21:22
Мұғалім ол біздің

ҰСТАЗ БОЛУ...

Жалғанда ұстаз көрмеген я мұғалімнің алдында оқушы болмаған тұлға кемде-кем шығар. Ал осынау мамандықтың ыстығына күйіп, суығыа тоңып жүрген абзал жандарға деген алғыс-ризашылық шексіз. 

Ұстаз болу – жүректің батырлығы,

Ұстаз болу – сезімнің ақылдығы.

Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,

                                         Ұстаз болу – адамның асылдығы,-

деген Ғафу Кайырбековтың өлең жолдарын оқығанда, әр мұғалім өзін бақытты сезінеді әлбетте. Ұстаз болғанына мақтанады.

Біз де мұғалім болып көктен түсе салмадық. Бізді де ұстаздар мұғалімдік барын беріп, нәрін татқызып өмірге жолдама берді ғой. Ондай-ондай асыл жанды тұлғаларды әсте ұмытуға болмас.

Өйткені ұстаз – мақтан тұтар мамандық. Киелі әрі өте көне мамандық тағы. Адам Ата һәм Хауа Анадан бері жұмыр басты пендені ойландырып, толғандырып келе жатқан, қоғам өзгерсе де қажеттігін жоймайтын үлкен мәселе – шыр етіп дүниеге келген нәрестені өмір сүруге дайындау. Бұл – қиынның қиыны. Себебі әр адам – қайталанбас тұлға қай қырынан да. Оның жан дүниесі – өзінше бір әлем. Ал ұстаз сол әлемді шартарапқа жетелеуші. Ұстаз – бала болмысына өзгеріс енгізуші, бағыт-бағдар беруші, ата-ананың сенімді көмекшісі қашанда.

Басқасын қайдам, ал өзім мектепте оқыған жылдары сабақ өткізген мұғалімдерді көз алдыма елеутетумен боламын. Әсіресе осыдан он жыл бұрын бақилыққа мәңгі сапар шеккен Бейсекеева Роза Сағалқызының шоқтығы мен үшін биік еді. Химия һәм биоогия пәндерінен сабақ берумен қатар сынып жетекші де болды. Болашағыма бағыт берген Роза Сағалқызын екінші анамдай көретінмін. Кейін құрметті зейнеттік демалысқа шыққан соң да көшеде кездесіп қалғанда жылы шырай танытып хал-жағдайды сұраумен жүретін. Мұғалімдер қатарын толықтырған соң да өмірден өткенше мектепке деген, шәкірттеріне деген ілтипаты сыр берген емес марқұм ұстазымның. Осынау жан жылуы мол тұлғалар арамызда молынан болса игі.

Өмірдегі көп мамандықтардың ішінде жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, ерекше шәкіртжандылықты, мейірімділікті қажет ететін мамандық та – ұстаздық мамандық. Асылында, мұғалім еңбегі, біріншіден, адамзат қоғамы тарихында жинақталған ғылым негіздерінен білім беруге тиіс болса, екіншіден, үнемі шәкірттерімен қарым-қатынаста болып, білсем, үйренсем деген бала арманы мен оның сырлы тағдырына басшылық етуді мойнына алған маман. Осындай қызығы да, қиындығы да мол мамандықты мұғалім болған тұлғалар да таңдады. Тіпті Ұстаз болу бала кезгі арманы да еді.

Ұстаздарға да ұстаз бола білгендер де болған және жүр ортамызда. Сондайлардың ішіндегі мен үшін шоқтығы биік ұстаз ретінде марқұм Т.Е.Дәйкеновті айтар едім. Кезінде облыстық мұғалімдер біліктілігін арттыру институтына бас-көз болған Темірболат Ережепбайұлы курс тыңдаушылар дәрісханасына кіріп, хал-жағдайларын сұрастырып, ақыл-кеңесін айтып жүретін. Кейіннен облыстық «Ұстаздар газеті» басылымын жарыққа шығарып, бас редактор болды. Аталмыш газеттің алғашқы жылында-ақ азын-аулақ мақалаларым басылып тұрды. Содан газеттің бір жылдық мерекесіне шақырып, тілшілік қызметіме ризалығын білдіріп, ұстаздық өсиетін жаудырды. Әрі өмірге құштар, әрі ойлы мұңға толы көздерінен ұлт болашағы жолындағы ерен қайраткерлігі көрініп тұратын. Тіпті өз шығармашылық қанатының астына да шақырды. Амал не, тағдырың сызығы жеткізбеді бұған. Енді тек ұмытылмас бейнесі ғана демеу. Осынау зор тұлғалы адаммен кезіктірген тағдырыма ризамын.

«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, шәкірт бойындағы ұстамдылық пен тәрбиелілік көбіне ұстазға келіп тіреледі. Ескендір Зұлқарнайын: «Даңқ пен абыройға кенелуімде мен бір адамға қарыздармын, ол – ұстазым Аристотель», - десе, Абылайхан Төле биді, Шәкәрім ұлы ақын Абайды ұстазым деп, шексіз құрметтеп өткен екен. Әрине, бұрынғы қазақ даласындағы ағартушылық қызмет балаға жазу-сызу, оқуды үйретуге ғана саятын болса, бүгінгі таңдағы білім беру саясы мүлде басқаша.

Бүгінгі ұстаз шәкіртіне ғылым негіздерінен мәлімет беріп қана қоймай, оны дүниежүзілік білім, ақпарат, экономика кеңістігіне шығуға, яғни қатаң бәсеке жағдайында өмір сүруге тәрбиелеуі керек. Ол нағыз ұстаздың ғана қолынан келеді.

Ал ХХІ ғасырдың нағыз ұстазы қандай болмақ керек? Әрине, ол өз кәсібінің майталманы, осы мақсатқа рухани күш-жігерін, парасат-қуатын салу керектігі айтпаса да түсінікті. Бұл – әркімнің қолынан келе бермейтін, ерекше талант пенен дарындылықты қажет ететін, бай қиялды адамға тән қасиет. Сондай-ақ ұстаз күнбе-күнгі өзінің көп қырлы еңбегінде мазмұны әртүрлі кездейсоқ жайттардың туындап отыратынын алдын ала сезіп, болжап және оның оң шешімін табуға дайын болуға тиіс. Сондықтан да ұстазды әр баланың жан-дүниесін танып-білуші әрі оны жеке тұлға етіп қалыптастырушы, ел болашағының мүсіншісі деуге болады.

Қатарымыз тәжірибелі ұстаздардан кенде емес. Бір орында ғана толайым жылдар бойы абыройлы еңбек жасап жүрген мұғалімдер қашанда құрметке ие ғой. Айталық, Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебіндегі С.Н.Түсіпова, Ғ.Н.Мүсілімова, зейнеткерлікке әлдеқашан шыққанына қарамастан тақтан таймай жүрген З.Н.Қапанова, Л.И.Молокова сынды әдістемелік азуы алты қарыс пән оқытушылары бірқыдыру өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындатты.

«Ұстаз» сөзінің екі түрлі сипаты бар. Бірі – белгілі пәннен сабақ беретін оқытушы да, екіншісі – жоғары беделді адамдарға ықпал етуші дана адам. Мектептегі ұстаз – баланың екінші ата-анасы, болашаққа айқын жол сілтер ақылшысы. Оның мейірімге толы жүрегі шәкірт бойындағы талай ағаттықты кешіре біледі. Оның бойындағы білім мен ақыл, ойының қуаты талай тентекті жуасытып, небір еркені сабасына түсіреді, тәртіпке баулып, есейтіп, ержеткізеді. Сондықтан әрбір шәкірт өзіне үлгі-өнеге болған сүйікті мұғалімін ұстазым деп атайды. Осы тұста Абайдың: «Ақырын жүріп, анық бас, Еңбегің кетпес далаға. Ұстаздық еткен жалықпас, Үйретуден балаға,» - деген өлең жолдары еріксіз ойға оралады. Егер әр шәкірт өмірде бір кірпіш болып қаланып, ұстаздан шәкірт озып жатса, төккен тер мен адал еңбектің ақталғаны емес пе?! Ұстаз атана білу, оны қадір тұту, қастерлеу, арындай таза ұстау – әр мұғалімнің борышы. Ол – өз кәсібін, өз пәнін, барлық шәкіртін, мектебін шексіз сүйетін адам. Осы іске деген қызығушылық пен сүйіспеншілік қана оны небір қиын әрекеттерге жетелейді, іске батыл кірісуге себін тигізеді. Нәтижесінде бір емес, бірнеше жас жүрекке мәңгі ұстаз болып қалады. Ұстаздың осыншама қадір-қасиет, құрметке бөленуі өзін қоршаған орта мен әрбір шәкіртіне асқан сезімталдықпен, жауапкершілікпен қарым-қатынас жасауында. Өйткені оның қарапайым да сыпайы киім киісі, мәдениетті сөзі, әдепті жүріс-тұрысы, жинақы іс-әрекеті, білімі шәкіртке де, ата-анаға да, жұртшылыққа да өнеге. Ұлы ағылшын ағартушысы Уильям Уорд: «Жай мұғалім хабарлайды, Жақсы мұғалім түсіндіреді, Керемет мұғалім көрсетеді, Ұлы мұғалім шабыттандырады,»- дейді.

Ұстаздық жолда тегеурінді талпыныс жасап жүрген һәм тәжірибелік қорлары еселеніп жығылатын мұғалімдер де жүр ортамызда. Солардың ішінде Б.М.Құсманованы, Г.Н.Қадырханованы, М.Ж.Оспанованы, Н.М.Елеусізованы атап өтуге тұрарлық.

Әлбетте, білім беру жүйесі мамандардан кәсіби икемділік пен ұтқырлықты, сан қырлы шығармашылық қызмет пен өзін-өзі басқару, өзін-өзі ұйымдастыру жағдайындағы біліктілікті қажет етеді. Өйткені қазіргі жас буын – еліміздің келер күнгі келбеті. Бұл жөнінде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Ғасырлар мақсаты – саяси-экономикалық және рухани дағдарыстарды жеңіп шыға алатын, ізгіленген ХХІ ғасырды құрушы іскер, өмірге икемделген, жан-жақты жеке тұлғаны тәрбиелеп қалыптастыру», - деген тұжырым жасады. Ол үшін бүгінгі оқу үдерісіне сай педагогикалық шеберлік қажет. «Педагогтік шеберлік – дарынды талант емес, үйрену, ізденудің нәтижесі. Мұғалім шеберлігі жайлы жазылған дайын қағида жоқ, болуы да мүмкін емес. Барлығы да өзімізге байланысты» деген екен бір дана кезінде.

Әсілі, мұғалімдер күнделікті өмірдің жай ғана адамы емес, болашақты құрушыларды, адамзаттың сәулетті болашағын жасаушыларды тәрбиелеп отырғанын ойласақ, мұғалім мұратының қандай болатыны өзінен-өзі айқындалады. Осыған байланысты ұстазға тән мынадай сипаттарды даралап көрсетуге болады: - Дүниетанымдық көзқарасы, сенімі - Қызметке бейімділігі - Кәсіптік білімі мен біліктілігі - Қамқорлық көзқарас, сүйіспеншілік сезім - Ұйымдастырушылық қабілет - Заманға сай жаңашылдық.  Осындай даралық қасиеттер ұстазды бақытқа жеткізеді. Бақыттың үлкені – өзіңді-өзің тану. Ұстаз өзін-өзі қай уақытта таниды? Ол алдындағы шәкіртінің қияға қанат қағып, елінің азаматы болған сәтінен таниды. Ендеше, бүгінгі білім мен білік бәсекелес заманда ұландардың биіктен көрінуіне күнделікті істегі жаңашылдық арқылы, жан-жақты берген тәрбие арқылы қол жеткізуге болатыны айдай ақиқат. Сіз қалай ойлайсыз?

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай ЖОББ мектебі оқу істері меңгерушісі, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 2697 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: