11:28
Ұлы Даланың жауһары

Ж.АЙМАУЫТОВ / АҚБІЛЕК

Жүсіпбек Аймауытов қаламынан туған ең көлемді прозалық шығарма – «Ақбілек» романы былай басталады: «Өскеменнің аржағында, Бұқтырманың оң жағында әлемге аян Алтай бар. Сол Алтайдың күнгейінен құбыла жаққа құлай аққан, қлай ағып Ертіс түскен, күз күзеткен Күршім бар. Алтай, Күршім не заманнан қалың найман мекені. Сол Алтаймен, сол Күршімнің қысы қыспақ, жазы самал. Күн жылт етсе, төрт түлік мал қарағайлы қарт Алтайдың, алтай сынды анасының көкірегін аймаласып, тырандасып, мәйек басып, мамырласып жатқаны».

Қазақ әдебиетінде реалистік роман принциптерін алғаш меңгерген қаламгерлердің бірі – Жүсіпбек прозадағы ырғақ, стиль, композиция, көркемдік құралдарға ерекше көңіл бөлді, әсіресе халық тілінің сан алуан байлығын еркін қолдана отырып, Еуропа, орыс әдебиетіндегі бейне жасау, мінездерді даралау, сезім бұрқағын, ой толғауларды көрсету дәстүрлерін еркін пайдаланды. Жазушының талант мүмкіндіктері, әсіресе «Ақбілек» романында айқын көрінеді.

Қаламгер әлеуметтік тартыстар, тарихи оқиғалар, тап күрестерінің ерекше шиеленісіп тоғысқан, ел мойнына салмақ түсіп, жеке адамдар тағдырының ширыққан буынын дәл басады: бұрын айтылған, сарыжұртқа айналған тақырып емес, соны, мүлде тың, тіпті сирек оқиғаларды романға арқау еткен.

Оқырман бірден шытырман әрекеттер үстінен түседі: алыстағы Алтай таулары, ақ қашып, қызыл қуып, аласапыран күрестер жүріп жатқан Азамат соғысының сұрапылы қазақ ауылдарына да жеткен, өрт шалмаған шаңырақ жоқ. Марқакөл жағасында, Терең шатты мекендеген момын шаруа Мамырбай ауылын банда шауып, әйелін өлтіріп, бойжетіп, оң жақта отырған қызы Ақбілекті солдаттар алып қашып кетеді. Сұмдық осыдан кейін басталады. Бірауыз орысша тіл білмейтін соры қайнаған жас қыздың азап-қорлыққа толы, өлім мен өмір, өң мен түс арасында былғанышты, жиіркенішті күндері басталады. Бұрын етегін жел көтермеген, еркек бетіне тіктеп қарамаған ақ періште, енді табиғаттан алған асыл қазынасын рәсуа етіп, еріксізден еріксіз, ұяттан күйіп, ар-иманы өртеніп, қайдағы бір қашқын, банда, тіпті атын да білмейтін ақ әскерінің офицері – қара мұртқа ермек болады.

Қысталаң жағдай, шекаралық жағдаят, өлім мен өмірдің тайталасқан бір сәтіндегі адам психологиясына жазушы терең бойлап, жан-жақты күй шертеді. Он екіде бір гүлі ашылмаған бойжеткен қыздың шеккен қорлығы, тапталған сезімі, жер болған намысы, былғанған ары – осының бәрі реалистік дәлдікпен, бейнелі, суретті, сенімді көрсетіледі. Оқырман бауыры езіліп, жүрегі тілініп, Ақбілекпен бірге жылайды. Тұтқынға түскен сорлы қыздың не тілін, не дінін білмейтін, өмірінде бұрын көрмеген, жүріс-тұрысы, киім-киісі, тамақ ішісі бөлек, әдет-ғұрып, салт-санасы басқа – қара мұрт орыс офицеріне еріксіз қатын болу хикаясы айқын психологиялық саралаумен берілген.

Өмір тепкісіне қарсы тұрар күш жоқ, көп иттің мазағына айналмай, қарамұрт қармауында қалғанының өзінен жынданып кете жаздап, қорлық күйігінен өліп қалардай күйге жеткен Ақбілектің енді кіре бастаған ес-санасы бірте-бірте маңайында не болып, не қойып жатқанын аңғарып, әр нәрсені сезіп, ой түйе бастайды.

Осындай екі ұдай, естен танандай күйдегі Ақбілек санасы алдымен қарамұрт офицердің өзіне жасаған қорлығына ғана емес, мүсіркеуін, еркелетуін сезінді; мұның үстіне тау-таста ақпен ақ болып, қашып-пысып, елден-жұрттан безіп, түн қатып, бел шешпей ұйықтап, ылғи ат үстінде күн кешіп келе жатқан түсі суық, сыры белгісіз, мақсаты тұманды топтың да аужайын аңғарады.

Екінші жағынан жазушы қарамұрт офицердің өз аузымен өмір тарихын айтқызады, мұндай халге қалай түсті, ата-бабасы, шыққан тегі кім, Кеңес өкіметіне неге қарсы күреседі, қырдың енді қылтиып шыққан қызғалдағын жұлып алып, табанға н қиналмай ма, ар-ұяты қайда – мұндай ауалдардың баршасына психологиялық тұрғыдан нанымды жауаптар берілген. Екі халық өкілі, бәрі жазықсыз, оң жақта солқылдап отырған бойжеткен, екіншісі Кеңес өкіметіне қарсы қару көтеріп, атысып-шабысып, ақыры басқа айла қалмаған соң, Қытай асып бара жатқан офицер – бұларды бір көрпенің астында тоғыстырған қатал уақыт бұйрығы, зорлық, қиянат шоқпары; қарамұрт әрекеті әлі келгенше тіршіліктің жылы-жұмсақ, дәмді-тәттісінен бір қарпып қалу, сорлы қыз қасқыр тартқан құлындай боп зар еңіреп ол отыр.

Арттан қуып жеткен қызыл әскерлер дүмпуімен безе қашқан ақтар өз бастарын қайда тығарын білмей, жан-жаққа бытырай зытып жөнелген кезде, Ақбілек бандылардың ескі жұртында керексіз бір заттай болып қалып қояды. Бұдан кейін сорлы жанның қоршаған орта, тау-таспен зар еңіреп сыңсуы, балалық, асыл қасиеттерінен айрылғанын жоқтап, терең қайғы шыңырауына батуын зор шеберлікпен бейнелейді. (жалғасы бар)

 

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 322 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: