22:37
Ұлы Жеңіс ұлағаты

 ЛЕБЯЖІ ӨҢІРІНЕН АТТАНҒАН ЖАУЫНГЕРЛЕРДІҢ ЕРЛІКТЕРІ

Ұлы Жеңістің жетпіс жылдық мерейі асқарланған биылғы жыл – тарих үшін айырықша сәт, ерекше мезет. Жеңіс күні күні кеше мерекеленіп өтсе де, осынау Жеңіске сүбелі үлес қосқан тау тұлғалар хақында танымдық әңгіме айту жалғаса бермек, жалғаса бермек. Демек, Лебяжі өңірінен аттанған жауынгерлердің ерліктері жайында сөз үзілмек емес.

Нуркин Қабдеш Темірбайұлы 1923 жылы Лебяжі ауданында дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысушы. 1941 жылы Павлодар педагогикалық училищесін тәмамдады. 1954 жылы Мәскеудегі КОКП ОК жанындағы жоғарғы партия мектебін бітірді. Еңбек жолын 1941 жылы Лебяжі ауданына қарасты Қорт ауылындағы сегізжылдық мектепте қатардағы мұғалім ретінде бастады, артынша сол оқу орнында оқу ісітерінің меңгерушісі қызметін атқарды. 1946-1951 ж.ж. Павлодар облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, қалалық партия комитетінің насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі болып еңбек етті. 1954-1957 ж.ж. облыстық партия комитетінің аппаратында, кейіндеу Куйбышев (қазіргі Ақтоғай)  аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болды. 1960-1986 ж.ж. халық депутаттарының Павлодар облыстық  Кеңесінде атқарушы комитеттің хатшысы қызметін абыроймен атқарды. Халық депутаттарының облыстық Кеңесіне депутат болып сайланды. «Александр Невский», «І дәрежелі Отан соғысы», екі мәрте «Қызыл Жұлдыз», екі мәрте «Құрмет Белгісі» ордендерімен және басқа да мерейгерлік, қызметтік медальмен наградталды.

Оспанов Темірболат Ыдырысұлы 1919 жылы Лебяжі ауданы Тереңкөл ауылында дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысушы. 1946 жылы елге оралды. «Жауынгерік ерлігі үшін», «Ерлік үшін» медальдармен наградталды.

Оспанов Ілияс Оспанұлы 1923 жылы Лебяжі ауданы Қаракесек ауылында дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысушы. Майданға он сегіз жасында шақырылды. Соғысты 1945 жылы Чехословакияда аяқтады. 1952-1955 ж.ж. Семейдің Н.К.Крупская атындағы педагогикалық институтын қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша тәмамдады. Еңбек жолында қатардағы мұғалім де, мектеп директоры да болды. Үш жауынгерлік орденмен, мерейгерлік, қызметтік түрліше жиырма медальмен наградталды.

Омаров Рүстембек Бейсенұлы 1919 жылы Лебяжі ауданы Шарбақты ауылында дүниеге келді. Күйші-домбырашы, Қазақстанның халық әртісі (1976). Ұлы Отан соғысына қатысушы. 1937-1939 ж.ж. Ленинград (қазіргі Санкт-Петербор) қаласындағы музыкалық училищеде оқыды. 1951 жылы Алматы консерваториясын (қазіргі Қазақ Ұлттық консерваториясы) тәмамдады. Домбыра тартуды әкесінен үйренді. 1934 жылдан Қазақ халық аспаптар оркестрінде домбырашы, кейіннен домбыра тобының концертмейстері және жеке домбырашы қызметін атқарды. 1936 жылы Мәскеу қаласында өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысты. Оркестр құрамында КСРО-ның көптеген қаласында, шет елдерде болып, өнер көрсетті. Р.Омаров қазақ халқының күй мұрасын, әсіресе Құрманғазы күйлерін, оның орындаушылық дәстүрін жете меңгерді. Репертуарында Құрманғазының «Қайран шешем», «Машина», Тәттімбеттің «Саржайлау», Мәменнің «Сән-ау», Динаның «Тойбастары» т.б. күйлер бар.

Омаров Уайда 1907 жылы Лебяжі ауданы Тереңкөл ауылында дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысушы. 1941 жылы әскер қатарына шақырылды. Атты артиллерия құрамында соғыс қимылдарына қатысты. Украинаның Харьков қаласын қорғағандардың қатарында болды. Ауыр жарақат алып, 1943 жылы туған ауылына қайтып оралды. 1965 жылы депутат болып сайланды. «ІІ дәрежелі Отан соғысы» орденімен, «КСРО Маршалы Г.К.Жуков», «Еңбек ардагері» медальдарымен наградталды.

 Өмірзақов Әмин 1917 жылы Павлодар облысы Май ауданы Аршалы ауылында дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысушы. Еңбек жолын 1930 жылы Лебяжі ауданы Қарақала ауылында қатардағы жұмысшы болып бастады. 1941-1942 ж.ж., Кеңес Армиясы қатарына шақырылғанға дейін, Лебяжі ауданының мал бордақылау шаруашылығында есепші, аудан жинақ кассасының меңгерушісі қызметтерінде жұмыс істеді. 1942-1943 ж.ж. Кеңес Армиясы қатарына шақырылып, Сталинград майданындағы ауыр ұрыстарға қатысып, ауыр жарақат алуына байланысты елге оралды. 1944 жылы аудандық ұйымға хатшы қызметіне қабылданды. 1957-1963 ж.ж. Қарақала ауылына қарасты №23-жұмысшылар кооперативінде есепші-кассир қызметінде болды. «І дәрежелі Отан соғысы» орденімен және түрлі мерейгерлік, қызметтік медальдармен наградталды.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 1554 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: