09:42
Маңызды нысан

Жол картасы – 2009

БІЛІП ІСТЕЙТІН БІЛЕКТІ ЖІГІТТЕР

Дағдарысты ауыздықтау һәм елдің әлеуметтік әлеуетін екпіндету жолында ойлап табылған жол картасының үдерісі өз жемісін берңп келе жатқаны шынымен-ақ қуантады.

Осыдан біршама уақыт бұрын аталмыш шара бойынша Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінің жылу қазандығын мектеп имаратынан шығару жұмыстары үшін қыруар қаржы бөлінгені хақында хабардар еткен болатынбыз. Қазіргі кезде айтылған сөз ауқымды іске ұласып үлгерді. Атап айтқанда, жылу қазандығының шағын да жинақы ғимараты бой көтерді. «Трансқұрылысконсалтинг – ПВ» осынау құрылыстың бас мердігері болып табылады.

Ертістің арғы жағында ен далада көсіліп жатқан Май ауданының Қаратерек ауылынан құрамдалған жалдамалы құрылыс бригадасының жігіттері Тәтенов Талғат, Жақыпов Ринат, Шәкіров Нұржан, Өтебаев Олжас, Ботақанов Саят һәм Павлодар маңындағы Жетінші ауылдың жігіті Әнуарбеков Жәнібек құрылыс жұмыстарын сапалы түрде орындады. Демалыс күндеріне қарамай, азаннан ақшамға дейін білек сыбана біліп еңбек жасаған жігіттерден жұмыс қалсын ба. Мін табылмаса, сын қайдан болсын. Негізінен, бұл бригаданың құрамдалғанына бас-аяғы үш-төрт ай ғана болған екен. Ішінен сайланып, бас-көз болып жүрген Талғаттың айтуынша, бұған дейін олар Қашыр ауданындағы Песчан ауылында мектептің жөндеу жұмыстарына, Павлодар ауданына қарасты Жаңаямышев ауылындағы, Успен ауданында Мәдениет үйлерін жабдықтау жұмыстарына, Павлодардың өзінде құрылыс жұмыстарына ат салысып, айтулы абыройға ие болған көрінеді. Дегенмен, Бесқарағайда бой көтерген жылу қазандығы ғимараты білекті жігіттердің тақыр жерден қабырғалап тұрғызған тұңғыш имараты екен.

Манадан бері сөз болып отырған құрылыс бригадасына бесқарағайлық жігіттер Молдабаев Серік, Аубакиров Серік, Оспанов Қайыржан, Жанпейісов Қуан, Абылғазин Мұрат қосылып, екі айдай жұмыспен қамтылды. Ал жол картасының басты мақсаты екі қолға жұмыс таба алмай жүрген адамдарға маусымдық болсын жұмыс беріп, заңды табыс беру болып табылатынын ескерсек, бұл да омырылып қалған тұсты бүтіндеудің бірегей амалы да.

Сонымен, көптен күткен жылу қазандығының имараты мектеп мекемесінен алыстау маңда бой көтеріп тұр. Оның ішінде үр жаңа екі пеш һәм қосымша құрылғылар орнықтырылды. Оған қоса ішіне электр қуаты тартылды. Мектеп пенен жылу қазандығы имаратын жылумен қамтамасыз етуге арналған құбырларды төсеуге бағытталған ұзын ор да білектегі күш арқылы қазылды.

Осы күндері басқа бір бригада келіп құбырларды тарту және түтін шығаратын зәулім мұржаны тұрғызу жұмыстарына қызу араласып та кетті.

Бұл құрылыстың жүруіне аудандық әкімшілік те жіті назар аударып келеді. Құрылыс жұмыстарына кесе-көлденең кедергі болып қалған кезде қол ұшын беруге әзір де.

Асылы, жылу қазандығын іске қосу күн де үміт пен сенім жетегімен менмұндалауда.

ШАҺМАНТЕГІ-ИБРАҺИМ Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

shakhibbeker@gmail.com

http://shakhibbeker.ucoz,kz

Просмотров: 1193 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: