21:54
Ұлы Даланың рухани жауһары

Ғ.МҮСІРЕПОВ / ОЯНҒАН ӨЛКЕ        

“Оянған өлке” Ғ.Мүсіреповтің әңгіме, очерк, фельетон жанрлары, лирикалық “мен” формасында жазылған “Қазақ солдаты” сияқты іргелі романы, драматургия саласындағы құнарлы табыстарынан кейін қолға алынды. Өзіне дейінгі “Абай жолы” арқылы көрінген М.Әуезовтің ұлттық қара сөз өнеріндегі өзгеше сарабы, мүлде тың, жаңашыл көркемдік жетістіктері нысаналы сабақ, тамыры терең дәстүр сүрлеуін әкелумен бірге үзеңгілес серіктері үшін тарихи тақырып саласындағы ізденістерге жол көрсетсе де, қиялап келмесе, шыңына жеткізбес құбылыс еді. Тегінде Ғ.Мүсірепов М.Әуезовпен эпикалық ауқым, психологиялық тереңдік, соны композициялық құрылым, ешкімге ұқсамас тамаша юмористік дарыны арқылы заңды түрде үндесіп әрі оқшауланып жатса, “Оянған өлкеде” “Абай жолындағы” сахара  тұрмысының салтанатты сәніне қарама-қайшы алынғандай, сондағы кедей-жатақтар күн көрісін арнайы бөлектеп, ұйқыдағы далаға бейтаныс дүрбелең әкелген өндіріс қажеттілігімен, жұмысшы кәсібінің түйін салып, бой бекіту әрекеттерімен салалас суреттеу бар.

М.Әуезов романындағы үстем күш өкілдерінің итжығыс тартысы “Оянған өлкеде” Игілік би мен Жұман бай арасындағы бітімге келмес, терең ордай, қайтусыз қақтығыстарды бедерлеу жүлгелерінен шебер көрініс тапқан. “Абай жолында” бұл ыңғайдағы қоғамдық-тарихи коллизия шежірелік ретпен, буыннан буын алмаса, ұзақ кезеңдерге созыла, мираскерлік тұрғыларынан мол нанымдылықпен өрнектелсе, “Оянған өлкеде”  осы тартымдық типтік көрінісі Игілік-Жұман арасындағы кереғар күндестік, көзсіз бақталастық оқиғалары арқылы ықшам да сенімді баяндалады.

Ғ.Мүсірепов суреттейтін ресми-әкімшілік орындардан сәл шалғай жатқан Қарағанды өңіріндегі феодалдық тұрмыс-салт сипаттарын елестету үшін түпбейнелері болғанмен, басым түрде шығармашылық қиялға еркіндік беретін романда Алтай-Қарпықтағы бір-бірінен тайсалмас, ымыраға жоқ екі байдың аяусыз қырқысын алумен шектелу орынды қадам есепті. Жаңаға ұмтылудың бір нышаны предметтік-бейнелеу жүйесінен басқа, осындай оқиға, сюжеттік желілерді орайластыру жобасынан көрініс береді. Шығармада суреттелетін кезең – шырымы бұзылмаған дала ғұрпына тұнып тұрған, негізінен малшылық кәсіппен күнелткен дербестігі мол дәуір емес, қазақ даласында Нілді, Ақбұйрат, Жезқазған, Гүлшат, Балқаш, Қарағанды кендерінде орыс, ағылшын алпауыттары пайда шеңгелін сала бастаған суыт мезгіл. Феодализм дәстүрі мен алғашқы капитализм үрдістерінің бой тасалап келіп, ен жайыла түскен үнсіз арбасуы өріс алған шақта қаламгердің реалистік назары бай мен бай емес, бай мен кедей, жұмысшы мен өндіріс иелері арасындағы таусылмас қақтығыстарға ауған. Өркеуде, шешен, батыр, айлалы, қатігез Құнанбайлар дәуірі көне тартып, қулығы мен екіжүзділігі, жымысқылығы басым жорға Игіліктердің заманы төбе көрсеткен тұс. Күреңкөз қожа, Жұмабек төре, Боздақ би сияқты Игілік айналасындағы адамдар да өздерінің атақ, лауазымдарына сәйкес биіктен түсіп, даланың шөбі мен малын ақша, алтынға айналдыра бастайтын қалтасы қалың, есебі мықты бас бидің ығында жүріп, сөзін сөйлеуге, күйін күйттеуге ғана ойысқан. Баласы Ордабайды болыс қойдырған, кен ашушы Попов, Рязанов, Ушаков тәрізді орыс капиталистерімен тамыр басысқан, сол заманның материалды-техникалық әлеміндегі жаңалық атаулыға  құлағы түрік, ынташыл, қиырдан ойлайтын Игілік жанды да емес, туысы, Қарабайдың сараңдығын бойына асыра сіңірген, күйгелек әрі беймаза, іші тар, шолақ түйсікті, дүниеқор, іліп алар бір қасиеті жоқ Жұман байды алып та, шалып та жығып отырады. Ғ.Мүсірепов Игілік тұлғасын әр қырынан, көтере сипаттаусыз, нақты мінездік штрихтармен жан-жақты реалистік нақыштар арқылы суреттесе, “Алтай-Қарпыққа мәлім тапал адам”, “мұқыл тырнақты саусақтары келінің сабындай жұп-жуан”, “қылтанақ шығып көрмеген қасқа иегінен тағалы ат тайып жығылғандай”, “етегін көтерместей біржола түйілген қабақты” Жұманның портреттік сипаттамасынан бастап, жүріс-тұрыс, іс-қылығына дейін гротескілік сықаймен, ернеуі іркілмес мол юмор өрнектерімен бейнелейді. Жұманның прообразын фольклорлық дәстүрден іздесек, Қарабай тұлғасымен тамырластықты байқаймыз. “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” драмасының авторы өзі терең көркемдік жинақтаудан өткізген трагикаминалық кейіпкердің ұлттық өмірдегі этнопсихологиялық орнын дәл аңғарып, жаңа шығармасындағы жаңа мезгілдерге, жаңа жағдайларға қатысты ол бейненің тарихи-философиялық мәнін толық аша түсуді міндет санаса керек. Қырсығып, қарсыласына алдымен қыр көрсететін Жұман ылғи да ойсырай жеңіліп, жерге  отырып қалады. Ашулық, ызақорлығы мен ақылсыздығынан жапа шегетін Жұманның елден ерек қараулығын бедерлейтін нақты психологиялық детальдар жеткілікті.

“Оянған өлкеде” Ғ.Мүсірепов стилінің аналитикалық психологизмінен гөрі синтетикалық психологизмге оңтайлылығы шығарманың ауқымды идеялық мақсаты мен кең эпикалық құлашына сай. Қаламгердің дара қолтаңбасы да, ол кездегі қазақ прозасының негізгі дәстүрі де әлеуметтік-психологиялық талдау өнерінің орнын, оқиғалар мен құбылыстарды суреттеудің драмалық кернеуімен толтыруға арқа сүйейтін. Сюжет қоюлығы, қоғамдық-саяси тартыстар шымырлығы, баяндау құрылымындағы динамизм Ғ.Мүсірепов психологизмінің арнайы тілектен емес, шығармашылық қажеттіліктен туған, жарқылдағы жоқ, көп сырын ішіне бүккен, әсерлі, серпінді, лаконизмге бейім астарлы сипаттарын айғақтамақ.

Суреткердің бір ендікпен шектелмейтін, қарымы кең, сергек те зерделі назарын сан алуан фабулалық, сезім-күйлік шақтардан аңғару қиын емес. Мәселен, романда жағымды тұрғыдан, парасат, зиялылық сапаларымен әр тұста таныла түсетін талайы қиын Көпей бәйбішенің ессіз де болса, ері, күйгелек Жұманның қамы үшін сыйлас қайнысы, зымиян Игілікпен жасырын келісөз жүргізетін мезетінде шын ұнамдылық қырлары көрініс береріне күмән жоқ. Алайда жалшы Күңке бай құрбысынан түңілгендей күй кешеді. Кедей-кепшікке әшейінде қайырымды Көпей ең алдымен Жұман абыройы мен дәулетінің шашылмауын көздейтіндей. Жарлы Жақыбайдың жазықсыз сойылға ұрынуы (Жабай – Жылтыр Омар оқиғасы) әдеттегі құбылыс іспетті.

Әрине, басқаша ыңғайдағы мәні болғанымен, айдың сәулесіне айна шағылыстырып ойнағанына мәз, ақылы ауысқан Тілеуке, ет-миға сіңген дағды бойынша өлім халіндегі туған ұлы Жабайдың жанынан байдың түйесінің қамын артық ойлайтын, кездейсоқ жолыққан Тілеукемен бірге күн ұзақ “әңгіме шертіп”,  құмарынан шығатын, мәңгіге айналған Талтаяқ шал, Жабай қасіретіне қатысты эпизодтар В.Шекспирдің “Король Ли”, В.Гюгоның Квазимодасындағы кейбір концептуальдық сарынды еске түсіреді. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 64 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: