23:22
Ұлы Даланың рухани жауһары

Т.ӘБДІКОВ / ӨЛІАРА     

Тарихи-әлеуметтік өтпелі, өліара кезеңге тап болған ұрпақтың тағдыры қашанда оңай болмаған. Орныққан өмір ырғағынан қол үзіп, ұғым-түсінікті өзгертудің қиындығы өз алдына, жаңалықтың түпкі сыбағасын түсіне алмай ара-дара болған шошымалды ұрпақтың өмірінен қиын өмір бола қоймас-ау. Романда арқау болған әлеуметтік орта мен уақыт тынысы барша болмысымен санаңды билеп алып отырады. Содан да болар, оқырман көкейінде басты кейіпкер Бәйтен, Асқар, Қадиша, Нұрбек бейнелерінен гөрі Жарбөгет ауылының тіршілік-тынысы тереңірек із қалдыратындай. Ал жаңағы кейіпкерлер сол Жарбөгет ауылының бірі көзі, бірі құлағы, бірі құралы, бірі тағы да бір мүшесі секілді.

Автордың уақыт тынысына сырттан, алыстан көз салуындағы мақсатының нысанаға тиюі дегеніміз осы болса керек. Рас, бұған қарап жеке кейіпкерлер бейнесі сараланбаған деген ұғым тумайды. Бәлкім, кейіпкерлердің  мейлінше сәтімен көрініп, өмірге белсене араласуының арқасында ғана әлгі айтқан әлеуметтік ортаның тұлғасы танылған болар. Уақыттың ағымын ерте түсініп, сол түсінігі өмірінің қызығы мен қиынына айналған Бәйтен мен Оймауыт бейнесі, сол уақыттың аласапыранында адалдығына араша таба алмайтын Асқар мен Сейт, тағыда сол уақыттың талабын басқаша түсінетін Нұрбектер, өз бақытын уақыттың  сесі мен сұсына құрбан еткен Қадишалар, мәңгілік бір қалпында қалатын табиғаттың өзімен кіндіктес парасат иелері Қалаған мен Бикен сияқты бейнелер өздері ғұмыр кешкен ортаның, уақыттың ең типті тұлғалары десе лайық.

Мынандай диалогтарға жүгінбеске лаж жоқ. 

“Мыңғырған малдан бір үзім нанға қараған күнге түсу сорақылық  емей немене?” – бұл көзі ашық, оқыған бай баласы Сейттің сөзі.

“Меніңше адамдар мемлекет үшін жаралмайды, мемлекет адамдар үшін жасалған. Ал сен адамдардың сана-сезімін, әдет-ғұрпын, тарихын бір-ақ сызып, бірінші орынға мемлекеттік принциптерді қоясың”  – бұл Бәйтеннің сөзі.

“Шырағым-ау, сонда мені ақылым үшін елден аластатпақсың ба?” – деп пүшайман болады, жаны таза, парасаты мол Асқар. Сонда шалшықтай саяз, ұзын сойыл ұрдажық Назардың айтатыны: “Иә, ақылың үшін. Сен бәрі бір қарап жүре алмайсың, ол – сенің тағдырың. Сен менің айтқан сөзіме, істеген ісіме ішіңнен болса да күмән келтіріп отырасың. Сондықтан маған басы істейтін адамның керегі жоқ... Түсіндің бе? Сенің маған керегің жоқ...”.

Міне, осыдан кейін шағын ғана Жарбөгеттің өз тағдыры, өзіндік трагедиясы, бітіспес тартысы жоқ деп көріңіз. Осынау өмір мен өлім, зұлымдық пен мейірім, кісілік пен кісәпірлік, ескілік пен жаңалық шендескен өліара шақтағы шарпысуда да автор Ұлы өмірге ғашық көзбен қарай алады. Әсіресе, қандай ситуацияда да адам бойынан адамдық жасампаздықты талмай іздеп, өмірге ғашық ете жазатын қасиеті – роман авторының тегеурінді дарынына айғақ.

Қазақ әдебиетінде  әлеуметтік астары мейлінше салмақты небір өткір әжуа, ұшқыр әзілге толы желілердің бар екені белгілі. Бұл үрдіс Төлен Әбдіковтың романында да күлкілі ситуациялар, оптимистік әзілдер,  астарлы тапқырлықтар арқылы сәтімен жалғасын тапқан. Мұның өзі авторың адам жанын терең білетінін, өмірді шыншыл қалпында зерделей алғанын, соны көркем де оралымды тілмен түсіре алатынын аңғартады. Түптеп келгенде кейіпкерлерді өзінің түр-тұлғасы ғана емес, мінез-болмысымен көрсету керек дейтін талаптың жарқын үлгісі осы болса керек. Сайқымазақ Сағидолланың өзі бұрын-соңды әдебиетімізде кезікпеген қызғылықты тип сияқты есте қалады.

Осы орайда автордың көптеген әзілі құрғақ күлкі, жеңіл оспақ емес, үнемі әлеуметтік жүк арқалап жататынын бөле-жара айтуға болады. Уақыт болмысымен қойындасқан әзілдердің көбісіне күліп отырып жылағың келеді. Немесе, көзіңе жас үйіретін ситуация үстінде күліп жіберетін тұстар мол.

Сәтіштің үйін тексеруге  келгенде балалары үшін жасаған шұжықты дамбалының ішіне салып жіберетін жағдайға күліп отырып жылауға болады. Япырай, уақыт шіркін адамдарды қандай күйге түсірген, қалай қорлаған! Шынымен-ақ біз солардың ұрпағымыз ба! Шынымен-ақ сол аласапыран келмеске кетті ме!..

Міне, романдағы терең психологизмнің ой-санаңды алып қашар өрістері осындай.

Романның тілінде селкеу жоқ. Автор көкейдегісін алып та жығатын, шалып та жығатын тілдік қабілеті бар суреткер. Тағы бір айта кететін жай, автордың этнографиялық түсінігі мейлінше кәміл. Әсіресе ел өмірін, тіршілік-салтын, мінез болмысын жетік біледі. Аңғарғыш. Бұл қасиеті романға тамаша шырай бітіріп тұр.

Осы ретте автордың диалог құруға шеберлігін, диалог арқылы кейіпкердің мінез-бітімін айғақтаумен бірге, оқиғаның жүрдектігіне ықпал ете алатын қабілеті айырықша ден қойдырады.

Түйін сөз, Төлен Әбдіковтың “Өліара” романы ел өмірінің тарихи күрделі кезеңіндегі әлеуметтік-саяси, мәдени-рухан ахуалын суреткерлікпен зерделеп, көркем бедерлеген белесті шығарма дегенге саяды.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 74 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: