23:01
Ұлы Даланың рухани жауһары

Т.ӘБДІКОВ / ӨЛІАРА     

Т.Әбдіков шығармалары 1964 жылдан жариялана бастады. “Көкжиек” (1969), “Күзгі жапырақ” (1971), “Ақиқат” (1974), “Айтылмаған ақиқат” (1979) әңгіме-повестер жинақтарын жарыққа шығарды. 1985 жылы тарихи кезең шындығын арқау еткен “Өліара” романын жариялады. 

Биік таудың алыстан көрінетіні сияқты, тарихтың да белесті оқиғалары алыстаған сайын өзінің сыр-сипатын тереңірек ашып, айқындала түседі. Қазақтың “Уақыт-төреші” деген сөзі тарихи үрдістің объективті болмысын парықтауға бағытталған байламды ой.

Қазақ халқының тарихи тағдырында ХХ ғасырдың, соның ішінде социалистік жүйенің із-таңбасы ерекше болды. Ол ерекшелік – көрген қорлықпен, тартқан азаппен, жоғалтқан ұрпақпен өлшенбек емес. Керек десеңіз, жеткен жеңіс те, тапқан табыс та ол ерекшелікке өлшем бола алмайды. Түптеп келгенде, мұның бәрі де дүмпуі жойқын себептің салдарлары ғана еді. Себептің зоры – социалистік жүйе қазақ халқының тарихи-әлеуметтік, мәдени-рухани тағдырында өліара кезең болды. Қазақ даласында үш мың жыл бойы, бәлкім, одан да ұзақ уақыт аясында дәурен сүрген салт атты көшпелілер өркениеті Қазан төңкерісінен кейін тізгін тартты. Технократтық даму жеңді, табиғаттың өзіндей табиғи өмір салт жеңілді. Қазақ халқы өзінің төл стихиясынан, төл болмысынан мүлде бөлек бітімдегі даму жолын бастады. Тұтас ұлттың тарихи тағдырындағы мұндай түбірлі өзгеріс табиғи даму жолымен жүзеге асқан жоқ,  жедел түрде, зорлықпен сырттан таңылды. Тарихи аз аяда халық өткеннен кіндік үзе алмай, жаңаға бауыр баса алмай қоскіндік күй кешті. Ең ұлы сүргін (катаклизм) адамдардың жан-жүрегінде болды. Байырғы скиф мифіндегі өз құйрығын өзі жұтатын аждаха сияқты, адамдар өз жүрегімен өзі күресті. Мұндай құбылыс жалпы этникалық сипат алғанда, шын мәнінде, ұлы қасіретке айналмақ. Әлгі, социалистік жүйенің қазақ тағдырындағы ерекше ізтаңбасы болды деуіміздің бір қисыны осы.

Дарынды қаламгер Төлен Әбдіков өзінің “Өліара” романына тарихтың осындай өтпелі кезеңін арқау еткен. Автор Қазан төңкерісі әкелген мүлде жаңа қоғамдық құрылыстың, тосын өмір салттың, тіптен басқаша ойлап, тірлік құрудың қазақ даласында қалай жүзеге асқанын арқау романға өзекті еткен. Өліара кезеңдегі ел тағдырының қиындығы мен қызығына, үміті мен өксігіне ол бүгіннің көзімен қарайды. Ұлт болмысында елеулі із салған сол бір күрделі кезеңнің сыр-сипатына бүгінгі зердемен үңіледі. Автордың суреткерлік ұстанымы мына сөзінен айқын байқалады: “Қазір артта қалған уақыттың тұлғасы белгілі бір қалыпқа түсіп, қарасы айқындалып, жақсы, жаманы жетілген заманда “біз бәрін білеміз” деп есептейтін – біздер, адамдардың іс-әрекетіне сол тұстағы жағдайдың жасаған ықпалын көзге ілмей, тек қарақан басының пиғылынан деп қана ұғатын – мына біздер, өзіміздің өткенге деген үзілді-кесілді бағамызбен жиі қателесеміз. Үйткені мына дүниені ақ пен қара деп, екі-ақ түрлі бояуға бөліп, пышақ кесті шекарасын жасағанмен, осы екі бояудың екеуіне де жатқызуға болмайтын сан түрлі бояудың арасында біз әлгі өзіміз белгілеген шекараның дәл қай жерде екенін қолмен түртіп көрсетіп бере алмас едік. Бәлкім, ондай сызылған шекара жоқ та шығар, бәлкім ол шекара әлгі екі бояудың өңдері жоғалып, әрсізденіп келіп, бір-біріне оп-оңай айналып кете беретін дүбара тұсы шығар”.

Міне, автордың өткенді бажайлап танып, парықтап түсінудегі диалектикалық зердесі осындай. Рас, тарихтың сыр-қатпарын танудағы әдіснамалық естіліктің жөні бір басқа да, сол есті зердені өнер өзегіне айналдырып түсіру бір басқа. Автор бұл тұрғыда да суреткерлік шалымдылығымен ден қойдырады. Ол сыртқы дүлей күштің зорлықшыл ықпалын, қоғамдық-әлеуметтік өмірдегі аса күрделі сілкіністі көрсету барысында дүниені екіге бөліп тастап, мәңгі бітіспес екі қарсыласты шарпыстырып қоюға бармайды. Күрделі тарихи кезеңнің барша болмысын шыншылдықпен, көркемдік сараппен зерделеп, сол кезең туралы соны көркемдік таным концепциясын көлденең тартады. Соданда болу керек, романда қантөгіс күрес те жоқ, шытырман оқиға да жоқ, қиыннан қисатын  тартыс та жоқ. Оның есесісіне  күмәнсіз сендіретін, “осылай екен-ау!” дегізетін шыншыл өмір тұнып тұр. Сол өмірдің уақытына сай лебі жан-жүрегіңді, санаңды шарпып, жаңғырығы құлағыңа келгендей. Әрине, мұндай қасиет суреткердің тарихи танымы, суреткерлік қабілеті және өмірді білетіндігі мінсіз тоғысқанда ғана көрініс табатыны белгілі.

Бұл ретте  өткен өмір туралы автордың терең білім-білігі, одан туындайтын орнықты көзқарасы романның құрылымынан, оқиға өрбітуінен, адамдардың шынайы болмыс-тіршілігінен айқын аңғарылып отырады. Уақыттың ұлы дүмпу орамына түскен шағын ғана ауыл өмірі, сол ауылдың барша тіршілік-тынысы әсіре-қызылсыз, шыншыл қалпында көз алдыңнан өтіп жатады. Сол ауылдағы түбірлі әлеуметтік өзгерістің неге болып жатқанын, қалай жүзеге асып жатқанын автор түсіндіруден гөрі көрсетуге бейім. Көрсете отырып оқырманын ойлантады, “неге?!” деген сұрақты оқырманның өзі кейіпкерге айнала отырып іздейді.

Бұл ретте де ол жеке тағдырды, жалқы кейіпкерді қызықтап кетпейді. Ұдайы әлеуметтік ортаның панорамалық ахуалын жайып салып отырады. Бастаудағы салқын сабырлы ауыл өмірінің астарында талай тағдырды ішіне бүккен салқын сызды қоса сезінгендейсің. Өгіз арбасын айдап, мимырт тірлікті өмірлік сыбағасындай мойындаған жігіттің әзіл сияқты, келеңсіз кіжінісінің астарында уақытымен тәжікелесуі жатыр. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 68 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: