- Байлардың үйіне азырақ барыңдар. Жиі бару – Алланың өздеріңе берген несібесін қадірлемегендік болады.
- Ақталуға көп әуестенбе.
- Абыройлы кісілердің қателік-кемшіліктерін кешіруге тырысыңдар.
- Алланың маңдайға жазғандарының барлығын туысқа да, жатқа да өтпелі нәрсе деп біліңдер. Алла жолындағы ізгі істеріңді кінәлаушылардың кесірінен тоқтатып қойма.
- Күнәнің үлкені – Аллаға шәк келтірушілік, нақақтан қан төгу, ата-анаға тіл тигізу, өтірік куә болу.
- Бұл дүниеде қисынсыз көп сөйлеген адамның ол дүниеде (қияметте) күнәсі көп болады.
- Рақатшылықты жоятын нәрсені – өлімді көбірек ойлаңдар. Кім кембағалдықты, өлімді көбірек ойласа, түбінде сол бай болады.
- Адам бәлені көбінесе тілінен табады.
- Перзенттеріңді құрметтеумен бірге: мінез-құлқын жақсы тәрбиелеуге күш салыңдар.
- Нанды қадірлеңдер!
- Діндарлардың имандылығының кепілі – мінез-құлқының жақсылығы, әйелдермен сыпайы қатынасы.
- Біліп қойыңдар: ашу адамның ішіндегі жанып тұрған шоқ сияқты. Байқасаң, ашуы келген адамның көзі қызарып, тамыры адырайып кетеді. Егер біреулерің сондай күйге түсіп қалсаңдар, жерге отыра қалыңдар. Біліп қойыңдар: жақсы адамның ашуы жай келіп, тез қайтады. Жаманның ашуы тез келіп, жай қайтады. Ашуы жай келіп, жай тарқаса немесе тез келіп, тез тарқаса, бұл да дұрыс. Біліп қойыңдар: саудагердің жақсысы сауда-саттық ісінде әдепті болады. Жаманы дөрекі келеді. Осындай әдеттен сақтанған жөн.
- Біліп қойыңдар: әрбір қиянат жасаушы қиямет күні қиянатының мөлшерін таныту үшін байрақ көтеріп жүреді. Қиянаттың үлкені – әкімдердің жалпы халыққа істеген қиянаты. Ақиқатты білген кісінің соны айтуына басқалардың ғайбат сөзі бөгет жасамасын. Біліп алыңдар: дін үшін болатын соғыстың абзалы – залым патшаның алдында айтылған хақ сөз. Есіңде болсын: өміріңнің қалған бөлігі өмір сүріп отырған күніңнің қалған бөлігіне ұқсайды.
- Әуелі анаңа, тағы да анаңа, тағы да анаңа, содан соң Отаныңа жақсылық жаса.
- Алла – сұлу, сұлулықты жақсы көреді.
- Алла – кешірімпаз, кешірім жасағыш адамдарды өзіне дос санайды.
- Алла – жомарт, жомарттарды дос тұтады. Мінезі жақсы адамдарды ұнатып, мінезі жаман адамдарды жек көреді.
- Қазылар залымдық жасамаса, Алла солармен бірге болады. Егер залымдығын сезіп қалса, өзі қашықтап, шайтанды қалдырып кетеді.
- Алла менің үмбеттерімді қисық жолға бастамайды, Алла көпшілікке көмектеседі. Кім көпшіліктен ажыраса, тозаққа бет алғаны дей бер.
- Алла сендердің сырт көріністеріңе немесе дәулеттеріңе қарап емес, ниеттеріңе, іс-әрекеттеріңе қарап баға береді.
- Алла бұзықтық жасаған, ұятсыз сөздерді сөйлей салатын арсыз адамдарды жек көреді.
- Алла достарына қабағын ашпай, түксиіп қарайтындарды жақтырмайды.
- Алла қайғы-қасіретті адамдарға жәрдемдескендерді дос тұтады.
- Алла әрбір істе сыпайылықты жақсы көреді.
әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
|