19:26 Мектептегі мұғалім көшбасшылығы | |
А1 Оқыту мен оқуға өзгеріс енгізу туралы рефлексиялық есеп Білімденуге қажетті жеті модульді ықпалдастыра отырып, оқу мен оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін қолдану арқылы білім сапасын арттыруға болады. Айталық, сабақ барысында және тапсырмаларды тексеру кезеңінде оқушыларға оқу үшін және оқуды бағалау модуліне сәйкес өз-өзін бағалау әдісін қолданамын және бұны сыныптағы оқушылардың не оқып-білгенін жинақтау ретінде пайдаланамын. Дарынды және таланты оқушыларды ойландыратын тапсырмалар арқылы анықтай аламын деп ойлаймын. Оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес оқыту және оқу модулін ескере отырып, оқушыларға ашық һәм жабық түрдегі сұрақтар беру арқылы кейбір оқушылардың сабаққа деген белсенділігін арттырамын. Топқа бөлу арқылы оқытуды басқару және көшбасшылық модуліне сай оқыту тәжірибесін жақсарту мақсатында сыныппен бірлесе жұмыс істеймін деген мақсаттамын. Дескрипторлар арқылы қалыптастырушы бағалау критерийлерін анықтаймын және оларды сабақтардың негізгі мақсаттарына жетудегі басты көрсеткіштер ретінде пайдалануға әрекет жасаймын. Орыс тілінде білім алатын бесінші сыныптың бірінші тобында білім деңгейі түрліше деңгейленетін оқушылар оқуда. Кейбіреулерінің сабаққа деген қызығушылығы жақсы болса, қайсыбіреулері бұл жағынан баяулылық танытады. Сондықтан да сабақ кезінде осыларды мұқият ескеріп, оқушылардың жас ерекшеліктерін һәм қабілеттерін ескеретіндей әдіс-тәсілдерді қолдануды жөн санаймын. «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінен біліктілік арттыру курсында көрсетілген үлгі бойынша жеті модульге негізделген орта мерзімді жоспардың тізбектелген төрт сабақ тақырыбын екшеп алудамын. Айталық, «Қазақстандағы ұлттар достастығы» бөлімінен тізбектелген төрт сабақты бөліп алып отырмын. Таратып айтқанда, әрбірі екі сағатты қамтитын «Бірлігі жарасқан ел» және «Маған қазақ әндері ұнайды» тақырыптары. Аталмыш тізбектелген сабақтарда жеті модульдің кейбірін қолдануды жоспарлап отырмын. Диалог бойынша оқыту тапсырманы орындауда сыни тұрғыдан ойлануды үйретеді. Айталық, көрнекілік, сипаттау, түсіндіру, сұрақ-жауап, «Шаттық шеңбері» тренингі, «Ой шақыру» әдісі, диаграмма, фотоколлаж, жағдаяттық тапсырма, «Шағын шолу» тәсілі, «Жүректен-жүрекке» тренингі, кесте сынды белсенді оқытуда қолданылатын әдіс-тәсілдерді жүзеге асыру үрдісінде оқушылар бір-бірінің идеяларын талқылайды, баға береді, бірлескен түсінік қалыптастыратын болады. Бойындағы һәм жаратылысындағы таланты мен дарындылығын анықтауда берілген тапсырмаларды жоғары деңгейде орындай алады және т.с.с. Нәтижесінде, оқушыларда өздігінен оқуға һәм мәселелерді шешуге бағытталған метатанымдық қабілеттері дамуға бет алады. Қалыптастырушы бағалаудың мынадай түрлері қолданылатын болады: «Шағын шолу» тәсілімен парақшалар таратады; тақырып аясында өзінің есінде қалған сөздерін, сөйлемдерін параққа жазады. Ақпараттық-коммуникациялық технология бойынша интербелсенді тақта, слайдтар, А4 парағы, маркерлер, плакат, тақырыпқа қатысты альбомдар, буклеттер, смайликтер; әдістемелік құрал, дидактикалық материалдар, сөздік, сюжетті сурет, «Жерұйық» кинофильмінің бейнебаянын, «Бүлдірген» әнінің үнтаспасын қолдану көзделіп отыр. Сонымен қатар келесідей бағалау критерийлері қарастырылатын болады: алдыңғы екі сабақта – А деңгейі: тақырыпқа қатысты мәтіндерді мәнерлеп оқиды, мәтіндерден бірлігі жарасқан ел жайлы негізгі ақпаратты таба алады; В деңгейі: сабақ барысында қысқа мәтіндерді талдау, сипаттау арқылы қазақ елі жайлы толық ақпарат бере алады; С деңгейі: тақырып аясында өз бетімен қазақша мәтін құрайды, қарапайым үлгілер арқылы сыныптастарымен тілдеседі; кейінгі екеуінде – А деңгей: қазақ тілінде қазақ әндері жайлы ақпарат береді, достарымен сөйлеседі; В деңгейі: тақырыпқа қатысты жаңа сөздерді тілдесім барысында тиімді қолдана алады, қазақ әндерін сипаттайды; С деңгейі: тақырып аясында өзінің достарымен қазақ әндері жөнінде ақпарат алмасады, тілдесімге түседі. Сын тұрғысынан ойлау әрекеттерді іске асырады: суретке қарап, сипаттама береді; өлеңді ұйқасты сөздермен толықтырады; сөздердің аудармасын дәптерге жазады; әр абзацтағы ойды түсінеді; абзацқа тақырыпша қояды; сын, сан есімдерді қолданады; суреттер бойынша әңгімелейді; диаграмманы толтырады; мәтіннен түсінгенін баяндайды; сұрақтарға толық әрі қысқа жауап береді; сөздерді дұрыс орналастырып сөйлем құрайды. Сайып келгенде, осылайша түзілген орта мерзімді жоспарлау пән сапасын арттырады деген ойдамын. Тізбектелген сабақтар топтамасындағы жоспарланған сабақта мұғалімнің басқаруын һәм көшбасшылығын кешенділейтін модульдік мәнмәтіннің қолданылуы маңызды. Себебі, осынау модульдердің ықпалдаса-жымдаса бір тетіктей іске қосылуы өткізілетін сабақта, ең алдымен, оқушылардың өздігінен дербестене, жұптаса, топтаса іс-әрекет жасауына серпін береді. Білім алушылардың бірегей қабілеттерін, қайталанбас ықылас-ынтасын сынып ішінде танытуға таптырмас мүмкіндік тудырады. Сабақ оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес оқыту мен оқу, сын тұрғысынан ойлау, талантты және дарынды балаларды оқыту, оқыту мен оқуда ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану, оқу үшін бағалау және оқуды бағалау модульдеріне негізделіп құрылды. Бүтінді бөлшектегенде, сабаққа кіргізілетін өзгерістер үдерісінде негізделген модульдер оқу мақсаттарынан шыққан негізгі мақсаттарды, бағалау критерийлерін талапқа сай орындауға келіп тұр. Оқушылар ұсынылған мәтін абзацымен топтасып жұмыс атқарған кезде бірлескен оқуда белсенділік таныта алады. Тілдік мақсаттарды орындау кезінде оқушыларға коммуникативтік құзыреттіліктерін танытуға мүмкіндік туындайды. Сонымен бірге тілдік бағдарға көңіл бөлетін болады. Топтық жұмыс кезіндегі хат жазу үдерісінде сын тұрғысынан ойлау мейілінше іске қосылады. Алдымен жекелеген, артынша бірлескен іс-әрекет кезінде оқушылар өз ойларын қағаз бетіне түсіріп, нәтижені көрсетуде жазған ойларын ауызша жеткізуге қол жеткізеді. Интребелсенді тақта арқылы көрсетілетін таныстырылымда сабақ мақсатын ашуға мүмкіндік алады. Оқушылардың жақын аралықтағы даму аймағында метатанымдық қабілеттері айқындалады, метасана да төбе көрсетеді. Дескрипторлар негізінде бағалау критерийлері анықтала түседі. Жоғарыда сөз болған модульдерді бір тетіктей іске қосу, қолдану арқылы мұғалімнің басқарушылық және көшбасшылық деңгейі мүмкіндігінше айқындалады. Оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдерді қолдану сабақтың тартымды өтуіне оң әсер-ықпалын тигізеді, оқушылардың пәнге деген, өтіп жатқан сабаққа деген қызығушылығын арттырады. Тек осынау тәсілдердің тым көп болмауын һәм межеленген уақыт өлшеміне сыятынын мұқият жоспарлаған жөн. Ал сабақтың негізгі бөлігінде қолданылатын мәтінмен жұмыс, хат жазу өз кезегінде білім алушыларды сын тұрғысынан ойлауға үйретуге септігін тигізеді. Ақиқатында, бұндай іс-әрекеттер оқушылардың метатанымдық қабілеттерін, көшбасшылық дағдыларын, талантты мен дарынды балалардың өзіндік икемділіктерін танытуға оңтайлы мүмкіндік туғызады. Сонымен бірге жоспарланған сабақта интербелсенді тақта арқылы көрсететін таныстырылым, бейнежазба оқыту һәм оқуда ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдаланудың тиімділігін айқындайды. Бұларды да орынды қолданған жөн. Оқу үшін бағалау мен оқуды бағалау бағытында жоспарланған сабақта қалыптастырушы бағалау түрлері қарастырылады. Негізінен бұны сабақ соңында, рефлексия жасау кезінде, кері байланыс мақсатында қолданған тиімді болмақ. Себебі қалыптастырушы бағалау арқылы білім алушылардың сабақ бойында атқарған іс-әрекетінің нәтижесін байқауға мүмкіндік береді. Дәстүрлі баға қойылмаса да, орынды әдіс-тәсілдер оқушылардың өтілген сабақты қаншалықты меңгергенін көрсетері анық. Қысқа мерзімді жоспардағы қосымша ақпаратта мұғалімге қосымша көмек көрсетуді қалайша жоспарлау, қабілеті жоғары оқушыларға тапсырманы қалай күрделендіру қажеттігі сараланады, оқушылардың үйренгенін тексеруді қалай жоспарлау бағаланады, пәнаралық байланыс, қауіпсіздік және еңбекті қорғау ережелері, ақпараттық-коммуникациялық технологиялармен байланыс, құндылықтардағы байланыс сияқты маңызды бөліктер сарапталады, өтілген сабаққа жан-жақты рефлексия жасалады. Айталық, сабақтың оқу мақсаттарының шынайылығы, оқушылардың осы сабақта не білгені, сыныптағы ахуалдың қандай болғаны, мұғалім жоспарлаған шаралардың, ықпалдастырған модульдердің тиімділігі, межеленген уақыт аралығында үлгергендігі, мұғалімнің өз жоспарына қандай түзетулер кіргізу қажеттігі һәм кіргізетін түзетулердің себептері деген сияқтылар. Қорытынды бағамдауда оқытуда да, оқуда да табысты болған жайттар, сабақты жақсартуға оң септігін тигізген құндылықтар ескеріледі. Сонымен бірге сабақ барысында мұғалімнің сынып немесе жекелеген оқушылар туралы келесі сабақта не жетілдіруге көмектесетіні екшеленеді. Зерделесек, тізбектелген сабақтар топтамасынан алынған қысқа мерзімді сабақ жоспарында орын алған жеті модульді ықпалдастыру пән мұғалімінің оқыту мен оқуына біліктілік арттыру курстары талап еткен өзгерістердің кіргізілгенін, оның мұғалім тарапынан басқарылатынын растайтын болады.
| |
|
Всего комментариев: 0 | |