13:27
Мектепке жол

САУАПТЫ ІСКЕ СЕРІКТЕС БОЛСАҚ ИГІ

Күн санап жақындап келе жатұан жаңа оқу жылы қарсаңында игі дәстүрге айналған «Мектепке жол» акциясы кең-байтақ еліміздің барлық елді мекендерінде бастау алып, қызу түрде өткізілуде. Осынау акцияның мақсаты – аз қамтылған, көп балалы және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған мектеп жасындағы балаларға қолдау көрсету һәм олардың алаңсыз білім алуларына барынша жағдай жасау. Акцияны өткізудің негізгі міндеттері – қоғам назарын балалардың бастауыш, негізгі, жалпы орта білім алу құқығын сақтауға, өмірдің қиын жағдайына душар болған жасөспірімдер проблемасына аудару, әр баланың жағдайы үшін мүдделі құрылымдармен өзара қызмет ету.

Өкінішке орай, қоғамдағы әлеуметтік жағдай біз ойлағандай бірдей оңтайлы бола бермесі бесенеден белгілі жайт. Қалалы болсын, ауылды болсын елді мекендерде әлеуметтік мұқтаждықтан, жағдайдың шектеулігінен теперіш көріп отырған жанұялар жетіп артылады тағы. Бұндай жандар қатарына көп балалы жанұялар, әлеуметтік жағынан әл-әзір аз қамтылған отбасылар, толық емес шаңырақтар, ата-анасыз қалып, қамқоршысының бағып-қағуындағы, ата-ананың барында да мейірім-қамқорлықтан үмітін үзген тірі жетімдер, тәртібінің қыныр-қиындығынан не отбасына, не айналасындағы қоғамға симаған бетімен кеткен мектеп жасындағы балалар, жасөспірімдер жатады.

Мектепке қажетті оқу құралдарының да, талапты киім-кешектің де бағасы қазіргі таңда удай. Оның үстіне әр оқушының өз таңдау-талғамын да ескерген жөн. Сондықтан «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы кезінде әрбір кесе-көлденең мәселені бүге-шігесіне дейін мұқият диагностикалап, мониторингілеп барып қана, нақты іспен жүзеге асқан нүктесін қою керек. Демеушілердің қайырымдылығынан жиналған қаржыны оқуға дайындық жағынан шынымен-ақ айтарлықтай қиындықтарға кептеліп қалған мұқтаж жанұяларға, нақты оқушы балаға жұмсауда азаматтық жауапкершілікті, іскерлік жүйелілікті асқан абыроймен сақтасақ игі. Сонымен бірге жан-жақтан жиналған киім-кешекті үлестіруде қарапайым адамгершілік құндылықтарды мәртебелетсек. Мейріміділік таныта жасап жатқан қайырымдылықты жүрген-тұрған жерде, назарымызды жаулап алған әлеуметтік желілерде келсін-келмесін дабырайтуға, мансапты мақтанға, киім-кешекті алып жатқан мектеп жасындағы оқушыны көпшіліктің көзінше психологиялық тұрғыдан жаралауға не ыңғайсыз жағдайда қалдыруға әсте жол бермеуге тырысуымыз қажет. Нақтылаған оқушыға бұл жағынан қайырымдылық жасаудың алдында оның ата-анасынан, қамқоршысынан киім-кешегінің көлемін, порым-пошымын, тігіс-пішімін, түр-түсін әдептілік сақтап сұрап алған жөн. Әл-ауқаты қалыпты жанұяларда артылып қалған не той қоржыны түбінде еш керексіз жатып қалған жаңа не киілсе де тәуір көрінетін мектепте киюге болатын киім-кешектерді ұқсатуға болатын кезде осы ғой. Жеке саудагерлер құлағына да алтын сырға.     

Сайып келгенде, өмірдің қиын жағдайына душар болған балаларға, нақты бір балаға һәм аз қамтылған отбасына, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған балалар мекемесіне көмектесемін деген әрбір азаматты «Мектепке жол» акциясына қатысуға санасы сау, көкірегі ояу әрбір азаматты шақырамыз. Асылында, сауапты іске серіктес болсақ игі.

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ[i]

Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

 

[i] Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі, №3741-мүшелік билет

Просмотров: 747 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: