10:04 Ұлы Даланың жауһары | |
Ж.АЙМАУЫТОВ / АҚБІЛЕК Қасқырға жем болып қала жаздап, арып-ашып, ажал тырнағынан әрең дегенде құтылып шығып, өліп-талып туған ауылына жеткен Ақбілекті бұрынғыдан да сорақы азап, мазақ, қорлық күтіп тұрған. Банды қолындағы зұлымдық зұлымдық па, нағыз тозақ енді басатлған, өрттей қаулаған өсек-аяң тірі адам бетіне қаратпай, жандырып-күйдіріп барады. Бұрын ғашық болған, сөз салып жүрген Бекболаттың өзі де тоят алған соң, сұмдық оқиғаның мәнісіне көзі жеткеннен кейін, түк көрмегендей болып, теріс айналып кете барады. Мамырбайдың төсек жаңғыртуы, Өрік тоқалдың қатігез мінездері, Ұрқия жеңгенің адамгершілігі, қарамұрт офицерден біткен жазықсыз сәби – Ескендірдің өмірге келуі – мұның бәрі сала-сала шынайы оқиғалар болып берілген. Алдымен есіркеп, мүсіркеу, аяу, артынан қорлық, мазақ, табалау атаулының тозақ отына өртенген Ақбілек бәрібір тірі қалады: заман ағысы, өмір толқыны бірте-бірте ескі жараны емдеп, тіршіліктің жаңа жапырақтары қылтиып-көгеріп өсе бастайды. Ағасы Төлегеннің соңынан іздеп барып оқуға түседі, Семей, Омбы қалаларын көреді, қырық шырақты әйел емеспе, келер күндерден үміт күтіп әрекет жасайды. Романда кейіпкер, оқиға көп емес, ықшамдылық, жинақылық, әсіресе драматизм принциптері ерекше ескерілген. Бір әрекетке қатысып, үзіліп қалатын кейіпкерлердің өзін жазушы даралап, есте қалатындай етіп сомдап соғып береді. Кескін, сөз мақамы, қимыл-қозғалыс – бәрі образ жасауға аса қажет көркемдік құралдар, персонаждардың өзін-өзі сипаттауы Жүсіпбек Аймауытов жиі қолданатын әдеби тәсілдердің бірі. Оқиық: «Мен таңқы мұрын, бадырақ көз, шұнақ құлақтау, жарқабақтау, кірпі шаш, қарыс маңдай, қара сұр жігітпін. Жасым отыз бесте. Әкем Тойбағар, өзім Мұқаш болғалы аузым асқа, ауым атқа жарыған емес». Кедейден шыққан осы Мұқаш тап тартысының мәнін, табиғатын анық түсініп болған кісі емес, қолынан келсін-келмесін мансапқа ұмтылады, біреуге өшіксе, аянбай жауласады, сорлы қыз Ақбілекті қасқырлардың аузына тастап жіберген себебі – Мамырбаймен ескі араздығы. Екінші бір қу мүйіз, пәлеқор – Жылтыр деген көксоққан, естіметйітн өсегі, білмейтін пәлесі жоқ. Кейін, ашаршылық, репрессия тұстарында осындай тас жүректер мыңдаған жазықсыз боздақтарды қан қақасатып, қынадай қыратын болады. Жазушы сорақы әлеуметтік құбылысты күн ілгері танып, нақты образдар арқылы таңбалап берген. Негізгі сюжет желісі Ақбілек тағдырын қуалап отырғанмен, автор ретті тұстарда уақыт сарынын таныту үшін әр түрлі ортаның өкілдерін көрсетіп кетеді. Ақбала, Балташ, Доға, Жорғабек, Төлеген – бұлардың бас қосқан кезі, сол тұстағымінез-құлық ерекшеліктері, Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы әлеуметтік ой ағымы, зиялылар ортасындағы сан-алуан дағды-салт – бұлардың баршасын жеріне жеткізбей шолу, көркем түрінде ат үсті бейнелегенмен, ықшам, дәлді суреттер, мағынасы терең монолог, диалогтар, көп көмбені ашатын кең толғаулар көп сырдан хабардар етеді. Романның алғашқы үш бөлімі тиянақты, шебер көмкерілген, үзіліп қалатын, аяғына жетпеген жағдаят сирек, негізінен, Ақбілек басындағы психологиялық күйлер шыншылдық қуатпен сенімді, дәлді беріледі де, төртінші, соңғы бөлімде публицистикалық, очерктік сипат бел алған. Ақбілек – Кәмила арасындағы ұзақ сыр, оқудағы жәйттер, зиялылар хикаясы, Балташ – Ақбілек арнасы – бәрі де жалпылама көрсетіледі. Стильдегі көтеріңкі леп, оқырманға тікелей тіл қату романның көркемдік қуатына салқынын тигізген. Жас ғұмырында ақ жүрегіне балта тиген Ақбілек сынды әйелдің Балташ қатарлас азамат, өмірлік жар тауып, азаптан туған перзенті – Ескендірін қайта сүйіп жазушы басқа өмірдің бір белгісі, мезгіл мінезінің сипаты деген көркем ой тастайды. әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |