17:03 Ұлы Жеңіс ұлағаты | |
ҚОЛДАН-ҚОЛҒА, ЖҮРЕКТЕН-ЖҮРЕККЕ... Ұлы Жеңістің жетпіс жылдық мерейін айшықтайтын биылғы жылдың маңызы әрбір адам үшін көзінің қарашығындай қымбат һәм асыл. Жыл басынан бастап жүргізіліп отырған игілікті іс-шаралар осынау мерейлі датаны асқарлатуда, аспандатуда осы күні. 26 ақпаннан бастау алған «Жеңіске дейін 100 күн» акциясының да шоқтығы өз алдына бір төбе. Күні кеше Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінің кең де жарық спортзалында Қызылағаш ауылдық округі «Ұлы Жеңіске – 70 жыл» алқызыл түсті ту-байрағын күншығыс бағытында орын тепкен әрі көршілес Шарбақты ауылдық округіне ресми түрде табыстау шарасы ұйымдасқан түрде өткізілді. Сап түзе қатарласқан оқушылар мен сынып жетекшілерінен басқа аталмыш шараға зиялы қауым өкілдері, әкімшілік қызметкерлері қатысуға ниет білдірді. Аудан орталығынан келген өкіл де болды. Атап айтқанда, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ж.Мұхаметалин. Төрдегі құрметті қонақтар орынтағына тыл ардагері Б.Жүнісова, ардагер ұстаз Д.Ақатаев, ауылдық ардагерлер Кеңесінің төрағасы С.Темірғалин, ауыл әкімі Ж.Байтілеуова жайғасты. «Отан соғысы» ордені бедерленген һәм «Ұлы Жеңіске – 70 жыл» деген жазуы бар алқызыл ту-байрақ ресми түрде төрге шығарылды да Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Туымен қатарласты. Құттықтау сөз алған Жұмабай Аманқұлұлы, Думаш Ақатайұлы, Сәдібек Әжіғұлұлы, Жанат Шоқанқызы Ұлы Жеңістің жетпіс жылдық мерейтойының маңыздылығын, игілігін азаматтық түрғыдан екшеп, ауыл тұрғындарын, мектеп оқушыларын Ұлы Жеңіс мерекесін тойлаудың бастамасымен жүрекжарды тілектерімен құттықтады, ал тыл ардагері Бизат әже басынан кешкен қиындықтардың бейбіт күнде қайталанбасына тілегін білдірді. Өкінішке орай, осынау маңызды салтанатқа ауылымыздың көзі тірі жалғыз асқаралы ардагері, тоқсанның үшеуіне келген Қаблен Қасенов ақсақал денсаулығына байланысты келе алмады. Мектеп оқушылары бейбітшілік, отансүйгіштік, елжандылық атты құнды тақырыптарды ту еткен өлең шумақтарын мәнерлеп жатқа оқып, әдеби монтаж ұсынды. Мектеп мұғалімі Б.Ибраһим соғыс туралы ән шырқады. Ауыл әкімі Ж.Байтілеуова «Ұлы Жеңіске – 70 жыл» алқызыл ту-байрақты салтанатты түрде Шарбақты ауылдық округі жастар істері жөніндегі нұсқаушысы Т.Қадырқұловқа табыстады. Ресми бөлімнің шымылдығы «Жеңіс күні» әнімен түрілді. Ал аталмыш шараның жалғасы үстел теннисінен өткен жарыстармен өрнектелді. Спортзалда орнатылған үстелде тартысты кездесулер бірінен соң бірі жүзеге асты. Не бел, не белбеу кеткенше түзілген тартыстарды көрермендер сүйсіне тамашалады. Нәтижесінде, бірінші орынды өзгелерінен оза шапқан 10 сынып оқушысы Шаймұрат Айбарыс жеңіп алса, мектеп қызметкері Қыстаубаев Александр екінші орынды еншіледі, ал ауыл жасы Қайырбаев Алтынбек үшінші орынды қанағат тұтты. Ауыл әкімі Жанат Шоқанқызы жүлдегерлерге дипломдар мен естелік сыйлықтарды ресми түрде табыстады. Ауылдағы соғыс және тыл ардагерлеріне қамқорлық көрсетуде ауыл жастары істері жөніндегі нұсқаушы Г.Сейітованың, мектептегі аға тәлімгер А.Ахметовтың ауыл жастары мен мектеп оқушыларын қатыстыра атқарған жұмыстарын атап өткеніміз абзал. Бүтінді бөлшектесек, асқаралы ардагеріміз Қаблен ақсақалдың үйі айналасын қалың қардан тазалап, батасын алған өскелең ұрпақтың арманы бар ма. Жоғарыда әңгіме болған игілікті шаралар осынау мерейтойдың бастамасы ғана. Әлі алда жүзеге асатын жасы істер қаншама. Ұлы Жеңстің жетпіс жылдығы жылда аталып өтпесі белгілі. Олай болса, осынау игіліктерден ел тыныш, күн аманда тыс қалмайық. Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ[i] Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы [i] Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі, №3741-мүшелік билет | |
|
Всего комментариев: 0 | |