңгейдегі, өзін-өзі бағалауы төмен, бірақ оқуға деген қызығушылығы айтарлықтай жоғары В деңгейіндегі оқушы мұғалімнің тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беруде өз-өзіне деген сенімсіздігін көрсетіп қалды. Топта жұмыс жасаған кезде, жоғары жауапкершілік дағдылары және топтың жұмыс нәтижесіне жаны ашығандығынан, жетекшілік рөлді өзіне алып, тапсырмаларды орындауға топты жұмылдырды. Топ ішіндегі жұмыста өз ойын нақты, айқын және дәлелді түрде ашып айтты, сол арқылы өз-өзін бағалауды айтарлықтай арттырды. Өз күшіне сенімсіздікпен қарайтын А деңгейіндегі оқушы сабақтарда баяулылық көрсетті және төмен коммуникативтік қабілеттерімен көрініп қалды. Топтағы жағымды эмоционалдық орта арқасында оның бойында сұраққа қате жауап беру кезіндегі қорқыныш сондайма байқалмады, оның үстіне өзгелердің пікірін тыңдай отырып, өз ойын да білдіріп отыру арқылы коммуникативтік қабілеттерінің дамуына жол ашты. «Оқыту мен оқуда ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану» модулі тізбектелген сабақтарда қажетіне қарай пайдаланылды. «Оқу үшін бағалау және оқуды бағалау» модулін қолдануды байқау үшін тізбектелген сабақтардың әрбірінде мен өзін-өзі бағалау, өзара бағалау әдістерін қолдандым, өйткені осындай жолдар арқылы оқушылар өздерінің жетістіктерін не кемшіліктерін байқай алды және алға қарай жылжуын қалыптастырды. Тізбектелген сабақтарда айтарлықтай қиындықтарға тап болдым. Айталық, үйреншікті фронталды жұмысты ұйымдастырғанға қарағанда, топтардағы тапсырмаларды орындау кезінде уақыттың басым бөлігі соған кетті. Бұдан сабаққа деп жоспарланған тапсырмалар саны азайды, тапсырмалардың күрделілік деңгейі мәжбүрлі түрде өзгерді. Жекелеген оқушылардың оқыту үшін ұжымдағы жұмыс жасау тәжірибесі аздығынан не тіпті жоқтығынан топтағы жұмыстың ережесі бұзылды. Коммуникативтік дағдылардың әлсіз дамуы, жекелеген оқушылардың өз мүмкіндіктерін көтермелеп не төмендетіп бағалауы бірлескен жұмыстың құндылығын және тиімділігін айтарлықтай төмендетті. «Сын тұрғысынан ойлауға үйрету» модулі аясында «Миға шабуыл» сынды, кластерлер, постер жасау сияқты тапсырмаларды орындату арқылы оқушыларды сабақ тақырыбына жақындату мақсатымен ынтымақтастық атмосферасын құрдым. Сабақтардың барлығы дерлік жағымды психологиялық жағдайда жүзеге асырылды. Сондықтан да болар рефлексия кезеңінде, оқушылардың эмоционалды жағдайын, белсенділігі мен танымдылығын анықтауда, олар оңтайлы да жағымды түрде әсерленді. Сайып келгенде, тізбектелген сабақтар топтамасына Бағдарламаның жеті модулін ықпалдастыру, «Оқытуды басқару және көшбасшылық» модулін анықтаумен, өзімнің оқу және оқыту тәжірибеме көшбасшы ретінде өзгерістер енгізуге мейілінше мүмкіндік берді. Оқыту кезінде оқушыларды оқу үдерісіне шебер ұйымдастыра білетін мұғалім көшбасшы бола алатынын ерекше атап өту лазым. Бағдарламаның басым идеяларын зерделегеннен соң, оқыту үдерісінде оқушының рөліне деген көзқарасымды түбегейлі өзгерттім, тиімді бағалаудың мүмкіндіктері туралы біле түстім, сыни тұрғыдан ойлаудың мәнін ұға білдім. Келешектегі менің басты мақсатым конструктивтік теорияға сүйене отырып, оқушыларды өздігінен «жанды» білімдерді тауып қана қоймай, оларды болашақта қолдануға үйрету болып табылады. Тәуелсіз, қызығушылығы мол, көшбасшылық сапа-қабілеттері бар, көптеген салада құзырлы, сыни тұрғыдан ойлауға қабілетті өскелең ұрпақты мектептегі көшбасшы мұғалім тұрғысынан тәрбиелегім келеді. Жоспарланған сабақтарда жеті модульді қажетінше ықпалдастыру арқылы оқытудың интербелсенді және белсенді түрлерін жүйелеуді, тапсырмаларды жоспарлау кезінде оқушы үнін ескеруді, сын тұрғысынан ойлау, өзін-өзі реттеуді дамыту тапсырмаларын қолдануды, кәсіби педагогикалық қоғамдастықта жұмыс істеуді басты басымдық ретінде қайраткерлік таныта жүзеге асыруды жолға қоюым қажет. Бағдарламаның басты басымдықтарының бірі ретінде әріптестермен жұмыс істеу барысында коучинг үдерісін жүзеге асыру болып табылады. А есебінде негізделгендей коучинг-сессия тақырыбы ретінде оқу үшін бағалау тәсілдерін дамыту «Тоғыз алмаз» әдісі арқылы алдын ала жүргізілген әрекет арқылы қажеттілік болып анықталды. Зерделесек, оқу үшін бағалау – бұл білім алушылар өздерінің оқудың қандай сатысында тұрғанын, қандай бағытта даму керек және қажетті деңгейге қалай жету керек екендігін анықтау үшін оқушылар мен олардың мұғалімдері қолданатын мәліметтерді іздеу және түсіндіру үдерісі. Мұғалімдер арасында өткізілген сауалнама көрсеткендей, коучинг тақырыбы олар үшін көкейкесті екен. Осыдан шығып отырғандай, коучингке осыны қажетсінген әріптестер мейілінше қатысты. Тақырыптың көкейкестілігін сезіну үшін «Қалыптастырушы бағалау» тақырыбындағы бейнежазылым көрсетілді. Өз тәжірибелеріне сүйене отырып, мұғалімдер тақырып пен мақсатты анықтады. «Дөңгелек үстел» тәсілімен әріптестер оқу үшін бағалау мен оқуды бағалау арасындағы айырмашылықты талдауға қатысты. Талқылау пікірталас түрінде өтті, артынша әрбір қатысушы мұғалім өз ойын ортаға салды да жариялады. Берілген тапсырмалар бойынша жекелей де, жұптасып та, топтасып та оқу үшін бағалау тәсілдерін дамыту аясында сыни тұрғыдан ойлау негізінде ой бөлісті, әзірлеген шағын жоба жұмыстарын постерге түсірді, тақтаның алдында қорғады. Қадамдық жоспарды құрастыру кезеңінде қатысушыларға өздерінің ҚМЖ-ларын қарап, онда оқу үшін бағалау (қалыптастырушы бағалау) бойынша қолданып жатқан тәжірибелеріне зер салғызып, олардың оқушылардың ағымдағы жетістіктерін, ынталылығын жүзеге асыруда қаншалықты рөл атқарып жүргенін бағамдаттым. Артынша олар мынадай сұрақтарды талқылады: - Оқу үшін бағалауды жүргізудің қандай тиімді жолдары бар деп ойлайсыз? - Мақсатқа қандай әдіс-тәсілдер арқылы жетпексіз? - Мүмкіндіктердің қайсысы оңтайлы нәтиже береді? т.с.с. Аталмыш тапсырмаларды орындауда мұғалімдер шығармашылық танытты. Мұғалімдер бір-біріне өз ҚМЖ-ларын көрсетті. Осындай тәсіл қатысушылар арасында кері байланысты орнатуға септігін тигізді. Ондағы ақпарат әрі қызықты, әрі пайдалы болғанын айырықша атап өткеніміз абзал. Бұл мұғалімдерге өз тәжірибесін қайта қарап шығуға мүмкіндік берді. Оқу үшін бағалау бойынша білімдері кеңейді, оқыту әрекетінде оларды пайдалану қажеттілігі айқындалды. Тапсырмаларды орындауда мынадай қиындықтар төбе көрсетті: аталмыш тақырып бойынша мұғалімдердің білімдері жеткіліксіздігі; оқу үшін бағалауды қолдану бойынша сабақтарды өткізудегі жеткілікті тәжірибенің аздығы не тіптен жоқтығы; бірлескен ортада жұмыс жасау дағдыларының әлсіздігі. Осындай мәселелерді ескере отырып, болашақта берісі коучингтер, арысы тренингтерді өткізудің жоспарын құру қажет. Коучинг соңына қарай әріптестер өз жоспарларымен бөлісті. Ол өз кезегінде өз іс-әрекеттеріне сындарлы сараптама жасауға мүмкіндік берді. Рефлексия кезеңінде кері байланысты қалыптастыру мақсатында «Екі жұлдыз, бір тілек» әдісі арқылы қалыптастырушы бағалау өтті. Қатысушылар стикерлерде негізінен өздері қарастырғысы келген мәселелерді айқындады. Коучингті өткізу кезіндегі жағымды сәттер деп, менің ойымша, мыналарды атауға болады: үдеріске қатысушылардың барлығы дерлік белсенді диалогке тартылуы; ұсынылған ақпарат негізінде пікірталастың туындауы; кейбір мұғалімдердің көзқарастары өзгеруі; оқыту сапасын арттыру үшін жаңа әдіс-тәсілдерді қолдану қажеттілігін сезінуі. Көлденең келген қиындықтарды да атағанымыз орынды болмақ: ұсынылған ақпаратқа кейбір әріптестердің немқұрайдылығы; өз тәжірибесін өзгертуге деген белсенді емес позиция; жеті модульді, білім беруде жаңа әдіс-тәсілдерді жүзеге асыруды ерекшеліктері жайында ақпараттандыру деңгейінің жеткіліксіздігі. Жоғарыда тізбектелген мәселелерді шешу үшін мұғалімдерді тәжірибесіне назар аударып отырған лазым, өйткені өзінің тәжірибесін сараптау негізінде олар өз тәжірибесін жетілдіріп отыруға мүмкіндік алады. Тәлімгердің немесе коучтің негізгі міндеті – тәлім алушының өз мүмкіндіктерін тиімді пайдалануына көмектесу деген ұстанымға негізделген. Өз тәжірибесін жетілдіру жолдарын ұдайы іздеу үстіндегі N есімді қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі менің тәлібім болды. Аудиторлық оқыту кезеңінде мен онымен әңгімелестім де оның топтық жұмысқа ден қойып жүргенін анықтап алдым. Осыдан шығып тәлімгерліктің жоспары әзірленді. «Мектептегі тәжірибе» кезеңінде аз-кем өзгеріс енгізілді. Ол жайында В есебінде негіздеген едім. Маған артылған жауапкершілікті түсіндім, өйткені екеуара жұмыстың нәтижесінде ғана бірлескен әрекеттің тиімділігіне, құндылығына қол жеткізе аламыз. Тәліппен өткізген алғашқы сұхбат кезінде оның тәжірибесіндегі қиындық-кедергілерді айқындап алдым. Тәліп өз сабақтарында оқытудың дәстүрлі стиліне басымдық беретінін, түсіндірмелі-көрнекіліктік жұмыс әдісін ұстанатынын мойындады. Сабақты қадағалау және өткізу үшін тәліп-әріптес өзі оқытатын бір сыныпты алды. Онда әртүрлі оқу-танымдық қабілеттері бар оқушылар білім алады. Әңгімелесім кезінде тәліп мынадай мәселелерді атады: оқушылар өз ойларын әлсіз білдіреді, жоғары деңгейдегі сұрақтардың мәнін аз түсінеді не тіптен түсінбейді, өз ойларын ашып айтуда ұялады, қиналады. Сабақты өткізуді ұйымдастырғанда аталмыш мәселелерді шешу үшін жұмыстың топтық түрін пайдалану қажеттігін тәліп атап көрсетті. Оның ойынша, топтық әрі бірлескен жұмыс сынып оқушыларының жас ерекшеліктеріне сәйкес келеді. Оның үстіне бұл тәсіл оқушылардың пәнге деген қызығушылығын белсендендіре түседі. Талантты және дарынды оқушылар өзге оқушыларға білімді игеруде көмек-қолғабыс көрсетеді. Сабақты жоспарлаған кезде мен тәлібімнің келесідей мәселелеріне тап болдым: сабақтың әр кезеңіне мақсаттарды анықтай алмауы, стратегияларды, әдістемелік әдіс-тәсілдерді, оқушылардың қызығушылығын белсендендіру тәсілдерін білудегі жеткіліксіздік. Сабақ жоспарын құрастырғанда негізгі кезеңдерді сабақтың мақсаттарымен сәйкестендіре тиімді әдістерді, мазмұнын талқыладық. Тәжірибеге енгізілетін өзгерістердің ықпалын қадағалау мақсатымен әрі оқушылар әрекетін түзету және қадағалау мен сараптау дағдыларын дамыту үшін А, В, С деңгейіндегі оқушыларды таңдап алдық. «Оқытуда жаңа әдістерді қолдану кезінде өзі үшін қандайма оңтайлы өзгерісті аңғардыңыз?» деген сұраққа тәліп А, В, С деңгейіндегі оқушылардың дамуында жағымды өзгерістерді ерекше атап өтті. Айталық, өзіне сенімсіздеу С деңгейіндегі оқушы топтағы жұмыс кезінде өзінің көшбасшылық сапасын көрсете алды, осындай қабілеттері үшін сыныптастары оны сыйлай әрі мойындай бастады. В деңгейіндегі оқушы айтарлықтай белсенділік танытты, өзінің және сыныптастарының әрекетін жоспарлай білді, қызығушылық деңгейі артты. Ал А деңгейіндегі оқушыда сабақ үстіндегі белсенділігі аз-кем өсе түсті, оның үстіне бұл оқушының деңгейіне топ құрамының белсенділігі мен қызығушылығы әсер етеді деген шешімге тәліппен бірге келдік. Болашақта осыны ерекше ескеру қажеттігін айқындадық. Тәліп-әріптесім өз сабақтарын өткізу кезінде және келешекте түзеуге қажетті келесідей қиындық-кедергілерді атап өтті: топтық не бірлескен жұмыс түріне оқушылардың дайын еместігі (оқушылар әлі де мұғалімнен жиі көмек сұрайды); топ ішінде кей оқушылардың тапсырмаларды орындауда жалтару мүмкіндігі. Нәтижесінде, тәлімгерлік үдеріс кезінде тәліптің педагогикалық әрекетінде айтарлықтай өзгерістер төбе көрсетті. Айталық, тәліп оқушылар әрекетін енді басқармайды, бағыттайды; тәліптің кәсіби деңгейі айтарлықтай артты және мектеп тәжірибесін өзгерту аясында өз біліктілігін тиімді қолдана алатын болды. Менің ойымша, келешекте осынау өзара әрекеттестік негізінде кері байланыс қалыптасатын болады. Ол өз кезегінде жұмыс өнімділігін қадағалау мен бағалауға септігін тигізеді. Бірігіп жасаған жұмыс оқушыларды оқытуда біздің мүмкіндіктердің диапазонын кеңейте түседі және ол өзара сенім негізінде құрылымдалатын болады. Мектептегі өз тәжірибеме сараптама жасау нәтижесінде, ұйымдастыруда кездескен қиындықтарға қарамастан, ол қызықты әрі өнімді болды деген шешімге келдім. Оқушылардың мейілінше дамуы үшін оқыту үдерісімді әлі де жетілдіру әрі өзгерту жолында атқаратын жұмысым шаш-етектен. Айталық, сабақта орындалуға жоспарланған тапсырмаларды орындауға уақыттың жетпеуі, кумулятивтік әңгімеден зерттеушілік әңгімеге көшу дегенді менің тарапымнан түсінудің жеткіліксіздігі, жас ерекшеліктеріне сай оқыту модулін есепке ала отырып тапсырмаларды қолдану сияқты қиындықтар бұған дейін орын алып еді. Ал Бағдарламаның жеті модулін ықпалдастыру сынып ішінде сабақтағы белсенділікті арттыру, өзара көмектесу сезімін дамыту, топ ішінде, жұптасып жұмыс жасауға деген қызығушылықты ілгерілету, өзін-өзі және өзара бағалау арқылы оқытудағы белсенділіктің өсуі сынды оңтайлы өзгерістерге жол ашты. Сонымен бірге өз жұмысымда неге оқыту және қалай оқыту керектігін түсіну, оқыту нәтижелерін бағалау, сабақты қадағалау бойынша тәжірибе жинақтау, жас ерекшеліктеріне сай оқыту модулін есепке ала отырып, деңгейлік тапсырмаларды қолдану, бірлескен ортаны құру, өз қайраткерлігіңді рефлексиялау және түзетіп отыру секілді айтарлықтай өзгерістер төбе көрсете бастады. Баянды болашақта оқытудың интербелсенді, белсенді түрлерін жүйелеуді, тапсырмаларады жоспарлау кезінде оқушы үнін ескеруді, сын тұрғысынан ойлау, өзін-өзі реттеуді дамыту тапсырмаларын қолдануды, кәсіби педагогикалық қоғамдастықта жұмыс істеуді қолға алуды жоспарлаймын. Жаңаша үлгіде жұмыс жасауға әлі де оқу қажеттігін, шеберлігімді ұдайы қайрау әрі жетілдіру керектігін түсінемін. Асылында, бұдан былай бұрынғыдай бір сарынды жұмыс істей алмайтынымды түсіндім. | |
|
Всего комментариев: 0 | |